Тарихи жара тағы тырналды: Ондаған мың адам алаңға не үшін шықты?

Иранның Урмия қаласындағы наразылық акциялары толастар емес. Батыс Әзербайжан провинциясындағы толқулардың басталғанына бір аптадан асты. Қала халқының саны 900 мыңға жуықтайды, ал тұрғындардың басым көпшілігі әзербайжан ұлтының өкілдері саналады. Наразылық акциясына шығушылар күрдтерді қоныстандыруға қарсылық танытуда. Тегеран аталған аймаққа күрдтерді қоныстандыру жоспары барын айтқан-ды. Қарсылық акцияларына ондаған мың адам шыққан.


Акции протеста в Иране продолжаются, есть погибшие - Minval.az

 

Наразылық акциясына шыққандар «Урмия - әзербайжан қаласы», «Жеріміздің бір сүйемін де өзгеге бермейміз», «Жасасын Ұлы Әзербайжан» деп ұрандатқан. Қаладағы қарсылық акцияларын бақылау үшін Тегеран аймаққа қосымша әскери күш жіберіп, Басидж жасақтарын топтастырды.

 

Соңғы жылдары Иран билігі әзербайжан ұлтына қысымды арттырып, тіл игеру мен мәдениетін ұстануда қыспақты күшейткен. Бұл әзербайжан ұлтының Тегеранның саясатына деген наразылығын арттыруда.

 

Қарсылық акцияларына қатысты Иранның құқық қорғаушысы Жүніс Шәмелі haqqin.az сайтына сұхбат беріп, қақтығыстың шығу тарихына тоқталды. Жүніс Шәмелінің мәліметінше қақтығыстың бір себебі мәдени шектеулерге байланысты болып отыр. Наурыз айының қарсаңында Урмия қаласының басшылығы аймақтағы күрдтерге мейрамды өз дәстүрлеріне сай атап өтуге рұқсат етсе, әзербайжан өкілдеріне бірқатар шектеулер қойған. Мерекені тойлау сәтінде «Урмия – күрд қаласы» деген ұрандар айтылған.

 

Бұл туралы құқық қорғаушы былай дейді: «Бұл ұранның тарихы сонау 40-шы жылдардан бастау алады. Ол сәтте Оңтүстік Әзербайжан Демократиялық Республикасы болған еді. Оның басшысы Сеид Жафар Пешевари болды. Дәл сол уақытта Ирандағы Күрдістан Ұлыбританияның бақылауында болды, ал Оңтүстік Әзербайжан Демократиялық Республикасын кеңестер қолдады. ОӘДР аумағында кеңесшіл Ирандағы Күрдістанның Демократиялық партиясы деген құрылды. Ол кеңесшіл Күрдістанды жасақтап, билікті алғысы келді. Алайда 1945 жылдың тамызында Батыс Әзербайжандағы Мехабад қаласында күрд көшбасшысы Гази Мұхаммед Мехабад республикасын жариялады. Өзін президент етті. Кейін кеңес әскері шығарылып, Оңтүстік Әзербайжан Демократиялық Республикасы құлаған соң, Иран әскері Мехабад республикасын талқандап, басшыларын қуғандады. Міне, осы кезеңнен бері аймақта мәдени және саяси мәселе бір толастаған емес», - дейді ол.

 

1979 жылы Иранда Ислам революциясы бұрқ етті. Осы сәтте Ирандағы Күрдістанның Демократиялық партиясы қолына қару алып, Мехабад қаласын басып алды. Алайда Ислам революциясының сақшылар корпусы қаланы қайта өз бақылауына алды. 1979 жылы Оңтүстік Әзербайжанда күрд жасақтары Сұлдыз қаласын басып алып, жергілікті әзербайжан ұлтын қудалады. Сұлдыз қаласындағы этникалық қудалауды тоқтату үшін Урмия қаласындағы әзербайжан өкілдері бірнеше қарулы жасақты топтастырып, Сұлдыз қаласында күрд жасақтарымен кескілескен шайқасқа түсті. Тарихшылар шайқаста жүздеген адамның қаза тапқанын айтады.

 

Урмия қаласындағы митинг барысында әзербайжан өкілдері Сұлдыз шайқасына қатысқан әзербайжандықтардың да суретін алып шығуда.

 

Сарапшылар Тегеранға бұл қарсылық акцияларының өтуі тиімді деген ойда. Наразылық акциялары Иран билігіне емес, күрдтер мен әзербайжандардың бір-біріне қарсы бағытталған. 


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 

 



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар