Жұмысшы мамандықтар жылы: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын.
(Суреттер: Mezgil.kz)
«Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал осының алдында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», - деген болатын Мемлекет басшысы.
Біз жуырда 3 мыңға жуық адам табан ақы, маңдай терін төгіп, адал еңбегінің арқасында отбасын асырап отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ кен орны мен Қазақстанда теңдесі жоқ арнайы кокс шығаратын «Шұбаркөл көмір» кокс-химиялық зауытына сапарлап бардық.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген мың үйді, миллиондаған адамды өзінің қара көмірімен жылытып, еліміздің ірілі-ұсақты өндірістерінің жұмысына жан бітіріп, тіршілігін келтіріп отырған «Шұбаркөлдің» көмірін білмейтін жан жоқ шығар. Биыл жұмыс жасай бастағанына 40 жыл толатын алып ұжым – бұл күндері алып отбасына айналған десек қаталеспейміз. Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге, ОА елдері мен ТМД елдеріне көмір мен көмір өнімдерін экспорттап отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ-да бұл күндері 3 мың адам еңбек етуде.
Ал 2024 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ базасында Қазақстандағы алғашқы болып ашылған арнайы кокс шығаратын зауыттың жылдық өнімділік қуаты 400 мың тоннаны құрайды екен. Бұл Қазақстан Үкіметінің «өндірісті әртараптандыру» туралы жоспарының үдесінен шығатын бірегей жоба.
«Шұбаркөл көмір» АҚ құрамына кіретін ERG компаниялар тобының құрамына кіреді. «Eurasian Resources Group» (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Шұбаркөлдегі» жаңа һәм баламасы жоқ зауыт пен ондағы өнімдер Президенттің «өндірістің барлық сатысын өз елімізде жүзеге асыру» туралы тапсырмасына сай келетінін айтады.
(Сурет: egemen.kz)
Шухрат Әділжанұлы Ибрагимов өзінің таяудағы «Егемен Қазақстан» гәзетіне берген сұхбатында: «Өндірісті жаңғырту – тек қуаттылықты кеңейту емес, терең өңдеу кезеңіне көшу. Кем дегенде шикізатымызды өзіміз өңдеп, қосылған құны бар өнім өндіргенге дейінгі аралықты құрайтын тұйық шеңбер құрмайынша тыным жоқ. Біздің жағдайымызда өндірістік үдерісті қамтудың айқын мысалы – былтыр іске қосқан арнайы кокс өндірісі жобасы. Компания қазір импортты алмастыру материалдарын үлкен көлемде тұтынып отыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына да, өзімнің және командамның алдына қойған менің міндетіме де сәйкес келеді. Қазір 400 мың тонна арнайы кокс өндіреміз, тиісінше шығын да азайды. 600 мың тоннаға жуық өндіретін екінші кезең іске қосылса онда импортқа тәуелділіктен біржола арыламыз. Мұндай импортты алмастыру жүйесі компания мүддесіне ғана емес, ұлттық экономика мен мемлекет мүддесіне де жауап береді», - дейді.
Осы ретте біз «Шұбаркөл көмір» АҚ жұмыскерлерінің пікірін оқырман талқысына ұсынбақпыз...
(Сурет: Mezgil.kz)
САБЫРЖАН ИМАНБАЕВ, КОКС-ХИМИЯЛЫҚ ЗАУЫТТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
– Біздің жаңа зауытымыз 2024 жылы салынған. Кокс-химиялық зауыттың жылдық өндірістік қуаты 400 мың тоннаны құрайды. Негізгі өніміміз – арнайы кокс. Ал арнайы кокс өндіру үшін қолданылатын шикізат – бұл «Шұбаркөл көмірдің» ұзынжалынды тас көмірі.
«Шұбаркөл көмірдің» арнайы коксы өзінің сипаттамасы бойынша жартылай кокстан, басқа кокс түрлерінен бәсі артық. Мысалы, жылдам реакциялық қабілеті жағынан артықшылыққа ие. Құрамында күкірт, мышяк, хром секілді зиянды заттардың аз болуы т.б. Бұл дегеніңіз біздің арнайы кокс электрлі пештерде ферроқорытпаларды өндіруге өте тиімді деген сөз.
Біздің кокс-химиялық зауыттың жобалық жұмыстары 2020 жылдың ортасында басталған. 2021 жылдың қыркүйегінде инвестициялық шешім қабылданып, Қытайдың инжинерлік-құрылыс компаниясымен келісімшартқа қол қойылды. Сөйтіп, зауыт құрылысы басталды. Үш жылға жетер-жетпес уақыт ішінде зауыт толықтай салынып бітті. Орталықта пандемия болғаны тағы бар, ал ол пандемия әсіресе, логистикалық жұмыстарға көп кедергісін тигізді ғой. Соның өзінде, үш жылға жетпейтін уақытта зауыт құрылысы толықтай аяқталды. Зауыт құрылысы сыртқы несие есебінен жүргізілді. Еуразиялық даму банкінен несие алынды.
Ал 2023 жылы зауыттың алғашқы пеші жағылды. 2024 жылдың қыркүйегінде әуелгі жоспарымыз бойынша, толық өнімдік қуаттылық көрсеткішіне жеттік.
Қазақстанда бізге дейін кішігірім зауыттар болған. Бірақ, біздің зауыт секілді ауқымды зауыт болған жоқ. Сол тұрғыдан арнайы кокс шығаратын жалғыз зауыт осы – «Шұбаркөл көмір» кокс-химиялық зауыты десек қателеспейміз.
Біздің негізгі өніміміз ол – арнайы кокс. Одан бөлек, біздің зауытта көмір шайыры шығарылады. Бұл көмір химиясы саласындағы ең көп сұранысқа ие өнім түрі. Біз көмір шайырын Ресейге экспорттаймыз. Бізге экспорттан сұраныс көп. Бірақ, біз қазір ERG тобының өз сұраныстарын қамтып отырмыз. Зауытты салудағы басты міндетіміз де осы болған – өз сұранысымызды толықтай қамтамасыз ету.
Біз 2006 жылы «Шұбаркөл көмірдің» базасында арнайы кокс шығаратын бірінші зауытты іске қосқанбыз. Оның жылдық қуаттылығы 200 мың тонна болған. Бұл екінші зауыт. Сонда жиынтығы біз жылына осы екі зауыттан 600 мың тонна өнім шығарып отырмыз. Осы 600 мың тоннаның 500 мың тоннасы ішкі сұраныстарымызды қамтыса, қалған 100 мыңы сыртқа беріледі. Қазір біздің зауытта 265 адам жұмыс жасайды. Зауыт жұмысы үзілісіссіз, қос ауысымда жүріп жатыр.
(Сурет: Mezgil.kz)
РИНАТ МҰХАМАДИЕВ, ОПЕРАТОР:
– Мен «Шұбаркөл көмір» АҚ жанындағы арнайы кокс өндіру зауытында аға оператор, бақылаушы болып жұмыс жасаймын. Жасым 25-те. Мұнда жұмыс жасап жатқаныма 3 жыл болды. Кокс-химиялық зауыттың жұмысын біз орталық пульттен бақылап отырамыз. Мұнда біз секілді жас мамандар көп. Зауыттың 50 пайызға жуығы жас мамандар. Теміртауда оқуымды аяқтаған соң, осы жерге қызметке тұрдым. Мұнда мен секілді жастарды тәжірбие алмасу үшін Қытайға, басқа елдерге жіберіп тұрады. Бізде жұмыс киімімізден бастап, жататын орнымыз бен ішетін тамағымызға дейін қамтылған.
Мен техникалық білімі бар өзге замандастарыма осында келіп жұмыс істеуге кеңес берер едім. Тұрақты жұмыс, тұрақты айлық, қосымша мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылған. Тек жұмыс істесең болды.
(Сурет: Mezgil.kz)
МӘУЛЕТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ТАУ-КЕН ӨНДІРІСІНДЕГІ ТАУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– «Шұбаркөл көмірде» жұмыс жасап жатқанымызға 15 жыл болды. Бізде көмірді ашу, қазу жұмыстары ашық карьерлерде жүргізіледі. Бізде экскаваторлардан 11 және 21 кубтық «HITACHI» маркалы техникалар бар. Самосвалдардың дені 185, 195 және 220 тонналықтар. Олар бізде көмірді ашуда қолданылады. Ал көмірді тасуға 60 және 90 тонналық самосвалдар қолданылады. Бізде күндізгі мен түнгі ауысымда қосқанда тек экскаваторларда 60-70 адам жұмыс жасайды. Ал жалпы «Шұбаркөл көмірде» бір вахтада 1,5 мың адам жұмыс жасайды.
Бізде жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Жұмысшылар 15 күн істеп, 15 күн демалады. Мұнда 25 жастан 63 жасқа дейін жұмысшылар бар. Тәртіп қатал. Бірінші орында қауіпсіздік техникасын сақтауға мән беріледі. Егер жұмысшы алкогольдік ішімдік ішіп жұмысқа келсе, бірден жұмыстан шығарылады. Ауысымға кірер алдында әр жұмысты медициналық тексеруден өткізіледі.
(Сурет: Mezgil.kz)
ҚАНАТ ҚАЖЫБЕКОВ, САМОСВАЛ ЖҮРГІЗУШІСІ:
– Мен осы Қарағандының тумасымын. «Шұбаркөл көмірде» 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Оған дейін жүк көлігін жүргізгенмін. Жұмысымыз өзіміге жақты. 10 жылдан аса осында қызмет етіп жатқанымыздың себебі де сол болуы керек.
Айлығымыз тұрақты. Мейрамдарда сыйақылар беріледі, санаторийлерге жіберіп тұрады. Жұмыс жеңіл емес қой. Шаң мен тозаңның ортасында жүреміз. Бізді күн сайын жұмысқа шығарда медициналық тексеруден өткізіп қана жібереді. Сақтық шараларына ерекше мән берілген. Көліктерге арнайы камералар орнатылған. Бетперде, каска киген-кимегенімізге дейін қатаң бақылауда.
Мен тізгіндеп жүрген «CAT» дейтін самосвал. Бұған 195 тоннаға дейін тиеледі. Бізде 220 тонна көтеретін БелАз-дар да бар. Мұнда Қазақстанның әр жерінен келіп, жұмыс жасайтын адамдар көп. Қарағанды, Астана, Көкшетау, Павлодардан, оңтүстіктегі Қызылорда, Жамбыл, Шымкент, Түркістаннан, солтүстіктегі Қостанайдан, Арқалықтан т.б. келіп жұмыс жасайтын адамдар бар.
(Сурет: Mezgil.kz)
ЖАҚСЫБЕК БАЗАРБАЕВ, ЭКСКАВАТОРШЫ:
– «Шұбаркөл көмірде» машинист-экскаваторшы болып жұмыс жасаймын. 2014 жылдан бері осы «Шұбаркөлдемін». Жұмысымыз ыңғайлы. Осы жұмыстың бізге бергені аз емес. Осы жұмыспен бала-шағамызды асырап отырмыз. Мұнда мен секілді 50 мен 60-тың арасындағылар ғана емес, артымыздан еріп келе жатқан жастар да аз емес. Соның ішінде осы экскаватор басқаратын жастар да жетерлік.
Мен «Шұбаркөлге» дейін «Қазмарганецте» істегенмін. Ол да осы ERG тобына кіреді. Ол жерде 2002 жылдан бастап жұмыс істедім. Жиынтығы ERG-да жүргеніме 23 жыл болыпты. Бұл жерде жұмысшыларға жұмысшы деп қана қарамайды. Әлеуметтік жәрдемдері көп. Мысалы, жыл сайын санаторийлерге емделуге жібереді. Тіс емдеуге деп бөлек қаражат беріледі. Балаларымызды көктемгі-жазғы лагерлерге тегін жібереді. Қыста жаңа жылға Алматы, Астанаға қыдыруға апарады. Біздің балаларымызды Президенттік шыршаларға да жібереді. Сондықтан, біз ғана емес, біздің отбасымыз да осы жұмысқа риза десек қателеспейміз.
(Сурет: Mezgil.kz)
ЖАНГЕЛДІ ОРАЛОВ, КӨМІР ТИЕУ БӨЛІМІНІҢ МАСТЕРІ:
– Біздің осы техникалық участок сортталған көмір тиеумен айналысады. Дайын тас көмірдің 50/300, 0/50 және 20/50 деген сорттары бар. Айына осы кешеннің өзінде 400 мың тонна көмір өндіріледі. Ал жалпы алғанда айына 800 мың тонна көмір өндіріледі. Біз сол өндірілген көмірлерді сорттап, вагондарға жүктейміз.
Сұрыптау кешенінде әр ауысымда 5 адамнан, слесарь, электрослесарьлар жұмыс жасайды. Қазақстанның түкпір-түкпіріне, шетелдерге экспортқа көмір дәл осы біздің бөлімнен жөнелтіледі. Жұмыстың көбі компютерленген. Бір 50/300 сортты көмірдің бір вагоны 10-13 минутта тиеледі. Карьерлерден көмір самосвалдармен жеткізіледі. Мұндағы бункеріміз 90 тоннаға шақталған. Одан бөлек, өзіміздің буферлік қоймамыз бар.
Бізге жеке көліктерімен келіп алып кететін азаматтар да аз емес. Қарағанды, Көкшетау, Павлодардан өз көліктерімен келіп, көмір алып кетеді. Олардың өзіне айына 40 мың тонна көмір тиеледі.
Мен «Шұбаркөл көмірге» 2015 жылы келгенмін. Содан бері осы жерде тұрақты істеп келемін. Алғаш келгенде сласарь едім. Қазір көмір тиеу бөлімінің мастеріне дейін өстім. Жұмысымыз тұрақты. Айлығымыз кешіктірілген жоқ. Жұмыстан бос уақытта спортпен айналысуға, жеке хоббимен шұғылдануға жағдай жасалған. Сол үшін де бізге келген адам осылай ұзақ уақытқа тұрақтап қалады.
(Сурет: Mezgil.kz)
НАТАЛЬЯ КУДАЙБЕРГЕНОВНА, АСХАНА БӨЛІМІНЕ ЖАУАПТЫ:
– Біздің жұмыстың графигі жұмысшылар үшін де, аспаздар үшін де ыңғайлы. Асханамыз таңғы сағат 6-да ашылады. Сағат 9-ға дейін екі вахтаның жұмысшыларын тамақтандырып үлгереміз. Бұл дегеніңіз түнгі вахтадан келгендер мен күндізгі вахтаға шығып бара жатқан жұмысшылар. Жалпы бізде жұмышыларға үш мезгіл тамақ уақытылы беріледі. Ас мәзірі де алуан түрлі. Сонымен қатар, экскаваторлар мен самосвалдардың жүргізушілеріне бізде екі бірдей көліктегі асханамыз бар. Олар сол карьерлерге тамақ апарады.
Біздің ас мәзірлеріміз мұқият тексеріліп, оның құндылығы, құнарлылығы мен құрамына дейін арнайы мамандармен бекітіледі. Компанияда арнайы технолог мамандар бар. Бұл маңызды. Өйткені, бұл кен орны. Жұмысшыларға дайындалатын ас та денсаулыққа неғұрлым пайдалы әрі құнарлы болуы маңызды. Біз сол талаптың үдесінен шығып отырмыз.
Біздің аспаздар күн сайын үш уақыт 1,5 мың адамға арнап ас даярлайды. Асхананың өзінде 27 адам жұмыс жасайды. Олардың 14-і аспаздар. Қалғандары техникалық қызметкерлер.
Мен осы «Шұбаркөлде» жұмыс жасап жатқаныма 9 жыл болды. Вахталық режимде жұмыс істеу, әрине әйел адам үшін оңай емес. Бірақ, үйренесің. Бұл жердің өз аурасы, өз қызықтары жетерлік. Ең бастысы – «Шұбаркөл көмірде» айлық тұрақты. Жұмысшыларға барлық жағдайлар жасалған. Осы уақытқа дейін біздің жұмысшылардың бірде-бір шағым айтылған жоқ. Осының өзі көрсеткіш болса керек...
(Сурет: Mezgil.kz)
ҒАЛЫМ МҰҢТАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
– Мен «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның спорт кешенінде жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын. Біз мұнда екі жаттықтырушымыз. Вахталық режиммен жұмыс жасаймыз (15 күннен). Өзім бокстан спорт шеберлігіне үміткермін. Спорт кешені биыл ашылды. Мұнда «Шұбаркөл көмір» АҚ жұмысшыларының спортпен шұғылдануы үшін керек-жарақтың барлығы бар. Футбол, баскетбол, волейбол, теннис алаңдары кәсіби спорт мектептерінен бір кем емес. Спорт кешені физикалық жаттығуға арналған тренажерлермен түгел жабдықталған. Біздің жұмысшыларға арналған арнайы графиктер бар. Мұнда күніне шамамен 100-ге тарта жұмысшы келіп жаттығу жасайды. Футбол, баскетбол мен волейболдан кесте бойынша күн сайын турнирлер ұйымдастырылады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Mezgil.kz