13 маусымда Израиль бастап, АҚШ қостаған Орта Шығыстағы әлем жұртың әрі-сәрі күйге түсірген кезекті соғыс, кезекті қақтығыс тыншығандай болды. АҚШ президенті Трамп пен Израиль премьері Нетаняху кезек-кезек сөйлеп: «Иранның ядролық бағдарламасын күл-талқан еттік» дегенімен, бұған қатысты күдік те, күмән да азаяр түрі жоқ.
(Сурет: tsn.ua)
Сонымен Нетаньяху мен Трамп әлемге жар салған Иран билігін атомсыздандыру операциясы өз дегеніне жетті ме?
Кеше Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи «Al-Araby al-Jadeed» агенттігіне сұхбат беріп, былай деді: «Біз бұл технологияларға көп салым салдық. Көптеген ғалымдарымыз қаза тапты, нешелеген адамның өмірі қиылды. Халық ұзақ жылдар бойы санкцияның тепкісін көрді. Біздің елімізге қарадан-қарап соғыс ашты, сол соғыстың қылмысын бізге таңды. Осынша күрделі жолды жүріп өтіп, енді Иранда ешкім ядролық бағдарламадан бас тартпайды. Осы уақытқа дейін біздің әр ісіміз МАГАТЭ-нің жіті бақылауында болып келді», - деді.
Ал Иран президенті Масуд Пезешкиан: «Иранның жауабы қарсыластарымыз үшін ауыр сынақ болды. Сионистік режим атысты тоқтату бітімін сақтаса, біз де бітімді бұзбайтынымызды ашық айттық. Біз келіссөздерге ашықпыз, өз құқымызды дипломатиялық жолмен қорғай аламыз. Ал бұл басқыншылық Иран халқын біріктіре түсті. Осы бірліктің арқасында Иран халқы агрессияға төтеп берді», - деді.
Пезешкиан да Иранның ядролық бағдарламасы жойылмағанын, ол бойынша келіссөздер жүргізуге қарсы емес екенін айтты.
Иранның Қауіпсіздік қызметі: «Израильдің біздегі ядролық ғалымдарды қастандықпен өлтіруі керісінше, Иран Ислам республикасын өзінің ядролық бағдарламасын әрі қарай дамытуға итермелейді. Иә, біз көптеген ақылды адамдарымыздан айырылып қалдық. Израиль біздің ғалымдарымыздың көзін жоюды бұл қақтығысқа дейін көп уақыт бұрын бастап кеткен. Соған қарамастан, біздің ядролық бағдарламамыз тоқтап қалған жоқ. Керісінше, Израиль әр жолы қастандық пен шабуыл жасаған сайын, біз ядролық бағдарламамызды дамытуға көптеп күш жұмсап жатырмыз», - деді (РИА Новости).
Ал бүгін Иран Парламенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімді бірауыздан мақұлдады. Бұл дегеніңіз: Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекторлары бұдан былай Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің алдын ала рұқсатынсыз елде тексеру жүргізе алмайды деген сөз.
Тақырыпқа тұздық: Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысқаны үшін Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ұсынылды деген ақпарат шықты. Бұл бастаманы АҚШ Конгресінің республикашыл мүшесі Бадди Картер көтерген.
Норвегияның Нобель комитетінің төрағасы Йорген Ватне Фриднеге жолдаған ресми хатта Картер Трамптың қарулы қақтығысты тоқтатып, аймақта ядролық қарудың таралуына жол бермегендегі «ерекше әрі тарихи рөлін» атап көрсеткен. Картердің пікірінше, екі қарсы тарап арасында қол жеткізілген, бастапқыда мүмкін емес болып көрінген бұл келісім – дәл Трамптың әрекеттерінің нәтижесі. Оның айтуынша, президенттің бастамасы Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетіп қана қоймай, «мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға» ықпал еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістан үкіметі де Дональд Трампты бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасын көтерген еді.
Mezgil.kz