АҚШ келіссөзшілері Саудияда кезек-кезек, Украина және Ресей делегацияларымен келіссөз өткізді. АҚШ пен Ресей делегацияларының келіссөзі 12 сағатқа созылғаны айтылады. Ал АҚШ пен Украина Саудияда екі кезек келіссөз өткізді.
(Сурет: polit.com)
АҚШ ПЕН РЕСЕЙ САУДИЯДА НЕ КЕЛІСТІ?
Ақ үйдің мәлімдемесінен:
– АҚШ пен Ресей Қара теңізде кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша келісті. Қара теңізде оқ ату мен күш қолдануды тоқтатуға және коммерциялық кемелерді әскери мақсата пайдалануға жол бермеуге келісті.
– АҚШ Ресейдің ауыл шаруашылығы және тыңайтқыштар экспортының жаһандық нарыққа қайта шығуына, теңіздегі сақтандыру шығындарын азайтуға, сондай-ақ порттар мен осындай транзакциялар үшін төлем жүйелеріне қолжетімділікті қалпына келтіруге көмектеседі.
– АҚШ пен Ресей президент Трамп пен президент Путин арасындағы Ресей мен Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуыл жасауға тыйым салу туралы келісімді жүзеге асыру шараларын әзірлеуге келісті.
– АҚШ пен Ресей энергетика және теңіз келісімдерін жүзеге асыруға қолдау көрсету үшін үшінші елдердің игі кеңестерін құптайды.
– АҚШ пен Ресей тұрақты бейбітшілік жолындағы жұмысты жалғастырады.
– АҚШ екі тарапқа президент Дональд Трамптың Ресей-Украина қақтығысын дереу тоқтатып, екі жақтан да жалғасып жатқан сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың өлімін тоқтату, тұрақты бейбітшілік орнатуға тырысу ниетін көрсетті. Сол үшін де президент Трамп екі жақтың келіссөзшілеріне де соғысты тоқтату жолындағы қадамдарына көмек көрсетуден бас тартпайды.
АҚШ ПЕН УКРАИНА САУДИЯДА НЕ КЕЛІСТІ?
Ақ үй мәлімдемесінен:
– АҚШ пен Украина кемелердің қауіпсіздігі бойынша келісімге келді. Қара теңізде оқ атуды, күш қолдануды доғаруға және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдалануға жол бермеуге келісті.
– АҚШ пен Украина АҚШ тұтқындар алмасуды, азаматтық тұтқындарды босатуды және күштеп қоныс аударған украиндық балаларды қайтаруды жеңілдету міндеттемесін сақтайды деп келісті.
– АҚШ пен Украина президент Трамп пен президент Зеленский арасындағы Ресей мен Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуыл жасауға тыйым салу туралы келісімді жүзеге асыру шараларын әзірлеуге келісті.
– Америка Құрама Штаттары мен Украина энергетика және теңіз келісімдерін жүзеге асыруға қолдау көрсету үшін үшінші елдердің кеңестерін құптайды.
– Америка Құрама Штаттары мен Украина берік және тұрақты бейбітшілік жолындағы жұмысты жалғастырады.
– АҚШ екі тарапқа президент Дональд Трамптың Ресей-Украина қақтығысын дереу тоқтатып, екі жақтан да жалғасып жатқан сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың өлімін тоқтату, тұрақты бейбітшілік орнатуға тырысу ниетін көрсетті. Сол үшін де президент Трамп екі жақтың келіссөзшілеріне де соғысты тоқтату жолындағы қадамдарына көмек көрсетуден бас тартпайды.
РЕСЕЙ ДНЕПР МЕН СУМСКІГЕ ШАБУЫЛДАУЫ МҮМКІН...
Әуелі АҚШ пен Ресей келіссөздері туралы жазайық: Ақпарат құралдары Ресей тарабының аталған келіссөзде қойған бір талабын жазыпты.
«The Moscow Times» басылымы Кремль төңірегіндегі аты-жөні аталмайтын шендінің пікіріне сүйеніп: «Сауд Арабиясындағы келіссөздер кезінде Ресей Украинаның Донецкі, Луганскі, Запорож бен Херсон облыстарының территорияларын толық сұрап отыр», - деп жазады.
«Бұл аумақтар Ресей Конституциясына енген. Ал Ресей Конституциясында өңірлердің Ресей құрамынан шығуы үшін қандай да бір механизм қарастырылмаған. Бізге бұл төрт облыс түгел керек», - дейді әлгі жасырын шенеунік.
Ресейлік шенділердің пікірінше, Вашингтон аталған аумақтардан өз әскерін толық алып шығуды талап етіп, Киевке қысым жасауы да мүмкін.
«Трамп Киевке қысымды арттырып, Украинаны осы талапқа көндіреді. Не болмаса, бізге: «Ұзақ мерзімдік келіссөздерді бастап кетіп, параллелді түрде әскери жолмен төрт облыстың шекарасына шығыңдар», - деуі мүмкін. Егер солай десе, бұл біз үшін қиын болмақ. Себебі, өзеннен өту біз үшін әрқашан ауыр операция болып келді», - дейді ресейлік шенеунік.
«The Moscow Times» басылымына пікір білдірген әлгі ресейлік шенді: «Егер Украина бұл талапқа көнбесе, Ресей балама ретінде Украинаның өзге облыстарын, соның ішінде Днепропетровскі және Сумскі облыстарына шабуыл бастауы мүмкін. Бұл облыстар Ресейге керек емес. Оны Кремль кейін Запорож бен Херсонға айырбастауы мүмкін», - дейді.
Израильдің әскери срапашысы Давид Шарп: «Ресей енді Украина облыстарын оңай жаулап ала алмайды. Ресей үшін қазір 2 ауылды алса, соның өзі үлкен жетістік болып отыр. Ал Днепрді кешіп өтіп, Херсонды алу немесе қос жағалауда орналасқан Запорожды алу үшін тылсым бір жағдайлар көмектеспесе, қиынның қиыны! Ол үшін не Ресей армиясы күрт күшейтілуі немесе Украина қорғанысы толық талқандалуы тиіс. Өйтпесе, Ресей Украина облыстарын әскери жолмен ала алмайды», - дейді.
THE NEW YORK TIMES: РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕРИ МАҚСАТЫ ТҮК ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ!
«The New York Times» басылымы: «Путин үшін Трамппен келіссөз жүргізу – өз мүддесіне қол жеткізудің бір амалы ғана. Мәскеу үшін Вашингтонмен келісімге келу экономикалық және геосаяси тұрғыдан тиімді. Бірақ, Ресей соғысты аяқтауға мүдделі емес. Ол соғыс бастаған алғашқы күндегі әскери мақсатынан айныған жоқ», - деп жазады.
АҚШ-УКРАИНА КЕЛІССӨЗДЕРІ: ЖЕР ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСУДЕ
Енді АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер Ресей делегациясымен келіссөзден бұрын басталған. Ол да ұзаққа созылды. Тараптар, уақытша бітім, Қара теңіздегі бітім, тұтқын алмасу және бейбіт келісім жобаларын талқылаған.
АҚШ пен Укрнаина арасындағы келіссөздер туралы:
АҚШ президенті Дональд Трамп: «Қазір біз территориялар туралы талқы жүргізіп жатырмыз. Әңгіме демаркациялық сызықтар, энергетика, электр станцияларының меншігі туралы болып отыр. Меніңше, Укаринадағы электростанциялар АҚШ бақылауына берілуі тиіс. Бізде тәжірбие бар. Және бұл электростанциялардың қауіпсіздігінің кепілі болмақ», - деп жазды.
Украина Президенті кеңесінің өкілі Сергей Лещенко: «Саудияда Украина порттарына шабылдамау туралы келісім талқыланды. Украина мен Ресей Федерациясы теңіздегі нысандарға, соның ішінде порттарға шабуыл жасамайды деп келісті. Әңгіме тек жүк тасымалдау жүзеге асырылатын Одесса порттары туралы ғана емес, сонымен қатар Николаев және Херсон порттары туралы болып отыр. Сонымен қатар, тұтқын алмасу жәіне Украина балаларын қайтару жайы талқыланды», - деп жазды.
Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров: «Талқы нәтижелі болды – біз негізгі мәселелерді, соның ішінде энергетиканы талқыладық. Президент Владимир Зеленскийдің мақсаты – біздің еліміз бен халқымыз үшін, сонымен қатар бүкіл Еуропа үшін әділ және ұзақ бейбітшілікті қамтамасыз ету. Біз бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп жазды.
АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц: «Біз Украинада бейбітшілік орнатуға бұрынғыдан да жақындай түстік. Президент Трамп қос елдің басшысымен де телефон арқылы сөйлесті. Инфрақұрылымдарға соққы жасамау туралы келісімге келді. Енді біз Қара теңізде ұрысты тоқтату туралы келіссөз жүргізудеміз. Қос ел де Қара теңізде астығын, жағармайын, басқа тауарларын қауіпсіз тасымалдай алуы керек. Ал бейбіт келісім бойынша, тараптардың майдан сызығында соғысты тоқтату туралы талқы жүріп жатыр», - деп мәлімдеді.
Тақырыпқа тұздық: Ресей мен Украина 30 күн бойы соққы жасаспайтын нысандар тізімін келісті. Олар МӨЗ-дер, мұнай, газ қоймалары мен жөнелту станциялары, электр энергиясын өңдейтін құрылғылар, электр станциялары, трансформаторлар, АЭС-тер, су қоймалары мен дамбалар. Келісім 18 наурызда басталды деп саналады және 30 күнге созылады.
Ал Ресей СІМ-і: «Запорож АЭС-і Ресейдің ядролық нысаны саналады. Оны Украинаға немесе өзге елге басқаруға беру мүмкін емес. Өзге елмен бірлесе игеру жағы да қарастырылмайды», - деп мәлімдеді. Бұған дейін Трамп Запорож АЭС-ін Ресеймен талқылайтынын айтқан. Оны АҚШ-тың басқаруына алу туралы идеяны да ұсынғандай болып еді.
Mezgil.kz