9 мамырдағы Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін әсірепафосты әскери парадтың қауіпсіздігі қазір әлемдік БАҚ-та ызу-қызу талқы болуда.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Осыған дейін Ресей президенті Путин «7 мамырдан бастап 3 күнге атысты тоқтату» туралы бітім ұсынған. Бүгін Украина президенті Зеленский бұған қарсы өз ұсынысын жария етті.
ҚЫЗЫЛ АЛАҢНЫҢ ҚЫЗУ ӘҢГІМЕСІ: КИЕВ ҚАУІПСІЗДІККЕ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ!
«Украина 7 мамырдан бастап атысты тоқтатуға дайын, бірақ 30 күнге. Ресей келіспесе, 9 мамырда атысты тоқтату туралы келісім болмайды». Украина президенті Зеленский осылай деп мәлімдеді.
Зеленский сондай-ақ, Украина 9 мамырда Мәскеудегі шетел басшыларының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтынын айтты: «9 мамырда Путинді оқшауланудан шыққандай қылу үшін Кремльдегі алаңға баратын шетелдік басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ешкім көмектестпейді», - деді.
2025 жылғы 9 мамырда Мәскеудің Қызыл алаңы тағы да әлемдік назарға айналатынын о баста-ақ, білгеміз. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтетін әскери мақтан мақсатындағы парад Ресейдің ішкі саясаты үшін ғана маңызды емес, ол халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аударудағы бір шарғы. Осы күні, Ресей бұл датаға арқа сүйеген идеологияны алға тартады.
Алайда, биылғы парад бұрынғы парадтардан өзгеше болмақ. Өзгешелігі сол – Украина Мәскеуге шабуыл жасау мүмкіндігін ашық мәлімдегені!
Украина Ұлттық қауіпсіздік және Қорғаныс кеңесінің өкілі Роман Костенконың: «Мәскеу парады – әскери мақсат», - деп мәлімдеуі – тек әскери стратегия ғана емес, психологиялық соғыс элементі. Украина осы мәлімдемесі арқылы бірнеше стратегиялық мақсатты көздейді:
Біріншіден, Ресейдің ішкі саяси алаңына ақпараттық соққы беру. Халық арасында сенімсіздік пен үрей туғызуы мүмкін.
Екіншіден, Халықаралық қауымдастықтың назарын парадтың әлдеқалайда «қалыпты» емес екеніне аудару.
Үшіншіден, Мәскеудің әскери символын (Қызыл алаң парадын) соғыс объектісіне айналдыру арқылы өздерінің ақпараттық үстемдігін орнату. Бұл тұста, Украина тек, әскери операциялармен шектеліп қана қоймай, халықаралық ақпараттық кеңістікте өзінің «тегеурінді күшін» қалыптастыруға тырысады.
Ресей тарапы өз кезегінде Украина мәлімдемелерін «террористік қауіп» ретінде қабылдап, қызыл алаңдағы парадтың өтетінін және барлық қауіпсіздік шараларының күшейтілетінін мәлімдеді.
НАТО мен Еуроодақтың реакциясы әзірге бейтарап болды. Олар Украина мен Ресей арасындағы текетіреске араласудан қашқақтап, жағдайды бақылауда ұстап келеді. Халықаралық қауымдастықтың толыққанды жауап беруі Ресей мен Украина арасындағы конфликтіні жаһандық қақтығысқа айналдырып жіберуі мүмкін. Бұл жағдай халықаралық деңгейде қиын таңдау алдында тұрғанын білдіреді.
Империалист ел Ресей үшін 9 мамыр – тек тарихи оқиға ғана емес, ұлттың рухын көтеретін басты символ. Жеңіс парады – Ресейдің әскери күші мен идеологиялық мықтылығын көрсету алаңы. Алайда, қазіргі таңда, бұл парад тек ұлттық мақтаныштың көрінісі ғана емес, әскери-саяси жағдайдың шегіне жеткенін көрсететін белгіге айналды. Жеңіс символы бейбітшіліктің емес, қайтадан соғыстың тууын әсіре ұрандайды.
Mezgil.kz