Су тасқыны сабағы: Үкіметтің кешенді жұмысы апаттың алдын алады

Қыстың қаһары қайтып, көктем жылыған уақыт – Қазақстан үшін сынақты кезеңдердің бірі екені жасырын емес. Еліміздің географиялық орналасуының өзі – климаттық әр алуандылықты қамтитынын ескерсек, еліміздің солтүстік және шығыс аймақтары қыстағы қалың қардан кейін, көктем шыға су тасқынына тап келіп жатады.

1742983623995432.jpg

(Сурет: golos-naroda.kz)

Бұл орайда, еліміздің басына түскен былтырғы орасан зор сынақты – көктемгі су тасқынын еске алсақ жөн шығар. Еліміздің едәуір бөлігі тасқын судан зардап шекті. Төтенше жағдай жарияланып, Үкіметтік комиссия құрылды. Қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы дәл сол бір сынақты сәтте жұдырықтай жұмылып, бірауыздылық көрсетті. Президенттің арнайы тапсырмасымен, Үкіметтік комиссия шетін оқиғадан келген шығынның зардаптарын жойды. Үй-жайынан, жал-жанынан айырылғандарға өтемақы өтелді. Еліміздің түкпір-түкпірінде сергек саналы азаматтар көмек жинап, апатты аймақ тұрғындарының қажетін өтей білді.

Ендігі мәселе – Үкімет былтырғы оқиғалардан қандай сабақ шығарды деген сұрақ. Президент Тоқаев бір біздің мемлекетіміз ғана емес, жалпы адамзат баласы аяқ басып отырған табиғи және техногендік апаттар дәуірінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен құтқарушылардың қызметін дамытудың маңыздылығын атап айтты.

Еліміздің күш құрылымдары соңғы онжылдықта көптеген өзгерістерді бастан өткеруде, сол сияқты ТЖМ реформасы да жалғасатын болады. Бұл – бүгінгі күннің басты да, толғақты мәселесі. Билік өкілдері қазір өздері ұсынып отырған модельдің анағұрлым табысты болуы тиіс екенін, ал оны жүзеге асыру басқа да күш құрылымдарының қызметін оңтайландыру үшін белгілі бір үлгі беретінін осы бағыттаға мән-жайды білгісі келген қауымға ескертеді.

ТЖМ реформасы тәуекел-бағдарлау тәсілін, яғни түрлі төтенше жағдайлардың дамуы кезінде алдын алу әдісін қамтитыны белгілі. 2025 жылы ұзартылатын ТЖМ-ны реформалау бірнеше міндеттерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда: Өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел ден қоюды қамтамасыз ету. Кезекші бригадалар оқиға болған жерге жою үшін бірнеше минут ішінде келуі тиіс.

Осы ретте біз сарапшы пікірін оқырман талқысына ұсынбақпыз...

1742983357123306.png

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)

Нұрхат Ораш, саясаттанушы:

– Өткен жылдың көктемі еліміздің бірнеше өңірі үшін ауыр сынақ болды. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау және басқа да облыстарда орын алған су тасқыны мыңдаған отбасы үшін үлкен қауіп төндірді. Су басқан ауылдар, қираған көпірлер мен жолдар, бүлінген әлеуметтік нысандар – бұл жағдай біздің төтенше жағдайларға дайындық деңгейіміздің осал тұстарын көрсетті.

Алайда ең бастысы – осы оқиғалардан дұрыс қорытынды шығару. Бүгінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жетекшілігімен ел көлемінде ауқымды алдын алу шаралары қолға алынуда. Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы көктемгі тасқынға дайындық мүлде басқа деңгейде жүргізіліп жатыр.

Үкіметтің жүйелі жұмысы: не өзгерді?

Су тасқынына қарсы шаралар бірнеше бағытта жүріп жатыр:

1.  Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және жаңарту

Былтырғы апат көптеген су қоймалары мен бөгеттердің техникалық жағдайының сын көтермейтінін көрсетті. Осыған байланысты, қазір республика бойынша 100-ден астам гидротехникалық нысан жөнделіп, күшейтілді. Су қоймаларының өткізу қабілеті қайта қаралып, артық су жинақтауға мүмкіндік беретін резервтер жасалды.

2. Өзен арналары мен су ағатын жолдарды тазарту

Су тасқыны көбінесе өзен арналарының лайлануы, бөгелуі салдарынан туындайды. Осыған байланысты, қазір өңірлерде 600-ден астам өзен арнасы мен арық жүйелері тазартылып, кеңейтілді. Бұл судың табиғи жолмен ағуын қамтамасыз етеді.

3. Инженерлік-қорғаныс жұмыстары

Былтырғы төтенше жағдайларға байланысты, су басу қаупі жоғары аймақтарда арнайы қорғаныс бөгеттері салынуда. Әсіресе, жағалауларды бекіту, қосымша дренаж жүйелерін орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

4. Қардың дер кезінде шығарылуы

Өткен жылы қардың көп мөлшерде бірден еруі жағдайды ушықтырды. Биыл бұл мәселе бақылауға алынып, өңірлерде 3 млн текше метрден астам қар сыртқа шығарылды.

5. Төтенше жағдай қызметінің дайындығы

Биыл су тасқыны қаупі бар аймақтарға 20 мыңнан астам құтқарушы мен арнайы техника жұмылдырылды. Әскери бөлімдер, жергілікті әкімдіктер мен еріктілер бірлесе жұмыс істеуде.

Еліміздің тарихында бұған дейін де бірнеше ірі су тасқындары болды, бірақ олардың салдарын жоюға көп күш пен қаражат кетті. Басты мәселе – тек салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Қазіргі жүргізіліп жатқан шаралар үкіметтің бұл жолы жағдайды жіті бақылауға алғанын көрсетеді.

Әрине, табиғаттың мінезін болжау қиын, бірақ инженерлік-қорғаныс жұмыстары, су өткізу жүйелерінің жаңартылуы, халықпен түсіндіру жұмыстары биылғы көктемнің былтырғыдай ауыр сынақ болмауына мүмкіндік береді деп сенеміз.

Тұрғындар да сақтық шараларына мән беруі тиіс. Әсіресе, тасқын қаупі бар аймақтарда тұратын халық жергілікті биліктің нұсқауларын орындап, төтенше жағдайлар қызметімен байланыста болуы керек.

Биылғы көктем еліміз үшін жаңа сынақ болмауы тиіс. Үкімет жүргізіп жатқан кешенді жұмыстар өз нәтижесін беріп, биыл біз былтырғы жағдайды қайталамаймыз деп үміттенеміз.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар