АҚШ-та әскери жоспарды әлеуметтік желі чатында талқылауға қатысты дау-дамай толастар емес. Ақ үйдің өкілдері Signal мессенджерінде арнайы чат құрып, чатта әскери операциялар мен әлемдік саясатты талқылаған. Чатқа АҚШ өкілдері абайсызда The Atlantic журналының редакторы Джеффри Голдбергті қосқан болатын. Чат «Houthi PC small group» деп аталды және онда АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет, Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф, вице-президент Джей Ди Вэнс және Майк Уолтц, ОББ(ЦРУ) басшысы Джон Рэтклифф пен ҰБҚ басшысы Талси Хаббард болған. Чатта Йемендегі хуситтерге соққы жасауға қатысты жоспар, Украина мен Еуропа саясаты, Таяу Шығыстағы әрекеттер ашық талқы болғаны расталды.
Журналист Джеффри Голдберг чатта АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсеттің Йемендегі хуситтерге қарсы соққы жасауда қандай қару қолданатынын және қай нысандарды қай уақытта атқылайтынын ашық айтқанын жазды.
Голдбергтің мақаласы АҚШ-тағы ең шулы саяси жанжалдың біріне айналды. Батыстық БАҚ оқиғаға «Signalgate» деген атау беріп, «қауіпсіздік саласындағы ірі олқылық» деп сипаттауда.
«Мен бұл чаттың шынайы екеніне үлкен күмәнмен қарадым. Ондаға тұлғалардың рас екеніне сенбедім. Мен АҚШ-тың қорғаныс саласындағы тұлғалары Signal-да чат ашып, онда әскери операцияны талқылап отырады дегенге сене алмадым. Президенттің Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі осындай чат ашып, оған The Atlantic-тың бас редакторын қосып, әскери жоспарды ірі саяси тұлғалармен талқылап отырады дегенге еш сенбедім, бұл ақылға қонымсыз ғой», - дейді Голдберг.
АҚШ билігі чаттың шынайы екенін растады. Ақ үй бұл жайтқа аса үлкен мән бермейтіндей сыңай танытуда. Трамп әкімшілігі чатқа журналисті абайсызда қосу фактісі бойынша тексеріс өтетінін айтты, алайда бұл саяси жанжал салдарынан қандай да бір тұлғаны қызметтен алмайтынын білдірді.
«Signalgate» оқиғасына байланысты АҚШ-тың саяси тұлғалары түрлі пікір білдіруде. АҚШ-тың бұрынғы МемХатшысы Хиллари Клинтон Х (Туиттер) желісіне жазба қалдырып, «Бұл әзіл шығар» деп қалжыңдады.
Сенаттағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер оқиғаны жіті тексеруге шақырып, жағдайды «нағыз фиаско» деп сипаттады. Ал оның әріптесі, конгрессмен-демократ Сет Моултон болса былай дейді: «Бұл кәсіби деңгейдің төмендігі. Салдарынан АҚШ азаматтарына қауіп төнуі мүмкін еді. Пит Хегсет өзінің тәжірибесі жоқтығын және АҚШ-тың әскери формасын киіп жүрген ерлер мен әйелдер үшін қауіпті болатын шешімдер қабылдайтынын көрсетті».
Сенатор-демократ Крис Кунс болса чатты құрушылар мен онда әскери жоспарды ашық талқылаушыларды «қылмыскерлер» деді. Ал сенатор Элизабет Уоррен «Біздің ұлттық қауіпсіздігіміз дилетанттардың қолында екен» деп жағдайды сипаттады.
Трамптың партияластары да пікір білдіріп жатыр. Мысалы конгрессмен Дон Байер «Бұл жағдай жылы жабылмай, кінәлілер жазаланып, бастар ұшуы тиіс» деп өткір айтты. ОББ(ЦРУ)-дың бұрынғы басшысы Леон Палетта былай дейді: «Біреу сөзсіз жұмыстан қуылуы тиіс. Бұл чатқа журналистті қосу нағыз қателік, үлкен тәжірибесіздік».
Трамптың Баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт жағдайды жұмсартуға тырысып, пікір білдірді. «Президент Трамп айтқандай хуситтерге қарсы шабуылдарымыз сәтті өтуде. Трамп өзінің командасына, Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Уолтцқа бұрынғыдай сенім артады», - дейді ол.
Әскери сарапшылар «Signalgate» жанжалына қатысты былай дейді: «Ақ үйде, Пентагонда әскери операцияларды талқылайтын арнайы кабинеттер бар. Сонымен бірге әскери операцияларды талқылауға арналған арнайы жабық арналар бар. Бұл ақпарат сыртқа шықпау үшін жасалған. Алайда оны қолданбай, қарапайым мессенджерде әскери операцияны талқылау үлкен қателік. Бұл АҚШ-тың құпия құжаттарына да қауіп төндіретін әрекет», - дейді олар.
Politico басылымы Трамптың болған оқиғаға қатысты ашулы екенін айтты және «демократтар бұл оқиғаны алдағы сайлау науқанында сөзсіз қарсы аргумент ретінде қолданатын болады» деп жазды.
Mezgil.kz