КСРО кезеңінен жолаушылар вагондарының парктері қалай тарап кетті

RIAN_3050842.HR-pic4_zoom-1500x1500-54663.jpg

ҚТЖ 2022-2029 жылдарға ең кемі 469 жолаушы вагоны және 26 электростанция вагонын сатып алуға жүздеген АҚШ долларына тендер ойнатып жатқанына біршама уақыт болғаны анық, бұл тақырып әлеуеметтік желіде қызу талқыға салынып жатыр. Өйткені жолаушылар мен бюджеттің қомақты қаражатына өткізіліп жатқан тендерде елдің жолаушылар вагондары паркінің тағдыры, оның алдағы онжылдықтардағы сапасы, сыны, халық үшін жайлылығы қандай болатыны шешіліп жатыр. Таңдау ресейлік Трансмашхолдинг (ТМХ) және швейцариялық Stadler арасында жасалмақ.

Еске салсақ, тендер «Тұлпар-Тальго» зауытын сатып алумен байланысты, зауытта осыған дейін испандық жолаушы вагондары құрастырылған, ал енді зауытта аталған байқауда жеңіске жеткен компанияның вагон өнімі шығарылады. Белгілі болғандай,  ҚТЖ осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік «Трансмашхолдинг» зауытымен вагон жасау зауытын сатып алу туралы мәміле жасасқан болатын. Алайда, бұл мәміле сенімгерлік басқару туралы келісімшартқа ұласып кетті де былтыр «Трансмашхолдинг»  компаниясының Тверь вагон жасау зауытынан әкелінген вагондары «Тұлпар» зауытында сөз жүзінде ғана құрастырылған. Өйткені «Трансмашхолдингте» вагондар шығару үшін СТ-КЗ сертификаты жоқ. Іс жүзінде ресейлік компания Қазақстан аумағында өзінің вагон топтамаларын құрастыруды бастауға дайын емес, демек «Трансмашхолдинг» «Тұлпар Тальгоны» басқаруға беру бойынша шарттарды орындамай отыр.

 Кереғар ситуацияны назарға алып, көрші елдерде осы салада қандай  ілгерілеу бар, олардың таңдауы қандай екенін саралау үшін теміржолдар торабымен жүріп өтуді жөн санадық.

 ҚТЖ мәліметтері бойынша Қазақстанда 2 240 жолаушылар вагоны қолданыста екенін еске салайық. Соның ішінде 670 вагон испандық «Тальго» маркалы вагондар, елімізде енді мұндай сападағы вагондарды сатып алу тоқтатылды, жаңа құрылымда 291 стандартты вагон  негізінен «Трансмашхолдинг» тобының Тверь вагон жасау зауыты шығарған болса, тағы жүзге жауық вагон ҚХР Тянь-Шань локомотив-вагон жасау зауытынан 2000 жылдары сатып алынған. БАҚ көздерінде материалдарды сараласақ, тәуелсіз Қазақстанда сонымен қатар Крюков вагон жасау зауытынан украиндық жолаушы вагондары сатып алынған. Жолаушы тасымалдайтын составтың тең жартысын кеңес одағы және неміс өндірісінен қалған ескі вагондар құрайды – 1 163 вагон. Соңғы кездері ескі 85 жолаушылар вагоны рельстен алынды, 2029 жылдың соңына қарай тағы 942 вагонды жарамсыз деп тану жоспарланған, алайда соның ішінде 285 вагонға күрделі жөндеу-қалпына келтіруден кейін тағы 16 жылға пайдалануға қайта берілмек.  Биыл «Трансмашхолдинг» компаниясынан қосымша 100 вагон сатып алу жоспарда, сондай-ақ алдағы сегіз жылда қандай жолаушылар вагондары болатыны, атап айтқанда ресейлік және швейцариялық  вагондар арасында таңдау жасау мәселесі шешілуде. Бұл ретте Нұр-Сұлтаннан Қарағанды, Павлодар мен Көкшетауға қатынау үшін 2014-2016 жылдары «Трансмашхолдингтің» Демиховский машина жасау зауытынан сатып алынған электричкаларды да ұмытпаған жөн.

 Орта Азия торабы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шенеуніктері бірнеше жылдардан соң Түркістаннан Ташкентке жоғары жылдамдықта жүретін пойыз торабын салып, Қазақстан мен Орта Азияны байланыстырамыз деп уәде беруде. Жібек жолының бұл бағыттағы торабына қандай вагондар пайдаланылатыны әзірге белгісіз, бірақ жолаушылар теміржол тасымалын дамытуда Өзбекстан қозғалмалы составты жаңартуға күш салып жатыр. БАҚ көздерінде өзбек елінен жұмыс мигранттары толы вагондармен Ресейге толастамай баруын көрсеткенімен, бұл елде кез келген салада даму қарқыны байқалады. Өзбекстан 2025 жылға дейін жолаушылар вагондарын 300 бірлікке жаңартуды жоспарлап қойған, деп жазады review.uz. Соңғы бес жыл ішінде «Узбекистон темир йуллари» жаңа 152 жолаушылар вагонын сатып алған, ал ескі паркте күрделі жөндеу жүргізілген соң 570 вагон жаңартылып, қолданысқа берілген.

 Алайда, «Узбекистон темир йуллари» сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, негізінен жолаушылар тәуелсіздікке дейін құрастырылған вагондарды қолданатытын, тәуелсіздіктің алғашқы 2 онжылдығында ресейлік және неміс вагондардың шағын партиялары ғана сатып алынғаны жазылған.

 Ескі вагондар Ташкент жолаушылар вагондарын жөндеу зауытында жаңартылып, жөнделіп отырған, бұл зауытта заманауи вагондар өндірісі іске қосылған – 2009 жылдан бастап онда қызмет көрсетуде жайлылық пен сапа талаптарына сай келетін вагондардың 100 бірлігі құрастырылды. Айта кетейік, былтыр зауыт қазақстандық және ресейлік компаниялармен ескі вагондарды жөндеу және жаңаларын жеткізуге 2,1 млн долларға келісімшартқа қол қойды. Бұл ретте Өзбекстан азаматтары 60 жыл бұрын қолданысқа берілген ескі вагондарды пайдалануға шағымдар түсіріп жатқанын жергілікті БАҚ көздерінен байқауға болады. Алайда медиа деректері бойынша 2009 жылдан бастап жолаушылар паркін дамытуға Өзбекстан 82 млн АҚШ долларын салған, соның ішінде 27 млн АҚШ доллары 203 вагонды жөндеуге және 55 млн АҚШ долларын испанлық Talgo компаниясы өндірген 47 вагонды сатып алуға жұмсаған.

 Бүгінде Өзбекстан жолаушылар тасымалында ірі қалалар – Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Қарши, Науаиді байланыстарын ұзындығы 741 км жоғары жылдамыдықты темріжолдың қолданысқа берілуі – айтарлықтай ілгерілеу саналады. Онда жергілікті модификацияны ескере отырып, Talgo испан компаниясында шығарылған «Афросиаб» атауымен ауыспалы тоққа негізделген жоғары жылдамдықты 4 электр пойызы жүйткиді. Көрші елдің осындай сәтті тәжірибесі әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан қазақстандық теміржолшыларға үлгі ретінде айтылып жүр.

 Ферғана даласын кесіп өткенде Тәжікстанның теміржол арқылы жолаушылар тасымалы баяу дамып жатқаны байқалады, әсіресе Өзбекстанмен байланысты учаскелердің бір бөлігі ажыратылған. Ұзақ жылдар бойы осы желіге ескі кеңестік вагондар қызмет көрсеткен. 2012-2013 жылдары Крюков вагон жасау зауытынан 100 вагон сатып алынды. 2016 жылы «Тәжік теміржолы» Эстониядан жаңа жолаушылар пойызын сатып алды. 2020 жылы Тәжікстанның РФ-тағы өкілдігі «Трансмашхолдинг» компаниясының Тверь вагон жасау зауытынан жолаушылар вагондарын сатып алуды жоспарлағанын мәлімдеген. Алайда, Тәжікстан елінде бұл мақсатқа қаражат жеткіліксіз болғанға ұқсайды. 

 Қырғызстанда теміржол желісі бытыраңқы, жолаушылар тасымалы аз, негізінен Ресей маршруттарына байланысқан, қалааралық шағын бағыттар бар. Ішкі желі ескі кеңестік кезеңнен қалған вагондармен қамтылған, оның бір бөлігі баяғыда неміс зауытында құрастырылған, қазір бұл зауытытң іргесі де жоқ. Ескі вагондарға қосалқы бөлшек тапшы, осындай вагондардың қолданыс мерзімі 30 жылдан асып кеткен дейді саладағы қырғыз мамандары.

 Түрікменстан жабық ел болғандықтан бұл елдің жолаушылар вагондарына қатысты ақпарат аз. Дегенмен, Түрікместан темір жолдарының ресми сайтындағы фотосуреттерге сүйеніп, онда да ескі кеңестік вагондар қолданылатынын аңғаруға болады, тозығы жеткендерін Өзбекстанға жөндеуге жөнелтеді. Бұл елде жолаушыларға арналған составтың бір бөлігі Тянь-Шань және Сыфан вагон құрылыс зауыттарынан (ҚХР) бірнеше жүздік вагон сатып алынған.

Еуропаға кавказдық бағыт

Каспий айдынымен вагондарды тасымалдайтын паром арқылы арғы бетке өтсе, онда жолаушылар тасымалының басқа нарығымен танысуға болады. Мысалға Әзірбайжанда жолаушыларға арналған қозғалмалы составты соңғы жылдары Швейцария мен Белурасьта құрастырылған Stadler вагондарын сатып алу арқылы жаңартып жатыр.

 2014 жылы Әзірбайжан теміржолдары (Azerbaijan Demir Yollari) швейцариялық компаниядан ысырмалы табанды 30 жатын вагон сатып алған, бұл вагондар Баку-Тбилиси маршрутына, кейін 2017 жылы салынған теміржолмен түріктің Карс өңіріне дейін бағытқа қолданылуда.

  Әзірбайжан темір жолдары 2015-2018 жылдары Stadler компаниясынан KISS моделінен екі қабаттан тұратын 9 пойызды сатып алды, олар күнбе күн Баку-Сумгаит бағытында ішкі рейстер бойынша жүйткіп жүр.  ADY және Stadler 2020 жылы FLIRT маркалы 10 пойыздың жеткізіліміне келісімшартқа қол қойды. Осылайша, бұл ел кеңестік заманнан қалған, тозығы жеткен вагондардан толығымен бас тартпақ.

 Арменияға келетін болсақ, бұл елде теміржол желісін Ресей теміржолдары тобына кіретін «Оңтүстік-Кавказ теміржолы» компаниясы басқарады. Оның басқару кезеңінде елге ресейлік «Трансмашхолдинг» компаниясынан 27 жолаушылар вагоны және ТМХ бақылауындағы Демихов машина жасау зауытынан  ЭП2Д электр пойызы сатып алынған, бұл пойыздар Ереван-Гюмри маршрутына қызмет көрсетіп жатыр. Арменияда да ескі кеңестік вагондар қолданылып келеді, ескі вагондарды Воронеж вагон жөндеу зауытында модернизациялап, Ереван вагон-локомотив депосында жөндеуден өткізген. 

Грузия нарығында Stadler компаниясының өнімдері сұраныста болғаны соншалық, Тбилиси-Батуми маршрутына  екі қабаттан тұратын 4 пойыз сатып алған соң 2018 жылы  Stadler Грузияда жергілікті үкіметтің шақыруы бойынша елде құрастыру қуаттарын салуға ниет білдірген. Осыған дейін Грузияның вагон жасау алаңында қытайлық  CRRC корпорациясының электрпойыздары жиналған, 2010 жылдан бастап бұл вагондар бірнеше теміржол бағытына қызмет көрсетіп келеді.

КСРО құлағаннан кейін жолаушылар тасымалының сегменті күрт қысқарған, бүгінде Грузияда қатынаудың барлық түрінде жолаушылар тасымалдайтын 9 пойыз жұбы қалған, деп жазады «Бизнес цензор» сайты. Порталдың ақпараты бойынша жолаушылар тасымалын жаңарту мәселесі түбегейлі шешілген жоқ, дегенмен ескі құрамнан бұл елде Чехословакияда жасалған, 60 жыл тарихы бар раритетті туристік вагондар сақталған.

Беларусь қарқыны 

 Грузиядан Украинаға вагондар Қара теңіз арқылы паромдармен тасымалданады. Үлкен территория мен кеңес заманынан бергі теміржолдың тармақталған желісіне қарамастан украиналық жолаушылар вагондарының паркі жаңарудан гөрі жөнделіп келді, бүгінде парк 90 пайызға тозған, алдағы жылдары составтарды толығымен ауыстыру керек. Бүгінде рельстен алынып тасталған вагондар саны сатып алынып жатқан вагондар көлемінен асып түскен. Бүгінде елде қолданыста 2,7 вагон бар, тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде жаңа 600 вагон сатып алынған, алайда вагондардың орташа қолданысы 32 жылды құрайды, ал нормативтік көрсеткіші – 28 жылға тең.

 Әрине, бастапқыда «Українська залізниця» вагондардың шағын партияларын Крюков вагон жасау зауытын сатып алып отырған, бұл зауыт Украинада қозғалмалы состав өндіруші монополист компания. Бірақ көп жағдайда украиналық теміржол тапсырыстары КВСЗ вагондардың сапасына байланысты іске асырылмай жатты. 

 2010 жылдардың басында Украинада поляк электр пойыздарын құрастыруды қолға алмақ болған, нәтижесінде мұндай жоспардан Польша тарапы бас тартты. Бұдан бөлек, Еуро-2012 науқанына байланысты Hyundai маркалы жоғары жылдамдықтағы 10 пойыз сатып алынды, Кореяның нәзік вагондары Украинаның аязына шыдамады, вагондар қайта қайта істен шығып жатты, азаматтар тарапынан шағымдар көбейді. Осы еуро чемпионатқа чехиялық өос қабаттан тұратын Skoda маркалы екі электр пойызы сатып алынған, бірнеше жыл өткен соң олар да істен шыққан, көп ұзамай күрделі жөндеуге жіберілді.

 Теміржол торабында жолаушылар тасымалын түбегейлі жоғалту қаупін ескере отырып, бұл елдің билігі өткен жылдың күз айларында пойыздарды толық жаңартатынын, осы мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінетінін жариялаған. Осы процеске қатысуға украиналық Крюков вагон жасау зауыты және Қытай өндірушілері ынта танытуда. Стандартты жолаушылар вагондарынан бөлек бұл елде жоғары жылдамдықтағы пойыздарға қызығушылық бары мәлімделген, бұл бағытта қытайлық CRRC, түрік инвесторлары серіктес бола алады, тіпті Hyundai компаниясы 1,3 млрд АҚШ долларына жоғары жылдамдықтағы 39 пойызды жеткізуге дайын.

 Украинаның нарығына үлкен қызығушылықты швейцариялық Stadler компаниясы білдірген, компанияның басшылығы қаңтар айында Украинаның президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өткізді. Кездесу барысында компания қозғалмалы состав жасау бойынша бірлескен өндірісті құру туралы ұсыныс жасаған. Өткен жылдың шілде айында «Укрзализныця» басшылығы Stadler Rail компаниясымен Украинада электро- және дизель пойыздарын қолдану мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізген еді.

 Биыл «Українська залізниця» Крюков вагон жасау зауытынан 85 жаңа вагон сатып алып, қалааралық 50 вагонға жаңарту жасамақ. Бұл мақсатқа Киевьте электричкалардың жеке өндірісі және биыл 11  электр пойызына жөндеу жүргізілетіні хабарланған.

 Молдовада жағдай мүшкіл, қаражаттың жетіспеуі және жолаушылар ағынының төмендеуі салдарынан теміржолдағы жолаушыларға арналған состав жаңартылмаған, жартысы кеңестік заманнан келе жатыр, мәселен Молдова паркінде 1980 жылдардың басында жасалған венгриялық дизельмен жүретін он шақты пойыз әлі күнге дейін қолданыста. Соның ішінде бесеуі Румынияда жаңартудан өткен, онда вагондарға жұмсақ креслолар, теледидарлар, кондиционерлер мен биотуалеттер орнатылды, дегенмен сапасыз модернизация жүргізілгендіктен бұл қондырғылар жиі істен шығуда.

 ТМД елдерінің еуропалық бөлігінде теміржол саласында Беларусь өзгелерден көш ілгері.  Бұл ел қаражаттың шектеуіне қарамастан швейцариялық Stadler компаниясымен ынтымақтастық орнату арқылы Минскіде вагон құрастыруды жолға қойды. Бұған қоса елде Минск вагон жөндеу зауыты мен Гомель вагон жасау зауытының шығару қуаты сақталған, олар жыл сайын бес мың бірлікке дейін өнім шығара алады. Мысалы, 2020 жылы осы өндірістердің бірінде ҚТЖ жолаушылар вагондары күрделі-қалпына келтіру жөндеуінен өтті.

Беларусьта жаңартылған 1,3 мың вагоны бар, ішкі маршруттарға электр және дизель отынды пойыздар қолданылады. Халықаралық тасымалдарды дамытуға 2020 жылға дейін 80 вагон және заманауи алты вагондық алты пойыз, бес вагондық алты пойыз және төрт вагондық төрт пойыз сатып алу көзделгені жайында Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпараттық жариялымында жазылған. 2021-2025 жылдары Беларусь швейцариялық компаниядан бес вагондық 10 пойызды сатып алмақ.

Осылайша Беларусь ескі паркті толығымен стандартқа сай Stadler пойыздары мен вагондарына жаңартып жатыр. Бұл елде швейцариялық команияның вагондарын пайдалану 2011-2012 жылдары өңірлік тізбектерде бастау алды, содан кейін жергілікті бағыттарға қолдану үшін Stadler FLIRT 6 пойызын жеткізуге келісімшарт жасалды, олар Минск-Брест және Минск-Гомель маршруттарына қызмет көрсетуде.

Беларусьта Stadler пойыздарын құрастыру 2014 жылы басталды, бүгінде «Штадлер Минск» зауытының өнімі –  Әзірбайжан, Норвегия, Швейцария, Венгрия, Словения мен Боливияға экспортталады.

Дегенмен,  Беларусь теміржолы «Трансмашхолдинг» Тверь вагон жасау зауытының әлі де клиенті саналады, өйткені жыл сайын ресейлік өндірушіден оншақты купе және плацкартты вагонды сатып алып отыр.

 

 «Трансмашхолдинг» ауқымы

Шығысқа қайтар болсақ, посткеңестік кеңістікте жолаушылар вагондар өндірісінің негізгі нарығы Ресей болып отыр, ондағы «Федералды жолаушылар компаниясы» басты ойыншының паркі құрамында 16 мың бірлік вагон бар. Жыл сайын компания өз паркін жаңартуға жүздеген вагон сатып алады. 2020-2025 жылдар аралығында 4,2 мың купе вагонды жаңарту көзделген. 2019 жылғы келісімшарт бойынша осы көлемнен 3,7 мың вагон «Трансмашхолдингтің» Тверь вагон жасау зауытынан сатып алынады. 2020-2022 жылдар аралығында ескі 4,4 мың вагонды рельстен түсіріп, 2 мың вагонды қайта жаңарту жоспарланған, демек парктің 30 пайызы жаңартылады. Ал 2017 жылмен салыстыратын болсақ, парктің 50 пайызы жаңарады, бұл ретте қос қабаттан тұратын вагондар саны 500 бірлікке өскен.

 ФПК вагондарының басым бөлігі биотуалет және кондиционерлермен жабдықталған, смартфондарды зарядтау қондырғылары, бейнебақылау жүйелері, электр тақталар орнатылған, жаңаша вагондарда Wi-Fi желісі бар. Тұтастай алғанда, оларды қолдану мерзімі 17 жылға тең, 2020 жылдың басына парктің тозу көрсеткіші 50 пайыздан асқан. Алайда парктің жаңару серпініне қарасақ, ФПК-да 2025 жылға қарай ескі вагондар үлесі небәрі 10 пайызды құрамақ.

 ФПК жаңарту жұмыстарын вагондарды сатып алумен ғана емес, сондай-ақ тұстас составтарды сатып алумен жүргізіп жатыр, мәселен, «Тальго» өндірген «Стрижи» составы халықаралық және қалааралық бағыттарда қолданылады, «Трансмашхолдинг» компаниясының Демиховский машина жасау зауытынан шыққан «Иволга» электр пойыздары қолданыста. Бұдан бөлек, елде анағұрлым ірі қалаларға Германияда Siemens компаниясымен өндірілген жоғары жылдамдықтағы «Сапсаны» пойыздары қызмет көрсетеді. Осы компания Ресей нарығына Синара тобының кәсіпорнымен бірлесіп, «Ласточка» электро пойызы мен вагондар шығарылады. Ал швейцариялық Stadler компаниясы ресейлік нарықта Stadler KISS  маркалы қос қабатты электрпойыздармен таныс. Бұл пойыздарды 2018 жылы Әлем чемпионаты қарсаңында Мәскеу орталығынан әуежайларға дейін маршруттарға қызмет көрсететін «Аэроэкспресс» компаниясы сатып алған.

ТМД ауқымында жолаушылар вагоны нарығын саралап, қазақстандық теміржол жағдайына оралатын болсақ,  онда бұрыңғы КСРО аумағында Тверь вагон жасау зауытының Ресейде жалғыз ірі тапсырысы 4 жылдан кейін аяқталатыны анық. Демек, «Трансмашхолдинг» жолаушылар вагондарын шығару бойынша қуаттылықты жүктеуде ҚТЖ-мен 2029 жылға дейін  келісімшарт жасауға қатты мұқтаж, сондықтан өткізіліп жатқан тендер ресейлік машина жасау корпорациясы үшін аса маңызды.

 

 



Ұқсас тақырыптар