Отбасылық тәрбие: Алғыс пен бата

Қазақ жерінің табиғаты өте бай. Оның қойнауында қазіргі заман сұранысына лайықты небір қазбай байлық жатыр. Қазақстан жер көлемі жағынан ғана емес, кейбір қазба байлық көлемі жағынан да алғашқы ондық сапында тұрған ел. Ал, уран мен газ қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдер қатарында тұр. 

1699604763565024.jpg

Бұл бізге тәңірдің берген сыйы. Алайда, осыншама мол байлық тек игілікке ғана жаратылмаған:  егер оны дұрыс пайдалана алмасақ – ол байлық халықтың сорына айналуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында еліміздің орасан байлығын әлемдік алпайыт компаниялар иелік етуге ұмтылатыны анық. Ендеше, ол трансұлттық компаниялар елімізге тек қаржылық һәм технологиялық инвестиция салады, сөйтіп, мемлекеттің дамуына ықпал етеді  деп ойлау – жартылай ғана шындық болып табылады. Себебі, Қазақстан мемлекеті экономикалық әлжуаз мемлекет. Сондықтан, ол өз мақсатын әлі де ұлттық даму бағытына бұра алмай жатқан ел саналады. Осыған байланысты көптеген әлемдік компаниялар Қазақстанға «өз заңымен» келуде. Біз болсақ, солар салған ережеге бағынып, өзіміздің бүтін болмысымызды кірмелер әкелген «мәдениеттің» ығына жығып берудеміз. Ол қандай «мәдениет» екені, оның ұлтымызды қандай ұшпаққа шығаратыны – біз үшін беймәлім болып қалуда. Дәл осы жағдайда ұлт өз болмысын бүтіндеп, мемлекеттің егесі ретінде халқын өз мәдениеті төңірегінде жұдырықтай жұмылдырмаса – қазақтың өзі айтатындай «Жаман үйді қонағы билейді» дегеннің кебі келетіні сөзсіз. Олай болмас үшін, біз әр қазаққа және еліміздің әрбір азаматының бойына қазақтың ұлттық құндылықтарын сіңіруіміз қажет: бірыңғай салт‑дәстүр, бірыңғай тіл, бірыңғай дүниетанымдық көзқарас, бірыңғай мемлекеттік ұстаным бойымызда болуы керек. Бірақ, ол, әрине, бірыңғай отбасылық тәрбие жүйесі қалыптасқанда ғана жүзеге асады. Әзірге бізде ол жоқ. Бірақ біз оған ұмтылуымыз керек. Сондықтан бүгінгі көтерілетін тақырыптың аты «Отбасылық тәрбие: алғыс пен бата» деп аталды..

АЛҒЫСПЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР

Қазақ болмысында «алғыс» ерекше орын алады. Қазақтың отбасылық тәрбиесінің алтын өзегін «Жұрттан алғыс алу» атты тәмсіл құрайтыны анық. Өткенде біз қазақ халқы өз тарихында қайталанбас отбасылық тәрбие жүйесін құра алған халықтар қатарына жататыны туралы айтқанбыз. Соның шыңында «Адамгершілік», яғни – «Адам бол»  консепциясы (ол Абайдың философиясында «Толық адам» деп берілген) тұратынын айттық. Міне, қазақ халқы өзінің ұлттық‑отбасылық тәрбиесінде осыны негіз етіп алады да, оны «алғыс алу» идеясымен ұштастырады. Мәселен, қазақ салтында есі кірмеген, әлі тілі шықпаған ұл балаға «әпшу берші» деген әдет қалыптасқан. Қазір мұны біреулер «оғаш қылық» деп санаулары да мүмкін. Алайда, қазақтың отбасылық тәрбиесінде «әпшуіңді бер» дегеннің өзі белгілі бір тәрбиелік функцияны атқарады. Ол ‑ сәбиді ұл ретінде, болашақ жігіт ретінде тәрбиелеудің әліппесі. Бүл дәстүрде, сонымен бірге, балаға алғыс пен батаның не екенін ұқтыру, оның өсіп келе жатқан санасына сіңдіру мақсаты жатады. Яғни, үлкендер оның «әпшу иісін» қолынан алған соң, балаға «ой, мынау күшті екен» дей отырып, «дәу жігіт бол?» дейді. Осындай «алғыс» алған сәби де «алғыс» дегеннің дәмін өзі тата бастайды...  Болашақта, ол есейе келе қолға су құйып жүріп те, тіл алғыштығымен де «жұрттан алғыс жинауға» бейімделеді. Сол арқылы, қазақ тәрбиесі бала санасын болашақтағы «Елдік санаға» қарай бұрып отырады. Өйткені, елі мен жерін қорғаудың іргетасы баланың сәби шағынан басталуы керек екенін қазақ тәрбиесі алдын ала ескереді.

Бұл жерде қазақтың отбасылық тәрбиесіндегі мына ерекшелікті атап өту керек: қазақ жас баланың қалыптаспаған санасы әлі де болса алғыс пен батаның аражігін ажыратпайтынын, сөйтіп, бала өзіне қарата айтылған сөзді алғыс ретінде қабылдайтынын біледі. Сондықтан қазақтың балаға айтқан алғысын ‑ бата, ал батасын – алғыс деп қабылдауға болады.

Қазақ халқында әке мен шешенің орны бөлек. Халық даналығы «баланы Жаратушы береді» дей отырып, баланы өмірге әкелген ата‑ананың ролін төмендетпейді. Сол себепті де, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, ұрпақты өз табиғатына сай тәрбиелейді. Халық әке мен шешені сыйламағандық – мейірімсіздік пен қатыгездіктің ең тұрпайы көрінісі деп санайды. Ондайларды «уызында жарымаған» деген сөзбен сипаттап, «тексіз» деп атайды. Мұндағы «тексіз» сөзі – «тәрбие көрмеген» деген мағынаны білдіреді. Қазақ осыдан қатты сақтанып, «әкесіне қарап ұл өсер, шешесіне қарап қыз өсер» деген. Ал, қандай да болмасын қатыгездіктің қайнар көзі ‑ баланың жас кезінен «алғыс» дегеннің не екенін білмеуінен, баланың дұрыс тәрбие алмауынан туатынына еш күмәніміз жоқ.

Жалпы, әлемдегі бар халықтардың алғыс туралы ұстанымдары ортақ, ол, негізінен «адамгершілік» қалыбынан ауытқымайды. Мысалы, жазушы Шынар Әбілданың белгілі психолог О.Астапенковтың «Алғыс айтудың он екі қадамы» атты аудармасында бұл мәселе жақсы көтеріліпті.

Ол «алғыс айтуды меңгерген адам мағыналы (бүтін) әрі үйлесімді өмір сүреді. Әрбір айтылған алғыс – адамның өзіне қарай жасаған бір қадамы, өзін өзі тануы. Себебі, алғыс алушының ғана емес, алғыс айтушы адамның да ішкі жан дүниесі кеңейіп, мейірім‑шуаққа бөленеді» дейді. Дұрыс сөз!

Одан әрі психолог алғыстың классификациясына назар аударады:

Ұлы Ғаламдық Жаратушыға алғыс (Маған өмір сыйлағаны үшін, ата-анама өмір бергені үшін, баламды дүниеге келтіргені үшін ғаламға мың да бір алғыс. Кеуде кере тыныстап, айналамдағы сұлулықты көре алғаным үшін алғыс).

Ата-анаға алғыс (Анаң мен әкең саған өмір берді. Оларға айтылар алғыс сол өмір үшін болмақ. Бәлкім, сен ойлағандай бір кереметті бере алмаған шығар. Мықты денсаулық, білім, бақытты балалық шақ, дәулетті өмірді жасап бере алмаған болар. Оларға сол үшін ренжудің қажеті жоқ. Айыптама. Тағдырыңа жауапкершілік тек сенің мойныңда. Ата-анаңа өмір сыйлағаны үшін алғыс айт. Тіпті ата-анаң сені асырап алса да оларға алғыс айт. Осы өмірде бас болып, жақсы жолға түсіргені үшін, қамқор болғаны, жақсылық тілегені үшін алғыс айт). 

Шыққан тегіңе алғыс (Тектегі ата-бабаң көзге көрінбегенмен, олардың әруағы сені желеп-жебеп жүреді. Сенің денсаулығыңа, дәулетіңе, отбасыңа, жетістігіңе септігін тигізеді).

 Ұрпаққа алғыс (Бала саған өзіңді жаратушыдай сезінуге мүмкіндік береді ‑ өзіңді ата-ана сезінесің. Бала – кішкентай ұстаз. Бала – біздің айнамыз. Сол айнаға қарап үйрен. Әке болғанда өз ата-анаңды түсінесің).

Қарияларға алғыс  (Қарттықтың арқасында адам уақытты біледі. Қарттық даналық белгісі. Әдетте өзіміз көргіміз келмейтінді қарттық көрсетеді. Қартаю – бұл тәжірибе. Бірнеше буынның тәжірибесі. Бағала. Жасы үлкен жанды құрметте. Оларды түсіну керек. Олар жеткен жерге барлық адамдар жетеді). 

Әйелге алғыс (Табиғатта әйел мен еркек қатар өмір сүреді. Жаратушы бәрін жұп қылып жаратқан. Ер адам өзінің бүтіндігіне тек әйел арқылы жетеді. Әйел ері арқылы бүтінделеді. Екеуі бір-бірін бүтіндейді. Екеуі жұптасса, жаңа өмірдің дәнін егеді. Сол мүмкіндік үшін алғыс айт).

Ерлерге алғыс (Еркексіз әлем мүлде басқа болар еді. Еркектің арқасында әйел ана атанады. Еркекке махаббаты үшін, қамқорлығы, қорған болғаны үшін алғыс айт. Еркектің білегі мен азаматтық айбыны үшін, ақылы мен мақсатшылдығы үшін, өжеттігі мен қайсарлығы үшін, достығы мен адалдығы үшін алғыс).

Рухани әлемге алғыс  (Құдай - әр адамның жүрегінде. Құдайды танығың келсе, өзіңді таны, ішіңе үңіл. Жаныма, арыма, мені қорғаушы періштелеріме, көктегі Жаратушыға алғыс. Жанымды сақтағаны үшін, арымды қорғағаны үшін, қиындыққа тап болғанда жүрегімде болғаны үшін алғыс). 

Ұстаздарға алғыс (Ұстаз ‑ рухани әлемге жетелеуші адам. Оларға сол үшін алғыс айт. Маған өмір сүруді үйреткен, даналыққа баулыған, кемшілігімді көрсеткен, содан сабақ алып, ілгері басуды үйреткен, абыройлы болуды меңгерткен әр жанға алғыс).

Өзіңе алғыс. (Егер біреуден алғыс жетпесе ‑ өзіңе-өзің рақмет айт. Адамнан алғыс күтпеуді үйрен. Алғысқа лайық болсаң, орта сені өзі‑ақ риза қылудың амалын табады. Өзіңе алғыс айту – шын мәнінде,  алғыс айтқымыз келгендердің бәріне алғыс айту).

Алғыстың бір ерекшелігі бар – оның  жүректен шыққаны маңызды. Алғыс қуаты – адамды өзгертетін ең күшті қуаттың бірі. Ғылыми әлемдегі алғыс туралы жалпы түсінік осындай. Байқасақ, ғалымдар айтқан ойлардың көпшілігі қазақ даналығында жиі кездесетін өзекті тақырыптар болып табылады екен. Мәселен, бізде де осы айтылған алғыс түрлері кеңінен таралған: Көк Тәңірінен бастап, Ұмай анаға, табиғатқа, бір күндік жарық дүниеге, шыққан күнге, айға, Әкеге, Шешеге, Жетелі балаға, Қарындасқа, Бауырға, Туған жерге, Ошаққа және Шаңыраққа арналған алғыс түрлері қазақ халқында өте көп. Біздің халық жақсыны бағалай білген ‑  табиғатынан  мейірімді, жанашыр. Сондықтан, өркениеттік технологиямен бірге келе жатқан «адамның адамнан оқшаулану» заманында, яғни, индивидуализмнің орнауы барысында, ұлтымыз осы келбетінен ажырап қалмаса екен дейміз.

Сонымен бірге, Қазақта алғыспен бірге «қарғыс» деген де бар. Бірақ, қазақ қарғысты өте сирек айтатын халық. Себебі, біздің ұлттық дүниетанымымызда Жаратушы алдында тұтас табиғат тең дәрежеде. Ендеше, кім көрінгенге, немесе, оңды‑солды қарғыс айту – үлкен күнә саналады. Оның үстіне,  айтылған қарғыс адамның күнадан аулақ тегіне, аруақтарына барып тиюі мүмкін. Ол аз болса, оның жазықсыз ұрпақтарынан көрініс табуы мүмкін деген сенім қалыптасқан. Сондықтан, қазақ халқы қалай болсын солай қарғыс айтудан мейлінше аулақ болғанды қалайды. Отбасылық тәрбиеде «Біреуге ор қазба, өзің түсесің», «Біреуді табалама, өз басыңа келеді», «Қарғысың өзіңе тиеді» деген сөздер үнемі айтылады. Бұл өте жақсы тәрбие. Осылай өскен бала кеңпейілді, ақкөңіл, дархан адам болып есейеді. Бұлар – адам бойындағы азаматтық және елдік қасиеттердің негізін құрайтын қасиеттер. Онымен оңды‑солды «ойнауға» рұқсат жоқ. «Елім‑ай» деген қазақ үшін бұл өте маңызды!..

БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

Бата –  қазақтың сакралды, тәрбиелік мәні бар жоралғы жүйесі. Бұл халықтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Егер, алғыс әруақытта нақты болса, бата – болашаққа бағытталған тілектің түрі.  Батаның қысқа айтылатын түрлері болады. Оларды біз «тілек» деп айтамыз. Тілек – төте мағынасында белгілі бір ситуацияға байланысты айтылады. Мысалы, туған күндегі айтылатын тілек,  сапар алды тілек, жаңа үйленген жастарға айтылатын тілек, жас балаға айтылатын тілек, денсаулыққа байланысты айтылатын тілек және т.т.. Батаның одан үлкен айырмашылығы бар: Батада, негізінен, әлеуметтік‑қоғамдық ауқымдағы мәселелер көтеріледі. Мысалы, «Еліміз тыныш болсын, жеріміз аман болсын» деген сөз қазақ батасының эпицентрінде тұратын сөздер. Осыдан кейін ғана осыған қосақтала «аспанымыз ашық, жасымыз ұзақ болсын» және т.т. қоғамдық мәні бар бата сөздері айтылады. Яғни, біз бұдан қазақ Батасының түпкі мағынасы елдікке келіп тірелетінін көреміз.

Қазақтың көрнекті ғалымы, профессор Орақ Жолмырзаұлы Әлиев өзінің «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» атты мақаласында  («Егемен Қазақстан»  газеті. 29 наурыз, 2021 жыл) қазақ  батасының түрлері туралы былай деп жазады: «Негізінен оң батаға келсек оның отызға жуық түрлерінің бар екенін бірен-саран адам білсе, көпшіліктің білмесі анық. Айталық, оларға ықылас батасы, ас батасы, алғыс батасы, игі бастамаларға берілетін бата, мереке батасы, сапар-жорық батасы, наурыз батасы, той батасы, ас-нәзір батасы, қарияларға берілетін бата, сәбилер мен балаларға берілетін бата, қыздарға берілетін бата, келіндерге берілетін бата, жас жұбайларға берілетін бата, шаңыраққа берілетін бата, ел мен жерге берілетін бата, күйеу бала мен қарындасқа берілетін бата, соғым батасы, жезде, құрбы-құрдастарға берілетін бата, лауазымды адамдарға берілетін бата, мал басына берілетін бата т.б. жатады».

Бірақ, өкінішке орай, кейінгі замандарда қазақтың «бата беру дәстүрі» оның мәдени тоқырауымен бірге дағдарысқа түсуде. Қазір кейбір тойларда, не болмаса, астарда бата айтатын ақсақал болмайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, өткенде Алматы маңайындаға бір ауылда ас берілді. Сонда алға қойған тамаққа бата беру үшін, микрофон орта жасты бір қарияға  берілді. Батаны бермек болған қария орнынан тұрды... Микрофонды қолға алды... Біз «Бұл не өзі: бата ма, тост па?» деп іштен тына қалдық... Сосын, қария «Сұрасаңдыр берейін батаны» деп әдемі бастады да, қайтқан адамның өмірінен небір қилы оқиғаларды еске алып, естелік айтып кетті... Қол жайып біз отырмыз, алдымыздағы үйілген тамақ та көздің жауын алады... Бірақ, ас қойылғандағы босайтын қол батаға жайылып тұр... Бата бітер емес... Бір кездері сөз соңын «жақсылық тілеймін, осы тілегім қабыл алыңдар» деп, ақсақалымыз батаны тілекке айналдырып тоқтады ау, әйтеуір... Жұрт күлейін десе күле алмай, жылайын десе жылай алмай, «әумин» деп асығыс бет сипап, тамаққа қол созды...  Бұл да ойланатын бір мәселе ‑ болашақта біз «Бата беру өнерін» қайта қолға алмасақ, батадан мән мен сән кетіп, сонау совет заманында мода болған «тост‑тілек» деңгейіне түсіп кететін түріміз бар...

Негізі, қазақтың бата беру дәстүрі өнер қалыбына көтерілген дәстүр десе болады. Мысалы,  батаның небір терең мағыналы, көркем түрлері осы күнге дейін айтылып келеді. Оны өнер деңгейіне көтерген абыздар қазақ тарихында ойып орын алған. Соның бірі кіші жүздің Жетес биінің бата сұрап барған бала Төлеге берген батасы. Жетес би:

Батасызға бата бол, Панасызға пана бол, Жотасызға жота бол, Іні ерткенге аға бол, Болғаннан соң еліңе, Көш бастайтын дана бол! Сен бүгіннен бастап Төле емессің, Сен бүгіннен бастап Төле бисің!» деген екен.

Міне, бұл даналық пен шеберлік ұштасқан нағыз өнер туындысы емес пе? Жалпы айтсақ, қазақ батасы жекеден елдік мәселеге жалғасып, қазақтың «Жаңбырменен жер көгерер, Алғыспенен ер көгерер, Батаменен ел көгерер» деген даналық сөзінің түп төркінін анықтап тұр десек – еш қателеспейміз!..

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ‑публицист

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар