Байден кетсе де, санкция кетпеді: АҚШ-тың соңғы санкциялары Ресейді әбігерге салуда

АҚШ билігінің Ресейдің мұнай және газа саласына салған соңғы санкциялары нәтиже бере бастады. Ресейдің мұнай өндірісі өзінің өніміне жеңілдікті арттыруда, алайда бұл федералды бюджетке кері әсерін тигізуде. Байден әкімшілігі биліктен кетер тұста Ресейге санкцияны күшейтіп, Мәскеудің көлеңкелі флотын қыспаққа алды. Бірден 183 мұнай тасымалдайтын танкер санкцияға ілікті және қара тізімге енгізілді.


Какой президент США нужен Путину

(Сурет svoboda.org сайтынан)

 

2025 жылдың ақпанында Ресей қазынасына мұнай және газ компанияларынан 771,3 млрд рубль салық түсті. Бұл 2024 жылғы ақпан айындағы көрсеткіштен 18%-ға аз деген сөз. Ресей қазынасына мұнай және газ саласынан түсетін қаржы 2024-тің ақпанымен салыстырғанда 156 млрд рубльге аз болған.

 

Ресей бюджетіндегі үш рубльдің екеуі мұнай және газ саласынан түседі. Мәскеу үшін мұнай бағасының құлдырауы да, мұнайды тасымалдаудың қиындауы да бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселеге айналды. Bloomberg басылымының жазуынша Urals сұрыпты мұнайдың құны Новороссийск және Приморск порттарында барреліне 58 долларға тең болған. Ал Ресей бюджеті бұл сұрыптың құны 69,7 доллар болады деп есептеген еді.

 

Мұнай бағасының құлдырауы мен мұнай тасымалдаудың қиындауына байланысты Ресей билігі жыл соңында ЖІӨ-нің кемі 1%-ын жоғалтуы мүмкін. Яғни бюджеттік дефицит 2 трлн рубльге дейін өсуі ықтимал деген сөз.

 

Өткен жылы Ресей қаржы министрлігінің мәліметінше, Ресей қазынасы мұнай-газ компанияларынан 11,13 триллион рубль салық жинаған. 2023 жылмен салыстырғанда олардың көлемі 26%-ға өсті, бірақ жоспарға жетпей қалды. Бастапқыда бюджетке 11,5 трлн салық түседі деп жоспарланған еді. Билік 2025 жылға арналған бюджетке мұнай мен газдан 10,94 триллион рубль кіріс болады деп жоспарлап отыр. Алайда қазіргі жағдай бұл жоспардың іске асуын қиындатуда.

 

Байден биліктен кетер сәтінде енгізген санкциялардың әсері енді байқала бастады дейді мамандар. Ресей билігіне ақпан айының 28-не дейін танкердегі мұнайының бір бөлігін сатуға рұқсат етілген болатын. Бұл танкерлер сатылмаған мұнайды мұхитқа төгуі мүмкін деген қауіпке байланысты қабылданған шешім еді. Алайда ендігі таңда рұқсат ету мерзімі аяқталды. Ресейдің көлеңкелі флоты арқылы мұнай сатып алып отырған мемлекеттер Ресеймен жаңа келісімдерді жасасудан бас тартуда. Себебі мұнай сатып алушы тарап, ресейлік танкерді кіргізген порттар мен ресейлік мұнайды өңдеген зауыттарға жанама санкция салынуы ықтимал.

 

Германиядағы Халықаралық қауіпсіздік мәселесін зерттеу институтының сарапшысы Янис Клюгенің ойынша Ресей бұл шектеулерден кейін 20 млрд доллар шығынға ұшырауы ықтимал. Клюге Байденнің ең соңғы санкциялары Ресейге салынған ең қуатты санкциялар екенін атап өтті.

 

Сарапшылар Ресей тарапы аталған санкцияларды алып тастау үшін АҚШ-пен келіссөз жүргізуге ниетті екенін айтуда. АҚШ БАҚ-тары Ресейге салынған бірқатар санкцияны Вашингтонның жеңілдетуі мүмкін екенін айтса да, ресми Ақ үй қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар