КСРО-дан қалған территориялық даулар – пост-кеңестік елдер үшін жарылмаған бомба болып келгені даусыз. Бірақ, бұл «бомбалар» түптің-түбі жарылатыны белгілі еді. Және солай болды да. Оның жарқын екі мысалының бірі – Армения мен Әзербайжан арасындағы Қарабақ дауы болса, екіншісі – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара бөліс дауы.
ҚЫРҒЫЗ БЕН ТӘЖІК КЕЛІСТІ. ШЕКАРА ДАУЫ ШЕШІЛДІ МЕ?
Әуелі Қырғыз бен Тәжік арасындағы әңгімеден бастайық: Наурыздың бел ортасында Бішкекке Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұшып барды.
Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара бөліс құжатына қол қойып, екіарадағы кеден бекеттерін ашты. Бұл құжат бойынша тараптар шекаралық аудандардағы кейбір территорияларды өзара алмасты. Осыдан соң Бішкек-Душанбе, Бішкек-Жоданд арасында ұшақтар қайта қатынайтын болды.
Бұл шын мәнінде тарихи келісім болды. Өйткені, шекара дауы – қырғыз бен тәжік арасындағы атыс-шабыс, астаң-кестеңнің басты себебі болып келген.
Факт: Қырғызстан мен Тәжікстанның 984 шақырым ортақ шекарасы бар. Осыған дейін осы ортақ шекараның тең жарымы демаркацияланбай келген. Шекараның 30 пайызға жуығына қос тарап та таласып келген. Бұның салдары қос тарапқа да тиді. Шекаралық аудандардың халқы, ауыс су, егін су, мал жайылымы секілді мәселелерде күрделі қиындықтарға тап келді.
(Сурет: АКИpress)
ДАУЛЫ АНКЛАВТАР: ҚЫРҒЫЗ БЕН ТӘЖІӘК КСРО КЕЗІНЕН БЕРІ СОҒЫСЫП КЕЛДІ...
Қырғыздың Баткен дейтін облысы бар. Бір жағы Тәжікстанға, екінші жағы Өзбекстанға тиіп жатыр. Қайсыбір деректерге көз жүгіртсек, осы алақандай ғана облыстың өзінде 7 анклав болған. Қырғызстанның шекаралық қақтығыстарының барлығы дерлік осы анклавтар аумағында өтті.
Қарулы қақтығыстар мен даулы жанжалдар кейінгі жылдағы ғана емес, сонау Совет билігі тұсында болып жататын. Мысалы, 1974, 1982 және 1989 жылдары Баткендегі Ворух анклавында қырғыз-тәжік қақтығыстары болған.
Советтен қалған бұл дау тәуелсіздік жылдарында да жалғасты. 2021 жыл және 2022 жылы Қырғызстан мен Тәжікстан «соғысты». Қос тараптан да адам шығыны болды (шамамен 100-ге жуықтайды). Ондаған адам ауыр жараланды. әуеге истребительдер мен соққылаушы дрондар көтеріліп, жерде танктер бастаған ауыр артиллерия іске қосылды.
Осыдан соң Жапаров пен Рахмон еларалық жиындарда бір-бірінің қолдарын алмай, демонстративті түрде қарсылықтарын білдірген. Арада үш жыл өткенде Қырғызстан мен Тәжікстан осы даудың гүктесін қойып, Жапаров пен Рахмон құшақ айқастырды.
Соңғы бірнешге жыл бойы Қырғызстан мен Тәжікстан шекара бөлу бойынша мемлекетаралық келіссөздерді қарқынды жүргізіп келді. Советтік биліктен қалған даудың түйінін шешу үшін тараптар бір-бірімен жер алмасуға дейін барды.
Келіссөздерді Қырғызстан тарабынан ҚР ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев жүргізсе, Тәжікстан тарабынан ТЖ ҰҚК басшысы Саймуддин Ятимов жүргізді.
Тәжікстан тарабы шекара бөліс мәселесінде 1920 жылдарғы сталиндік картаны алға тартқан. Ал Қырғызстан тарабы бұған үзілді-кесілді қарсы болған. Ақырында, Қырғызстан «Достық» ауылын Тәжікстанға беруге келіскен. Бұдан бөлек тараптан бірнеше маңызды стратегиялық позициялар бойынша ортақ шешімге келген.
Осылайша, Қырғыз бен Тәжік шекара мәселесін шешуде финалдық межеге жақындап қалғанын көрсетті.
(Сурет: wikipedia.org)
АРМЕНИЯ МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН БЕЙБІТ КЕЛІСІМ ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ
КСРО-дан қалған тағы бір «жер дауы» деп аталатын «жарылмаған бомба» - Ереван мен Баку арасындағы Қарабақ дауы еді. Біз Қарабьақтың тағдырын шешкен 44 күндік соғыс пен Қарабақтың толықтай әскери жолмен Әзербайжанға қайтарылуы туралы Mezgil.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.
Жуырда Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі сүйінші мәлімдеме жасады. «Әзербайжан мен Армения «бейбіт келісім жобасы» бойынша келіссөздерді аяқтады», - деді.
Ведомство мәлімдемесінде: Келісімге қол қоюдың негізгі шарты – Арменияның Конституциясына Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты шағымдарды болғызбайтын түзетулер енгізу болып табылатыны атап көрсетілген. Яғни, Армения өз Конституциясына өзгерту енгізіп, Қарабақты толықтай Әзербайжан жері деп мойындайды.
Сонымен қатар, Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі де ЕҚЫҰ-ның Минск тобын және оған қатысты құрылымдарды ресми түрде тарату қажеттігін айтты. Ресми мәлімдеме қорытындысында, қос тарап екіжақты диалогты жалғастыруға және екі ел арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге бірлесіп жұмыс жасайтыны айтылды. Бұл ақпаратты Армения Сыртқы істер министрлігі де растады!
Аталған ақпаратқа қатысты әлем елдері оң пікірлерін білдіруде. Солардың бірсыпырасы:
АҚШ Мемлекеттік хатшылығы: «Вашингтон Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісім жобасын талқылауды аяқтап, тарихи келісімге қол қоюға жасап жатқан қадамына жоғары баға береді. Бұл қос тарапқа да қақтығыс пен соғыс парақшасын жауып, алға қарай жылжуына мүмкіндік береді. Бұл президент Трамптың бейбітшілікке қатысты көзқарасына сай шешім. Қазір ең бастысы – бейбітшілік үшін жауапкершілікті алып, келісімге қол қойып, оны ратификациялау», - деді.
Франция президенті Макрон: «Ереван мен Бакудің бейбіт келіссөздер бойынша талқылауларды аяқтап, ортақ келісімге келгеніне қуаныштымын. Енді бейбіт келісімге қол қоюға ешқандай кедергі жоқ. Бұл Оңтүстік Қапқазда мықты әрі тұрақты бейбітшілікке жол ашатын қадам», - деді.
Германия СІМ-і: «Армения мен Әзербайжанның бұл жаңалығы үміт сыйлайды. Тараптар бейбіт келісімге қол қоюға даяр екендіктерін білдірді. Бұл өте жақсы жаңалық», - деді.
Бұндай мәлімдемелер көп. Әлемдік саяси институттар мен өркениетті елдердің барлығы дерлік Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісімін қолдап-ақ жатыр.
ҚАРАБАҚ ДАУЫ: ҚАЗАҚСТАН ФАКТОРЫ
Қазақстан Қарабақ дауын шешуде шешуші рөлдердің бірін атқарғаны жасырын емес. Ереван мен Бакудің бұл мәлімдемесіне қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми пікір білдірліді.
«Бұл тарихи құжатқа қол қою – Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Қапқаз аймағы үшін тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өркендеуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ.
Қазақстан Республикасы ұзақ және тұрақты бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы сындарлы диалогты жалғастыру жөніндегі күш-жігерді табанды түрде қолдайтынын растайды», - деді.
Естеріңізге сала кетейік: 2024 жылдың сәуірінде Армения мен Әзербайжан арасында шекараны делимитациялау рәсімі басталған. Ол кезде шекара маңында орналасқан төрт әзербайжан ауылын қайтару туралы талқы болған.
Қазақстан президенті Тоқаев тараптардың бейбіт келіссөз жүргізуі үшін Қазақстан алаң ұсынатынын айтқан. Осыдан соң, Алматыда Армения мен Әзербайжанның Сыртқы істер министрлері бастаған делегациялар келіссөз жүргізді. Және дәл осы келіссөздер кезінде шекараны делимитациялау бойынша тараптар өзара ортақ шешімге келді.
Түйін: Осылайша КСРО-дан қалған шешілмеген шекара даулары тәуелсіздік жылдары бірте-бірте шешіліп келеді. Ал бұл дауларды кейінгі Ресей өз мүддесіне пайдаланып келгені жасырын емес. Белгілі бір деңгейде бұл даулар Ресейдің ықпал етуші құралына айналған еді...
Mezgil.kz