АҚШ билігі Украинаға барлау қызметінің ақпаратын беруді тоқтатты. Бұл Украина әскері үшін ұрыс даласында маневр жасауды қиындатады. Киев 24/7 режимінде барлау ақпараты болмаса, Ресей әскерінің жылжуын бақылау қиынға соғатынын айтуда. Осыған дейін 3 жыл бойы АҚШ барлау қызметінің ақпаратымен Украинаны қамтамасыз етіп келген еді.
Сарапшылар АҚШ әскерінің барлау ақпаратын беруді тоқтатуы Украинаның әуе қорғаныс жүйесіне және шабуыл жасау потенциалына кері әсері тиетінін айтты. Вашингтон Ресейдің зымыран шабуылынан қорғануға мүмкіндік беретін «ерте ескерту жүйесін» де өшіріп тастады. Салдарынан Украина Ресейден ұшып шыққан зымырандар мен дрондарды бірден аңғара алмайтын болды.
АҚШ тарапы Starlink байланыс терминалдарын өшіріп тастауы ықтимал. Бұл туралы АҚШ БАҚ-тары жазуда. Қазіргі сәтте Starlink терминалдары Украина әскеріндегі баста байланыс құралының бірі саналады және әскери операцияны жүргізу, дрондарды басқару осы жүйеге негізделген.
Reuters ақпараттық порталы Starlink жүйесі өшірілетін болса, оның орнын еуропалық Eutelsat компаниясының өнімі басуы мүмкін екенін айтты. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің арасындағы сөзқағытпадан кейін, еуропалық Eutelsat компаниясының акциялары 4 есеге өскен. Eutelsat компаниясы Украинада мемлекеттік және әскери құрылымдарда тығыз байланыс орната бастағанын айтуда.
Starlink-тің 7 мыңнан астам кіші спутниктері жер орбитасына жақын қашықтықта ұшып, әлем бойынша 24/7 режимінде жылдам жиілікте ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
Ал Eutelsat компаниясы жер орбитасына жақын ұшатын LEO спутниктер шоғырын басқарады. Компания OneWeb компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуде. Сарапшылар Eutelsat компаниясы бар болғаны 630 спутникке ие екеніне қарамастан, оның мүмкіндігі көп екенін айтуда. Өйткені компания жер орбитасынан алыс қашықтықта орналасқан 35 спутникті де басқарады. Бұл ақпарат алмасу мен жерді бақылауды тиімді етеді.
Starlink кең жолақты байланыс жүйесі секундына 200 мегабит жылдамдыққа ие, ал Eutelsat 150 мегабитпен жұмыс істейді. OneWeb терминалдары 10 мың доллардан басталады және ай сайынғы төлем тағы бар. Ал Starlink ай сайын 100-500 доллар арасында төлем алады. Қазіргі сәтте Франция мен Ұлыбритания Eutelsat компаниясының 24,8 % акциясына иелік етуде. Яғни, алдағы уақытта Лондон мен Париж ай сайынғы төлемді өз мойнына алып, Украинаны Eutelsat компаниясымен бірлесе жұмыс істеуіне ықпалдастық жасауы ықтимал.
Люксембургке тиесілі SES компаниясы НАТО-ның бірқатар еліне O3b mPOWER спутниктер шоғырының қызметін ұсынып келеді. Люксембург Киевпен де бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтуда.
Сарапшылар Starlink терминалдарының өшірілуі Ресейге де кері әсері боларын айтуда. Себебі Ресей әскері қара нарықтан Starlink терминалдарын сатып алып, майдан шебінде қолданған сәттер аз емес. Сәйкесінше тек қана Украина емес, сонымен бірге Ресейдің де әскері зиян шегетін болады дейді мамандар.
Mezgil.kz