Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Ресейге сатылған Орал әуежайы туралы түсінік берді. Оның айтуынша, нысан ресейлік кәсіпкердің иелігіне берілген жоқ, тек сенімгерлік басқаруға ғана берілген.
«Әуежайдың бір бөлігі әкімдікке және Aqjaiyq әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі, яғни ол республикалық меншікте емес. Менің білуімше, тек ұшу-қону жолағы ғана мемлекеттік меншікте», – деді министр.
Оның сөзінше, бұл жерде бір түсінбестік бар. «Әңгіме стратегиялық нысан – ұшу-қону жолағы туралы емес, тек әуежайды басқаратын ЖШС туралы», - деп толықтырды Жамаубаев. Осылайша министр мәміленің егжей-тегжейін кейінірек түсіндіруге уәде берген.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәселені толық тексеру керектігін айтты.
«Министрлік пен әкімдік бұл мәселемен айналысқан. Күрделі жөндеуден өткізді. Тіпті әуежайдың жаңа терминал құрылысын қолға алды. Соның бәрі мемлекеттің қолдауымен жасалды. Менің ойымша, мемлекет жөндеген стратегиялық нысандар – мемлекетке тиесілі.
Бірақ объект пен ұшу-қону жолағына қатысты мәселелер болған. Терминал жеке меншікте еді. Алайда жекеменшікке алған инвестор ұшу-қону жолағын не терминалды жөндеуге бір тиын да шығарған жоқ. Оны мемлекет жасады. Сондықтан мұны анықтауымыз керек", - деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайын сатып алған компания иелерінің бірі – Ресейлік миллиардер Виктор Вексельберг екенін жазған едік.
Виктор Вексельберг – ресейлік олигарх, Екатеринбургте тіркелген «Ретранс» компаниясына иелік етеді.
«Ретранс» АҚ Вексельбергтің бақылауындағы «Ренова» тобына қарайтын «Аэропорты регионов» басқару компаниясы арқылы бірнеше авиациялық активтерді басқарады. Холдингтің құрамына Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Ростов-на-Дону, Жаңа Уренгой, Петропавл-Камчатский, Благовещенск, Орынбор және Тобыл әуе порттары кіреді.
Mezgil.kz