Отан отбасынан басталады! Патриотизм де отбасынан басталады!

Mezgil.kz ақпараттық порталы қазақстандықтар арасында патриотизм сезімін артыруды мақсат тұтып, осы бағытта ел ішінде атқарылып жатқан идеологиялық жұмыстар туралы есім-сойы елге белгілі саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновпен шағын сұхбат жасаған еді. 


201021101942194a3708837i.jpg

Спикер - Қазыбек Майгелдинов. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы.


- Жалпы патриотизм неден бастау алады? Қазақстандағы патриотизм деңгейі қандай?


- «Отан отбасынан басталады» демекші, патриотизм отбасынан басталады. Яғни өз отбасына, ата-анасына, үлкендерге деген құрмет, өзінің туған жеріне деген құрмет, міне, осыдан негізі патриотизм бастау алады. Бұл сұрағыңызға кеңінен тоқталар болсам, жалпы елімізде патриотизм үздіксіз үрдіс ретінде дамымай отырғандығы бар. Яғни идеологиялық тұрғыдан қарасақ, отбасынан тәрбие алып, отанға деген сүйіспеншілігін алған бала одан кейін осы құндылықтарды балабақшада, кейін мектепте, жоғары оқу орнында, үлкен қоғамда қадам басып, жұмыс ортасында жалғасын табу керек. Үздіксіз патриотизм деген осында жатыр. Мұның барлығы, әлбетте, ең алдымен ақпараттық деңгейде, яғни ақпараттың берілу, таратылу және де ең бастысы дұрыс бағытта жүргізу мәселесінде орын алу керек. Мәселен қазір нарықтық экономика, капитализм деген ұғымның астарында азаматтардың немқұрайдылығы байқалып отыр. Немқұрайдылық неде?! «Үйімде таза болса болды, есік алды шашылып жатса мейлі немесе өзім қауіпсіз жағдайда жүрсем болды, көшеде қандай да бір әрекеттер болып жатса, оның маған қатысы жоқ» деген сияқты пікірлер. Патриотизм деген тек қана жай отансүйгіштік емес. Патриотизм бұл – отанымыздағы, қоғамдағы әр болып жатқан келеңсіз жайттарға немқұрайды қарамай, керісінше, өзінің үлесін қосуға тырысу. Осылайша мемлекетіміздің дамуына, мемлекетіміздің алға басуына өз тарапымыздан жасалатын әрекеттер. Алайда мұның барлығы дәріптелмесе, бойға сіңірілмесе, паттерн ретінде, яғни іс-әрекет үлгі ретінде көрсетілмесе, әрине, онда осы патриоттық тәрбие беруде үлкен кері үрдістерге тап боламыз.


- Жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызы неде?


- Қазірдің өзінде жастар арасында талпыныстар бар екенін байқаймыз, әлеуметтік желілерден көріп отырамыз. Мысалы, олардың еріктілер тобына қосылып, қандай да бір ауыр жағдайлар болған кезде қолдауға әрдайым көмекке келіп, жақсылық жасауға өздерін итермелейді. Бірақ бұл бірен-саран ғана. Қазір жастар арасында NEET жастары деген термин пайда болды. Яғни ештеңемен айналыспайтын, ештеңеге қызықпайтын санаттағы жастардың пайда болғанының өзі шын мәнінде көңіл көншітпейтін жағдай. Осы тұрғыдан алған кезде жастарға патриоттық тәрбие беру дегеніміз бұл бала кезден, кішкентай кезден құйылатын, салынатын, құрастырылатын үлкен ғимарат деп айтсақ болады. Осы ғимараттың ең алғашқы тастары дұрыс қойылмайтын болса, ертеңгі күні отанды қорғауға, отанды сүюге, оны әрдайым мақтан тұтып, отан үшін күресуге дайын азаматтарымыздың қатары сиреп қалатындығы хақ.


- Қазақстан көпұлтты мемлекет және көпконфесиялы мемлекет. Осы орайда патриоттық тәрбиенің идеологиясы қандай болуы керек?


- Әрине, еліміз көпұлтты мемлекет деген мәселеде тәрбие идеологиясын басты тетігі – бұл Қазақстан халқы. Яғни Қазақстан халқы ортақ үйдің ішінде өмір сүріп жатыр. Бұл жерде ұлтжандылық пен ұлтшылдықты айыра білу керек. Тек қана қазақ халқының мәртебесі, хал-ауқаты, қазақ халқының тағдырына ғана баса назар аударуды емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдері де осы отанымыздың көркеюіне, гүлденуіне үлес қосқанын көріп отырсақ оларды неге қолдамасқа?! Мысалы, спортта, түрлі өнер додаларында орыс ұлты, өзбек ұлты және басқа да ұлт  өкілдері бір Қазақстанның туын желбіретіп еліміздің мақтанышы болып жатыр. Бұдан өзге өзінің адал еңбегімен еліміздің өркендеуіне, көркеюіне үлес қосып жатқан көзге көрінбейтін қаншама мысалдар бар. Әрине, ұлтымызға жанымыз ашуы керек. Дегенмен елімізде басқа ұлт өкілдері өмір сүріп жатқаннан кейін Қазақстан халқы деген ортақ ұғымның аясында әрқайсысына құрметпен қарап, еңбегін бағалап, еліміздің дамуына, тұрақтылығын сақтауға үлес қосып жатқан азаматтардың барлығына ортақ құрметпен қарау идеологиясы болу қажет.


- Қазір ақпараттың, түрлі технологияның дамыған заманы. Жастарда еліктеушілік басым болады. Бұл патриоттық тәрбие беруге өз үлесін тигізіп жатыр ма, әлде керісінше зияны көп пе?


- Әрине, біз ақпараттық қоғамның жоғарғы деңгейінде өмір сүріп жатырмыз. Қазір барлық әлеуметтік желіде көптеген батыстық болсын, басқа да түрлі біздің менталитет пен болмысымызға, біздің өмір сүру салтымызға сәйкес келмейтін әртүрлі ақпараттар таратылып жатыр. Оған біз тосқауыл қоя алмаймыз. Дегенмен патриоттық тәрбие беруде іс-әрекет паттерні демекші, нақты бір үлгілерді кеңірек насихаттап көрсетуіміз керек. Tik tok, Instagram желісінде болсын қазір жеңіл жүріс, жеңіл ақша табу, жеңіл өмірдің образы насихатталып жатыр. Осы жерде біздің министрліктер, идеологиялық тұрғыда жұмыс атқарып жатқан бөлімдер, ең бастысы қағаз үшін көзбояушылықпен айналыспауы керек. Керісінше, айқын мысалдармен қысқа бейнероликтер түсіру арқылы, ауылдағы үлгілі жастарды, олардың нақты іс-әрекеттерін насихаттау керек. Бізде бұл мәселеде басқаша шығатын жол жоқ. Кез келген теріс немесе қажет емес ағымдарға, құндылықтарға, бағыттарға төтеп берудің басты құралы оған пара-пар келетін ақпарат. Тіпті одан асып түсетін басымдықтарды жүзеге асыру арқылы оны жасауға болады. Сонымен қатар бұл жерде жауапкершілік керек. Яғни балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің, жоғары оқу орындары оқытушыларының, мемлекеттік органдардың немесе басқа да квази мемлекеттік органдардың басшыларының жауапкершілігі бірінші орында. Өкінішке қарай, жауапкершілік бізден нөлге тең. Қазір әркім тек қана өзінің аумағындағы мәселеге аударып, жалпыұлттық немесе жалпымемлекеттік бағыттарды қолдауда ешқандай нақты қадамдар жасап жатқан жоқ. Облыс әкімдеріне қарасақ, әркім өзінің бір бөлек әлемінде өмір сүріп жатқандай көрінеді. Олай болмауға тиіс. Бір ортақ бағыт және соның жүзеге асыруын қадағалайтын, жүзеге асырылуын талап ететін нақты бір механизм болуы керек. Сондай-ақ идеологиялық нақты қадамдар бала кезден бастап үлкен өмірге аттағанға дейінгі уақытта үздіксіз насихатталып, таратылып отыру керек. Қазіргі таңда отбасылық мәселелерді шешуде көпбалалы отбасылар болсын немесе жалғызбасты әке мен ана, бала асырап отырған отбасы болсын, кез келген отбасының түріне қарамастан, осы отбасылық институтты дамытудың бір тетігін қарастыру керек. Өкінішке қарай қазіргі таңда ажырасу өте көп. Қазіргі таңда жалғызбасты әйелдер немесе жалғызбасты ер адамдардың бір немесе екі баланы асырап өсіріп отырғандығы байқалады. Мұндай жағдайда тәрбие беру ақсаңдау болады. Өйткені мемлекет тарапынан толыққанды жаңағы көмек көрсетіліп, қорғау, қамқорлық жасау тетіктері жұмыс істемейтін болса, мұндай отбасылар мемлекеттік ортақ құндылықтарға емес, жеке бастың құндылықтарына басымдық беріп кетеді. Мен мемлекет барлық отбасын өз қанатының астына алып, толықтай қамтамасыз етсін деп отырған жоқпын. Бірақ қазірдің өзінде элементарлы әлеуметтік қамсыздандыру, элементарлы тегін медицина, ең аз дегенде балалардың. бос уақытын қамтамасыз ету сияқты мәселелер әлі күнге дейін 30 жыл өтсе де шешілмей отыр. Нәтижесінде біз де осындай отбасыдан шыққан азаматтардан ертеңгі күні патриоттық сезімді талап ете алмаймыз. Осылайша нақты механизмдеді жүзеге асыру арқылы, осындай мәселелерді қарастыру арқылы ғана біз үздіксіз үрдістер нәтижесінде отансүйгіш нағыз патриот азаматтардың шығуына мүмкіндік жасайтын боламыз.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар