Германиялық «Welt» газеті соғысушы тараптар арасындағы ресурстардың сарқылуы, Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуі және АҚШ пен НАТО-ның «белгісіздік» саясаттарын ескере отырып, Украина мен Ресей соғысының аяқталуына қатысты 3 түрлі болжамды жазады.
(Сурет: tsn.ua)
Біз аталған үш нұсқаны Mezgil.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік.
Бірінші нұсқа: Батыс коалициясы Ресейге қарсы байыпты һәм қатаң шараларға көшіп, агрессор елдің тактикалық ядролық қаруды қолдану туралы қоқан-лоқысын елемей әрекет етеді. Украина жеткілікті мөлшерде қажетті қару-жарақ алып, басқыншылардың армиясына қысым көрсете алады. Мұндай сценарий Ресей Федерациясына қарсы санкцияларды күшейтуді талап етеді, бұл оны технологиялардан, банктік қызметтерден және экспорттық кірістерден айырады.
Бұл жағдайда Ресей алдын ала шартсыз әскери әрекетін тоқтатуға, байланыс сызығында қалуға және бейбіт реттеу туралы келіссөздер жүргізуге мәжбүр болар еді. Ал Украина Мәскеу басып алған кейбір аумақтарсыз өз егемендігін сақтап қалалар еді. Алайда басылым Украинадағы мұндай соғыс сценарийін «шындыққа жанаспайды» деп санайды, өйткені Батыс оған бармайды.
Екінші нұсқа: Ресей Федерациясының айқын жеңісін болжайды. Бұл сценарийде АҚШ ресейліктерге саяси және экономикалық қысым жасауды тоқтатады, оның орнына Арктиканы өзара игеру немесе сирек жер металдарын игеру сияқты тиімді мәмілелер үшін жақындасуға ұмтылады.
Басылым АҚШ президенті Трамп Украина президенті Зеленскийді «Кремльді арандатуға кінәлі адам» деп санайтынын атап өтті. Егер бұл нұсқа орын алса, Украина жаңа аумақтарынан және теңізге шығу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Мақала авторы бұл сценарийді бірінші нұсқаға қарағанда «шынайырақ» деп есептейді.
Үшінші нұсқа: «Welt» басылымы бұл нұсқаны – «ампутацияланған Украина» деп атайды. Ол ұзаққа созылған әскери әрекеттерді, батыстық серіктестердің Киевке әлсіз қолдауын және басқыншы армияның баяу, бірақ сенімді ілгерілеуін болжайды. Сонан соң Батыс Украинаны: «соғыстың қорқынышты соңы - шексіз үрейден гөрі жақсы» деп, келіссөздерге итермелейді.
Бұл жағдайда Украина айтарлықтай жеңілдіктер жасауға мәжбүр болады, ал жанжал бейбіт келісімсіз-ақ, қазіргі майдан шебінде белгісіз мерзімге тоқтайды. Басылым Америка мен Еуропа үшін бұл ұзақ мерзімді перспективада ең үнемді болатынын және сонымен бірге оларға «салыстырмалы қауіпсіздіктің» кепілі болатынын жазады. Басылым бұл сценарийді «65%-ға ықтимал нұсқа» деп санайды.
Mezgil.kz