АҚШ билігі Түркияға жойғыш ұшақтар бойынша жаңа ұсыныс жасауда. АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Түркияға F-35 ұшақтарын сатудан бас тартып, келісімді тоқтатқан еді. Анкара Швеция мен Финляндияны НАТО құрамына алуға келіскен соң, Джо Байден әкімшілігі Түркияға F-16 ұшақтарын сатуға келісті.
АҚШ-тың соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарын алуға ниетті болған Түркия, 2024 жылы Еуропа елдерінің жойғыш ұшақтарын сатып алуды ойластырды. Анкара Eurofighter Typhoon ұшақтарын алу бойынша бірнеше келіссөз жүргізді. 2025 жылдың ақпан айында Ұлыбритания Eurofighter Typhoon ұшақтарына қатысты қаржылық ұсынысын көрсетті.
Трамп билікке келген сәтте, Вашингтон Анкараға жойғыш ұшақтарды жеткізуге қатысты келісімді қайта қарастыра бастады. 16-наурыз күні Ердоған мен Трамп телефон арқылы сөйлесті. Екі ел басшысы қорғаныс саласына қатысты келісімдерді де сөз етті. Трамп Түркияға F-16 ұшақтарын сатумен бірге, F-35 ұшақтарына қатысты келісімдерге де ашық екенін айтты.
Вашингтон Сириядағы күрдтерді қолдауға қатысты да позициясын жұмсарта түсті. Ұзақ жылдар бойы Сириядағы күрд жасақтарына ашық қолдау білдірген АҚШ билігі, ендігі таңда бұл мәселені келісім арқылы шешуге болатынын айтуда. 25-наурызда АҚШ-тың Мемлекеттік Хатшысы Марко Рубио Конгрессте сөз сөйледі. Рубио АҚШ-тың Сирияда күрдтерді қолдауды жалғастыратынын айтты, алайда Анкарамен әріптестікті де маңызды деп түртіп көрсетті.
Қазір АҚШ пен Түркия басшылары арасындағы өтуі тиіс кездесуге дайындық басталды. Әзірге кездесу уақыты, күні және аймағы белгісіз. Дей-тұра кездесу алдағы айларда өтуі ықтимал.
Түркия мен АҚШ билігі арасында Сириядағы күрдтерге қатысты және ұшақ келісіміне байланысты бірқатар жылымық байқалады. Алайда екі ел Газадағы соғыс мәселесінде кереғар позиция ұстануда. Ердоған Израильді Газа соғысы бойынша айыптай сөйлеуде, дегенмен Израильге қару жеткізуді еселеген Трамп әкімшілігіне қатысты ауыр сөздер айтудан тартынып келеді. Сарапшылар Түркияның Еуропа қауіпсіздігінде де маңызды рөлге ие бола бастағанын айтуда. Түркия Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуге әзір екенін мәлімдеді. Анкараның Мәскеумен де қарым-қатынасы жақсы. Украина жеріне Еуропа әскерінің кіруіне үзілді-кесілді қарсылық танытып отырған Ресей, Түркия әскерінің кіруіне қарсылық білдірмеуі мүмкін. Бұл Вашингтон үшін де маңызды саналады.
Mezgil.kz