Польша билігі ел халқын Ресеймен болуы ықтимал әскери қақтығысқа дайындауда. Бұл туралы Бас штабтың өкілі Веслав Кукула айтты.
Варшава қарапайым азаматтарды әскери дайындықтың қысқа курсынан өткізеді. Курста қаруды қолдану, жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, үйіндіні тазарту және басқа үйретіледі. Мектеп оқушыларына оқытылатын «Әскери білім» сабағы да жаңа форматқа өзгертіледі. «Біз қоғамды әскери дайындықтан өткізіп, дағдарысқа дайындауға тиіспіз», - дейді Кукула Politico басылымына берген сұхбатында.
Әскери Бас штаб аталған курстар тек қана соғыс жағдайында емес, сонымен бірге қарапайым өмірде де пайдалы дейді. «Бұл қарапайым өмірде де қажет дағдыларды қалыптастырады. Сонымен бірге бұл курсқа қатысушыларға қандай да бір жеңілдіктер жасалуы керек. Біз Польша билігі уақыты мен жұмысын сарп еткен азаматтарға стимул беруі керек деген ойдамыз. Егер біз әскери қақтығысқа дайын болсақ, біздің дайын екенімізді Ресей тарапы білсе, онда бұл нағыз тежеуіш фактордың бірі болар еді», - дейді Бас штаб өкілі. Курсқа қатысатын азаматтарға арнайы жеңілдіктер жасалу жағы қаралмақ.
Польша билігі резервистерді қайта дайындықтан өткізу бағдарламасын да ашпақ. Наурыз айының басында ел премьері Дональд Туск арнайы бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Ол бойынша Польшадағы әр ер азамат қару ұстай алуы тиіс. Қазіргі сәтте Польшада резервистер саны жеткілікті, алайда олардың орташа жасы 45-те. Польша билігі резервистердің орташа жасы 35-те болғанын қалайды және жастарды ынталандыру үшін тиімді шарттар ұсынбақ. Мысалы жұмысына үстемақы қосу, қоғамдық көлікпен жүруге жеңілдік жасау, салықтық жеңілдіктерді енгізу қарастырылуда.
Польша билігі сәуір айында резервистерді дайындау, халықты әскери қорғанысқа үйрету бағдарламасын таныстырады. Артынша Варшава тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Алғашқы кезеңде 100 мың адамды әскери дайындықтан өткізу жоспарлануда. Алайда жылына қосымша 100 мың адамды әскери дайындықтан өткізуді сынға алып жатқандар да бар.
Польша әскерінің Артиллериялық және зымыран күштерінің бұрынғы қолбасшысы Ярослав Крашевский былай дейді: «Жылына 100 мың адамды қосымша дайындықтан өткіземіз деп жатыр. Бұл өте аз. Өте аз. Біз тұтынушы дәуірдің қызығына батып, демократияның құндылықтарын сіңіріп, әлемді шарлап жүрміз. Бұл жақсы. Алайда осы игіліктерді, елді, жерді қорғау үшін әр адам жауынгер болуы тиістігін ұмытқандаймыз», - дейді ол.
«Біз Ресеймен көршіміз. Олардың Беларусь іспеттес буферлі, одақтас елі бар. Олар Беларусь жерінде тұр. Бізде қазір әскери қақтығысқа дайындалудың аз ғана уақыты қалды. Сол үшін де түрлі әскери дайындық бағдарламаларын арттыруға тиіспіз», - дейді Веслав Кукула.
Польшаның әскери сарапшылары Ресеймен қақтығысқа дайындалуға аз ғана уақыт қалғанын айтуда. «Ресей билігі үлкен әскер жасақтап жатыр. Егер Украинада бейбітшілік орнамаса, ал НАТО ішіндегі қайшылық артса, онда Ресей Балтық елдеріне басып кіреді. Бұл осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында іске асуы мүмкін. Олар басып кіруді жоспарлап отыр», - дейді поляк генералы Леон Коморницкий.
Польша әскер санын екі есеге арттырып, резервистер санын бірнеше миллион етуді ойластыруда. Қазіргі таңда Варшава НАТО елдерінің ішінде әскери салаға ЖІӨ-нің 4,7%-ын бөліп, Еуропада көш бастады. Соңғы бес жылда ЕО елдері ішінде Польша танк, ұшақ, тікұшақ, зымыран кешендерін сатып алу бойынша алға шықты.
Mezgil.kz