Бакудің батыл шешімі: Әзірбайжанда орыс тілді мектептер жабылады...

Соңғы күндері Баку мен Мәскеу арасы суыса бастағанын осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Даудың қурай шырпыдай лезде тұтатып, қос тарап қатқыл сөйлеп, қатал қимылдап жатқаны жасырын емес.

1751447940611233.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Бұл егересті бастаған – Ресей, Ресейдің күштік құрылымдары. Жөн-жосықсыз рейд жасап, Әзірбайжанның екі азаматын қатігездікпен өлтірді. Баку келтірген дерекке көз жүгіртсек: 27-28 маусым аралығында ұзын-саны 50-ге жуық әзірбайжандық осындай қатігездікке тап болған. Екатеринбургте қаза тапқан ағайынды Гусейн мен Зиядин Сафаровтардың бірі ІІД ғимаратында ұрып-соғып өлтірілсе, екіншісі арнайы жасақ көлігінде қаза тапқан.

БАКУ МЕН МӘСКЕУДІҢ КҮШ СЫНАСУЫ

Осыдан соң екі ел арасында алма-кезек күш сынасу басталып кетті.

Әзірбайжан: Кремль идеологиясына қызмет ететін «Спутник-Әзірбайжан» редакциясына тінту жүргізіп, бірнеше адамды «Ресей ФСБ-сына қызмет етеді» деген күдікпен тұтқындады. Одан бөлек, Ресей азаматтарынан құралған 2 ұйымдасқан топты құрықтады. Оларға «Ираннан есірткі саудалады» және «кибералаяқтықпен шғылданды» деген айыптар тағылып, тергеу аяқталғанша 4 айға қамады.Ресейліктердің қатысуымен өтеді деп жоспарланған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спектакльдер мен өзге де мәдени іс-шаралар пышақпен кескендей шорт тоқтатылды.

Ресей: Сойы әзірбайжан азаматтарын күшпен құрықтауды жалғастырды. Екатеринбургте Ресей күштік құрылымдары Әзірбайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шахлинскийді тұтқындады. Ал Воронежде Ресей полициясы әзірбайжан кәсіпкері Юсуф Халиловтің үйіне басып кіріп, тінту жүргізді. Бұған қоса Екатеринбургте тағы бір әзірбайжандық кәсіпкер, «Лукойл» өндірушілер бірлестігі жетекшілерінің бірі Ахмед Гаджиев тұтқындалды. Артынша бұл азаматтар босатылған.

Дипломатия: Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін, Ресей Сыртқы істер министрлігі Әзірбайжан елшісін шақырып, ескерту жасады, наразылық білдірді.

ОҢТҮСТІК ҚАПҚАЗ: МӘСКЕУДІҢ ЫҚПАЛЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Кеше «Неміс толқыны» (DW)  басылымы: «Мәскеудің Оңтүстік Қапқаздағы ықпалы азайып барады. Егер қарым-қатынас мүлде нашарласа, бұл екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, соның ішінде Еуропа мен Иранға газ транзитіне қауіп төндіруі мүмкін. Бакуде «маневр» жасауға мүмкіндік бар, ал Мәскеудің қысым жасау құралы барған сайын азаюда, Ресейдің Оңтүстік Қапқаздағы геосаяси жеңілісі Түркияның пайдасына шешілуде», - деп жазды.

1751446632460794.png

ЭКСКЛЮЗИВ: ӘЗІРБАЙЖАН ОРЫС ТІЛДІ МЕКТЕПТЕРДІ ЖАБА МА?

Осы ретте біз Әзірбайжандық әріптесіміз, «modern.az» редакциясының жетекшісі Елшад Ейвазлы мырзамен байланысқа шықтық. Ол өзіндегі инсайдерлік деректерге сүйеніп, Әзірбайжан билігі (Білім министрлігі) қызу талқылап жатқан маңызды ақпаратпен бөлісті.

Маңызды ақпарат дегеніміз: Әзірбайжан елдегі орыс тілді мектептерді жабу туралы бейресми талқы жүргізуде.

«Біз ұсынған бұл ақпарат ресми билік тарапынан ресми айтылып, жарияланбаса да, біздің Үкіметтегі дереккөздеріміз тарапынан расталған әңгіме», - деді әзірбайжандық әріптесіміз.

Ал «modern.az» редакциясы: «Әзірбайжанда орыс тілді мектептер жабылып жатыр», - деген атпен мақала жариялады.

Онда: «Әзірбайжанда жұмыс істейтін орыс тілді мектептер көп жылдар бойы қызу пікірталасқа негіз болып келді. Бұл мектептер тәрбиелік үлгіден гөрі идеологиялық мұра, тарихи әдет, әлеуметтік нышан болып қала бергендей. Кеңес дәуірінен қалған білім берудің бұл түрі тәуелсіз Әзірбайжанның ұлттық мүдделеріне қаншалықты сәйкес келеді? Оның жауабы да анық: бұл мектептер өз қызметін бітіріп қойған және жабылуы тиіс», - деп жазылған.

«Орыс тілі кімге керек?» деген экзистенционалды сұраққа жауап іздеген әзірбайжандық әріптестеріміз: «Орыс тіліне деген сүйіспеншілік Әзірбайжан қоғамындағы жалған элитизм көрінісі» екенін айтады. Яғни, «орыс тілі – жабық есіктерге кілт болатын мүмкіндіктер тілі» деген қате түсінік қалыптасқан.

Әзірбайжан да пост-кеңестік кеңістіктегі ел саналғанымен, КСРО ыдыраған сәттен күні бүгінге дейін құндылықтар өзгерді. Жаңа буын қалыптасты. КСРО құрамында болған мемлекеттердің әрқайсысы өздерінің ұлттық кодтарын тапты. Тамырын таныды, өткеніне үңілді. Сөйтті де, «орысша оқу мәртебе емес» екенін білді. «орыс тілі – элита тілі» деген түсініктің нағыз ұлттық құндылықтардан алшақ, жасанды һәм ескірген көзқарас екенін көрді.

«Modern.az» редакциясы: «Орыс тілі, қанау тілі. Неге десеңіз: Әзірбайжанда орыс тілі жай ғана қатынас құралы емес. Осы тіл арқылы жылдар бойы ми қалыптасып, құндылықтар өзгерді, идеологиялық ықпал жасалды. Бүгінде орыстілді мектептер сол мұраны жалғастыруда. Бұл тіл емес, идеологиялық қанаудың құралы», - деп жазады.

Әрі қарай: «Өтпелі кезең аяқталды, шешім қабылдайтын кез келді. 1990 жылдары бұл мектептер өтпелі кезеңнің талабы ретінде қарастырылуы мүмкін еді. Бірақ бүгінде Әзірбайжанның тәуелсіз саясаты, экономикасы, мәдениеті бар. Бүгінде жастарымыз ағылшын, түрік, тіпті қытай, араб тілдеріне де қызығушылық танытып отыр. Ал орыс тілі қазірдің өзінде кешегі тіл, өткеннің белгісі», - дейді әзірбайжандық әріптестеріміз.

Әзірбайжандық әріптестеріміздің бізге ұсынған дерегінше: Қазірдің өзінде орыс тілді мектептерді жабу бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр. Ал елдің кейбір жетекші ақпарат құралдары Әзірбайжандағы орыс тілді мектептердің жабылатыны туралы хабар таратқан. Бұл туралы мектептердің «WhatsApp» топтарына хабарламалар жіберілген. Ал ата-аналарға орыстілді мектептер кезең-кезеңімен жабылатыны туралы хабарланған. Осылайша алдағы үш жылда орыстілді мектептер әзірбайжан тілінде оқытуға көшеді деп күтілуде.

Түйін: Егер Әзірбайжан қолға алып жатқан бұл бастама жүзеге асса - онда Ресей Оңтүстік Қапқазда Түркияға жеңілді деп сеніммен айтуға болады!

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар