Интернеттегі теріс ағым

3.jpg


ХХІ ғасыр – интернет дәуірі. Қазіргі жастар мен балалар ғаламтордың басты пайдаланушылары екені жасырын емес. Күн сайын мыңдаған ақпарат алып, мыңдаған жаңалық тыңдайды. Кез-келген сауалдың жауабын бір минутта іздеп тауып алады. Ал сол сауалдың шынайлығына мән беретін бала емес. Яғни, ақпараттар фильтрі жоқ. Бала санасы оны жасырын да қарап, түрлі ойға жүгінуі мүмкін. Дін мәселесіне қатысты сауалдарды да интернеттен іздеп, түрлі әлеуметтік желілердегі теріс уағыздарды тыңдап, санасын улай бастайды. Жат ағымдар туралы айтқанда, ең алдымен жастардың мәселесі алға шығады. Себебі, деструктивті діни ағымды таратушылар алдымен жастарды жандарына жиюға тырысады. Олардың сенгіш, ақпараттарды талдай білмейтінін жақсы біледі. Деструктивті ағымдардың ақпаратын тыңдап, кейін өзі де экстремистік топқа қалай мүше болғанын байқамай да қалады.

Сонымен қатар, бүгінде жастардың жүз пайызға жуығы ғаламтор меңгерген. Ал, жалған діни ұстанымды таратушыларға әлеуметтік желілер арқылы насихат жүргізген өте оңай әрі оңтайлы. Олар осы әдіс арқылы адам психологиясына қалай әсер ету керектігін жақсы біледі. Бүгінгі қоғамды мазалаған экстремизм мен терроризмді болдыртпауда интернеттегі діни жат идеологиялардың алдын алу аса маңызды. Бұл тұрғыда ШҚО Дін істері мәселелерін зерттеу орталығының мамандары интернет желісіндегі діни теріс ағымды насихаттайтын сайттар мен парақшаларды анықтау, талдау, бұғаттау және оның иелерімен түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Әлеуметтік желі әсерінен деструктивті діни ағымдардың арбауына күн сайын қаншама жас түсіп жатыр. Олар алдымен ақпаратты қызығудан, оның не екенін білу үшін қараса, артынан өздері осы теріс ұйымға мүше болып, өзгелерге деструктивті уағыз айта бастайды. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – интернет желісінде көптеген теріс топтар мен серіктестіктерге кірген жастарды уақтылы шығару, олармен байланыс орнату. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сауатты жеткізе білу, - дейді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерсін Қожанжаров.

Ұлы немесе қызы дінге бет бұрса, балам имандылыққа бет бұрды деп қуанады. Шын мәнісінде, ол қандай дін ұстанғанын ұқпайды. Сол үшін әрбір ата-ана өз баласының өзінің және мемлекеттің болашағы екеніне баса мән беру керек. Тәрбиесімен жіті айналысып, оның озық ойлы азамат болып қалыптасуын қатаң бақылауға алғаны жөн. Өйтпеген жағдайда, деструктивті ағымдар әке-шешенің бұл қателігін мүлт жібермей, өз мақсаттарына пайдалануы әбден мүмкін.

Қазақстандағы діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарда ағартушылық шараларға үлкен басымдық берілетіндігін айта кету керек. Елімізде тұрғындардың дәстүрлі дін түсінігіне негізделген сауатын арттыру және діни сипаттағы радикалдық идеяларды әшкерелеу мақсатында ағартушылық интернет-порталдар мен зайырлы және діни мазмұндағы көптеген интернет-ресурстар жұмыс істеуде.


Әсем Жылқышева

 ШҚО ДМЗО орталығының маманы



Ұқсас тақырыптар