АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы қақтығысты реттеудің бірнеше нұсқасын қарастыруда. Трамп әкімшілігі ақпан айында Газа тұрғындарын араб елдеріне орналастыру идеясын айтқан болатын. Вашингтонның пікірінше Газа аймағы халықтың өмір сүруіне жарамсыз аймақ саналады.
Араб елдері Трамптың газалықтарды өзге елге орналастыру ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Олар палестиндіктерді қабылдамайтынын айтты және «Газа халқы Газада қалуы тиіс» деген позицияны ұстануда. Мысыр билігі Газаны қалпына келтіру бойынша өз жоспарын әзірлеп, араб елдеріне таныстырды. Жоспар бойынша Газаны қалпына келтіру қоры құрылып, қорға донор елдер 53 млрд доллар қаржы аударуы тиіс. Газаның бір бөлігін үйінді мен қирандыдан, жарылғыш заттан тазартып, халықты сол аймаққа көшіріп, Газаның қалған бөлігін тазарту және қалпына келтіру жұмыстары іске асуы қажет. Жоспар бойынша Газа халқы Газаны қалпына келтіру сәтінде өз аумағында қалуы тиіс және аймақты қалпына келтіру жұмыстарына белсенді түрде қатысуы міндетті. Бұл жоспарды Еуропаның бірқатар елдері де қолдады. Алайда аталмыш жоспарға Израиль билігі қарсылық танытып, «Газадағы қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шешпей тұрып қандай да бір жоспарды іске асыру мүмкін емес» деп санайды.
Associated Press басылымы АҚШ пен Израильдің билік өкілдері Африкадағы үш мемлекетпен бейресми келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Негізгі талқы тақырып Газадағы халықты қоныстандыру болып отыр.
Судан, Сомали және мойындалмаған Сомалиленд аймағымен АҚШ билігінің өкілдері келіссөздер жүргізген. Судан билігі АҚШ-тың ұсынысын кері қайтарғанын айтса, Сомали мен Сомалиленд өкілдері АҚШ және Израиль билігімен Газа мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілмегенін айтуда. Алайда есімін құпия сақтауды жөн көрген АҚШ пен Израильдің билік өкілдері Африка елдерімен шын мәнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.
«Трамп билігі Африкадағы үш елге экономикалық, саяси қолдау білдіру ұсынысын айтқан. Қарымтасына Газа халқын қоныстандыру идеясын жүзеге асырғысы келеді», - дейді АР басылымы.
Сарапшылар бұл идеяның жүзеге асырылуына күмәнмен қарайды. Дей-тұра Трамп әкімшілігінің бұл мәселеде табандылық танытуы әбден мүмкін деген пікірде.
Mezgil.kz