Мазасы кеткен «Барахолка»

photo1637335041.jpeg


Алматыдағы «Рахат» базарында жұмыс істеп жүрген 300-ден астам кәсіпкер далада қалмақ. Қала билігі базардың жерін тартып алып, басқа мекемеге беріп отыр.


Алматыдағы «Рахат» базары орналасқан жер теліміне қатысты дау шешімін таппай отыр. 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Рахат» базарының өкілдері мен заңгерлер бүгін мәлімдеме жасап, қала билігі жерді заңсыз тартып алып отырғанын хабарлады.



 «ТКМ» ЖШС-нің өкілі Жәмиля Түленова аталған базардың жеріне қатысты жергілікті атқару органдары мен сот билігі тарапынан озбырлық жасалып отыр, деп айыптады. Өйткені 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан сот дауы әлі шешімін табар емес.  


Жер дауы


«Рахат» базарының жеріне қатысты сот 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта жергілікті атқару органдары, оның ішінде Алматы әкімдігі мен өкілетті органдар тарапынан заңсыздықтар жасалуда. Басты дау «Рахат» базары орналасқан 96 сотық жердің жалға алу мерзімін ұзарту. 2018 жылы қала әкімдігі базарға иелік етіп отырған «ТКМ» ЖШС-не жер учаскесін жалға алу мерзімін бұдан әрі ұзартпайнын мәлімдеді. Оған себеп - бұл жерде зират орналасқандықтан санитарлық-қорғау аумағына жататыны алға тартылды»,-дейді Ж. Түленова. 


Көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келген базар бұған дейін ешкімге кедергі болмаған. Алайда, қаланың бұрынғы басшысы Бауыржан Байбектің тұсында базарға жерді жалға беруге үзілді-кесілді тыйым салынған. Одан кейін сот басталып, онда жер санитарлық-қорғау аумағында тұрғаны туралы қаулы шыққан. «ТКМ» ЖШС-нің барлық өтінішін Алматы әкімдігі қанағаттандырмаған. Дегенмен, 2019 жылы Алматы қаласының Экономикалық соты «ТКМ» ЖШС-нің өтінішін қанағаттандырып, жергілікті атқарушы органның әрекетін заңсыз деп тауыпты. 


 «Сот барысында бұл жер учаскесі 2019 жылдың 30 мамырында Жер комиссиясының шешімімен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген «Almaty CPS» ЖШС-не берілгені белгілі болды. Олар бұл жерде жиһаз шығаратын фабрика тұрғызып, көрме павильондарын құрмақшы. Яғни инвестициялық жобаны іске асырады. Сонда бұл мекемеге келгенде санитарлық-қорғау аумағы деген қаулы жүрмей ме? Заң бойынша қызметін дұрыс атқарып отырған мекеменің жерді ары қарай жалға алу құқығы басым. Алайда ол ескерілмей отыр,-дейді «ТКМ» ЖШС-нің өкілі.


Осы жылдың 13 сәуірінде «Атамекен» ҰКҚ алаңында тараптардың қатысуымен жиын өткен. Оған мемлекеттік органдар, базарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер, «ТКМ» ЖШС-і және «Almaty CPS» мекемесінің өкілдері қатысыпты. Жиында өз қателігін түсінген Алматы әкімдігі  «Almaty CPS» ЖШС-не жобаларын іске асыру үшін қаланың Индустриалды аймағынан жер бөлуді ұсынған. Алайда, мекеме базар аумағын көптен бері таңдап жүргендерін алға тартып, ол ұсынысқа келіспеген. Мекеме қаладағы 25 базардың орынын саралап, осы «Рахат» базарының орыны фабриканы тұрғызуға лайық деп тауыпты. 


«Жиында қаланың атқарушы органдары бұл жерді пайдалану жөнінде шығарған қаулылары неліктен бір-біріне қарама-қайшы екенін түсіндіріп бере алмады. Бізге бұл жер санитарлық-қорғау аумағы болғандықтан жалға берілмейді десе,  «Almaty CPS» ЖШС-не жер телімін сауда-көрме павильонын, жиһаз фабрикасын  салу үшін игеруге болады деген. Жиын соңында барлығымыз сот шешімін күтеміз деп тарқасқанбыз. Дегенмен сот органдары заңды аттап өтіп, барлығын «Almaty CPS» ЖШС-нің пайдасына шешіп беріп, оларды ашық түрде қорғап жатыр. Қазір біз Алматы қаласының кейбір сотына сенімсіздікпен қарайтын болдық. Сондықтан біздің президенттен араша сұраудан басқа амалымыз қалған жоқ. Үнімізді жоғары жақтағылар естіп, әділ шешім шығарады деген үміттеміз,-деді  Ж. Түленова. 


Сонымен қатар ол 27 қыркүйекте өткен Алматы қалалық сотының қаулысына наразы екендерін жеткізді. 


Сот коллегиясына төрағалық етуші Әбсеметова болды. Бұл қаулы еш заң талабына сай емес. Азаматтық процестік кодексте көрсетілген нормативтік процессуалдық нормалардың барлығын айналып өтіп, сот озбырлығына барып отыр. Өйткені «2018 жылдан бері шығарылған сот шешімдерінің бәрі заңсыз қабылданды, «ТКМ» ЖШС-нің бұл жерде құқығы жоқ» дегенді бекітіп отыр. Оның үстіне ешқандай дәйексіз біздің мекемені мемлекеттің қалтасына түсетін қаржыны жымқырып отыр және кәсіпкерлердің арасына әлеуметтік наразылық тудырып отыр, деген тұжырым жасаған. Бұл миға қонымсыз нәрсе. Алматы сотының басшысына жазған шағымдарымыздың бәрі аяқсыз қалып отыр,-дейді «ТКМ» ЖШС-нің өкілі. 


Бұл нақты «рейдерлік» іс


«Рахат» базарында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүрген заңгер Бақытжан Базарбек «ТКМ» ЖШС-не қатысты жер дауында заңбұзушылық орын алғанын айтады.


«Базардың жеріне қатысты Алматы әкімдігі, Жер қатынастары басқармасы, Урбанистика басқармасы тарапынан заң бұзушылықтар болған. Бұны шенеуніктер мен сот тарапынан жасалып отырған озбырлық дер едім, одан басқа ештеңе көріп отырғам жоқ. Жерді жалға алып отырған «ТКМ» ЖШС-нің жалға алу мерзімі аяқталған. Олар қала әкімдігіне оны ұзарту жөнінде өтініш береді, алайда олар жерді оған беруден бас тартып, басқа мекемеге берген. Заң бойынша бұлай болмау керек. Біреуден алып, екіншісіне тапсыру бұл нақты рейдерлік»,-дейді заңгер. 


Оның айтуынаша, Жер кодексіндегі  37 бапта жалға алған жердің мерзімін ұзарту жөніндегі келісімшарт  жер комиссиясымен қаралмайды.  Алайда қала әкімдігі, Жер қатынастары жөніндегі басқарма 37 бапты елемей, оны жер комиссиясының қарауына жіберген. 


«Егер бізде Прокуратура нақты жұмыс істейтін болса, бұл норманың бұзылып жатқанын анықтар еді. Бұл жерде қаулыны тек қала әкімдігі шығару керек еді. Мұның барлығы сот материалында анықталды. 2017-2020 жыл аралығында 80-ге жуық жерді жалға алу мерзімін кейінге ұзарту мәселесі Жер комиссиясында қаралған. Егер осы аралықта Жер комиссиясында қаралған барлық арыздар мен материалдар қайта қаралып, тексерілсе көптеген заңсыздықтар анықталатыны сөзсіз. Жерді бұрыннан жалдап келе жатқандар өз құқықтарының тапталып жатқанын біле бермейді. Өйткені жалға алынған жердің мерзімін ұзарту Жер комиссиясымен қаралмайды, оны «Атамекен» ҰКҚ мекемесі де растап отыр»,-дейді Б. Базарбек. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар