Дональд Трамп командасы Украинаға ұсынған жаңартылған келісім жобасы АҚШ-қа Украинаның инфрақұрылымы мен минералдық ресурстарына салынатын барлық ірі инвестицияларды бақылау құқығын береді. Бұл туралы «Bloomberg» жазды.
Құжатқа сәйкес, АҚШ Украинаның инфрақұрылымы мен табиғи ресурстарына байланысты жобаларға инвестиция салуға «бірінші ұсыныс құқығын» талап етеді. Бұл жолдарды, темір жолдарды, порттарды, шахталарды, мұнай мен газды, сондай-ақ негізгі пайдалы қазбаларды өндіруді қамтиды.
Ақ үй қайта қаралған келісімді Киевтегі ресми тұлғаларға берген. Егер келісім қабылданса, АҚШ Украинадағы инвестицияларды бақылауда елеулі өкілеттіктерге ие болады. Қарапайым тілмен айтсақ, АҚШ Украинаға салынатын барлық инвестициялық келісімдерге бақылау жасайтын болады. Яғни, экономикалық ықпалын күшейтеді.
АҚШ ҰСЫНҒАН КЕЛІСІМ ҚАНДАЙ?
Сонымен «Bloomberg» басылымының жазуынша, АҚШ ұсынған табиғи ресурстар туралы келісім жобасы мынадай:
Бірінші: АҚШ-тың пайдалы қазбалар жөніндегі жаңа келісім жобасына сәйкес, АҚШ вето құқығымен қоса, Украинадағы барлық ірі инвестицияларды өз бақылауына алады. Бұл дегеніңіз – Трамп әкімшілігі Украинадағы барлық инфрақұрылым мен табиғи ресурстарға инвестициялар бойынша «алғашқы ұсыныс құқығын» талап етеді. Яғни, Украинадағы барлық жолдар мен теміржолдарға, порттарға, шахталарға, мұнай мен газ және маңызды пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жобаларға инвестицияларды АҚШ өз бақылауына алады деген сөз.
Бұл – АҚШ-тың Еуропалық Одаққа интеграциялануға тырысып жатқан Еуропадағы ең үлкен ел саналатын – Украинадағы экономикалық ықпалының бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілуі деген сөз!
Екінші: Аталған келісім бойынша, арнайы құрылған «қайта құру инвестициялық қорына» аударылған пайдаға АҚШ бақылау жасайды.
Құжатта – АҚШ 2022 жылдың ақпанынан бері Украинаға берілген «материалдық және қаржылық жеңілдіктерді» қорға қосқан үлесі ретінде қарастыратыны айтылған.
Үшінші: Құжатқа сәйкес, АҚШ-тың «Халықаралық Даму» Қаржы Корпорациясы (DFC) инвестициялық қорды бақылайды. Директорлар кеңесінің бес мүшесінің үшеуін тағайындайды және белгілі бір шешімдерге тосқауыл қою үшін оған арнайы дауыс беру құқығын беретін «алтын акцияға» ие болады. Украина қалған екі директорды тағайындайды және қорды күнделікті басқару құқығынан айырылады.
Төртінші: Киев үкіметі табиғи ресурстар мен инфрақұрылымдық жобалардан түскен кірістің 50 пайызын қорға салуға міндетті. АҚШ Укаринаға салған инвестициясы қайтарылғанға дейін барлық пайдаға және жылдық 4% кіріске құқылы болады.
Бесінші: Украина барлық жобаларды қордың қарауына «мүмкіндігінше тезірек» ұсынуы керек, бұл ретте DFC басқарма орындарын белгілейді немесе барлық қаржыландырылатын бағдарламаларды қадағалайды. Киевке қабылданбаған жобаларды басқа тараптарға кем дегенде бір жыл бойы «ең жақсырақ» шарттарымен ұсынуға тыйым салынады.
Алтыншы: Жобаға сәйкес, АҚШ үкіметі коммерциялық шарттармен Украинадан металдар, минералдар, мұнай мен газ сатып алуға құқылы болады. Бұл «қайта құру» қорының қаржыландыруынан тыс та жүзеге асырыла береді.
Жетінші: Аталған келісімнің уақыт шектеулері жоқ. Ол Киевке АҚШ-тың «стратегиялық бәсекелестері» болып табылатын елдерге маңызды пайдалы қазбаларды сатуға тыйым салады.
Түйін: Қазір тараптар арасындағы пікірталас жалғасуда және Украина осы аптада бұл шартқа өз түзетулерін ұсынуы мүмкін. Десе де, аталған шартта Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру туралы сөз мүлде айтылмаған.
Mezgil.kz