Трамп билікке келген сәтте, Панама каналын басқаруға қатысты мәселені көтерді. Президент Дональд Панама каналын АҚШ өз басқаруына алуы тиіс деп санайды. Ол «бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік, әділдік және мүдде тұрғысынан ақталар еді» деп мәлімдеді.
Трамп каналды АҚШ салғанын айтып, оның басқару құқығы да АҚШ-та болуы тиіс дейді. Панама каналын АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі 1904 жылы сала бастады. 1914 жылы каналдың құрылысы аяқталды. Алайда канал маңында сел жүріп, канал 6 жылға жабылды және түпкілікті негізде 1920 жылы ашылды. Каналдың құрылысына АҚШ жүздеген млн доллар жұмсады және құрылыс барысында 3 мыңнан астам адам көз жұмды. 1977 жылы президент Картер мен Панама басшысы Торрихос каналды Панама басқаруына беру туралы келісті. АҚШ каналды 1999 жылдың 31-желтоқсанына дейін басқарып, артынша Панама иелігіне өтті. Келісім бойынша АҚШ канал маңына әскери нысандар орналастыра алмады, алайда әскери кемелердің каналдан өтуіне рұқсат етілді. Ендігі таңда Трамп бұл шарттарды өзгерткісі келеді.
АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панамаға сапарлап барды. Ол ел президенті Хосе Рауль Мулиномен кездесу өткізіп, Панама каналын басқаруға қатысты жабық кездесу өткізді. Рубио Панама каналын басқару ісіне Қытайдың араласуы қауіпті екенін ескерткен. Алайда Панама билігі «каналды басқару ісі Бейжіңнің қолына өтті» деген айыпты жоққа шығарды. «Каналды толықтай Панама билігі басқарып отыр» дейді Хосе Рауль Мулино.
Трамп инаугурация қарсаңында Панама каналын басқаруға қатысты сөз сөйлеп, «Қытай компаниялары каналды иемденіп алды» деп мәлімдеді. АҚШ басшысы: «Каналды салған АҚШ, қаржыны шығарған АҚШ, каналды салу барысында көз жұмған мыңдаған адам да АҚШ азаматтары саналады. Неге оның қызығын бізге бәсекелес Қытай көруі тиіс?!» - деді.
Қазіргі уақытта каналдағы бірнеше порт Гонконгте тіркелген компаниялар иелігіне өткен. Солайша Қытайдың сауда кемелері портта тұрақтау сәтінде аз ақы төлейді, ал АҚШ кемелеріне салық жоғарылаған. Каналдағы кей порттар АҚШ-қа, Еуропа елдері мен Тайуанға қарайды. Дей-тұра толық басқару жүйесі Панама билігінің қолында.
Марко Рубиомен кездесу өткізген Панама президенті маңызды шешім қабылдағанын айтты. Президент Хосе Рауль Мулино былай дейді: «Мен маңызды шешім қабылдадым және оны сіздерге айтқым келеді. Менің үкіметім 2017 жылы қабылдаған «Бір белдеу-бір жол» жобасының меморандумын созбайды. Біз жобаны мерзімінен бұрын аяқтауды қарастырамыз».
Панама билігі каналды басқару бойынша АҚШ-пен келіссөздер өткізіп, пікір алмасуға дайын екенін жеткізді. Канал экономикалық тұрғыдан өте маңызды. Жыл сайын 15 мыңнан астам кеме 300 млн тоннадан астам жүкті канал арқылы жылдам тасымалдап келеді.
«Бір белдеу-бір жол» жобасы (қазір ол «Белдеу мен жол» жобасы деп өзгертілді) Қытай үкіметінің әлем елдері бойынша логистиканы дамыту жобасы саналады. Бұл экономикалық тұрғыдан Қытайға логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту үшін жасалды. Теміржолдар, көлік жолдары, каналдар мен порттарға инвестиция құю арқылы, Қытай әлемдік саудадағы үлесін арттыруды ойластыруда. Қазіргі таңда жоба аясындағы келісімдерге әлемнің 149 елі қатысуда.
Сарапшылар Дональд Трамптың билігі тұсында Латын Америкасы мен Канада және Мексикада Қытайдың ықпалы азаяды деп болжайды.
Mezgil.kz