Өмірден мән іздеген жан отбасына үңілсін!

Ұлтты ұлт ретінде ұйыстырып, елдің тұтастығын сақтайтын, мәңгілікке жалғайтын не нәрсе-дүр? Әрине, қайқы басты қылыштан, жұмыр басты тәспіден бөлек, діл, тіл, дін, феномендері ықылым заманнан бері тартып, жер бетіндегі сан мың ұлт пен ұлысты ақырдың жылымына жұтқызбай аман сақтап келді. 

1699961015290400.jpg

Әлсіз адам өзін дау мен жаудан сақтауы үшін қыннан суырылған қайқы қылышты көтеруді кез келген кісіден үйренеді. Тәспі тартып дін қуу да, кітап ашып білім қуу да бөтеннен үйреніп алуға болатындай-ақ іс. Ал діл мен тілді, атадан қалған дінді алғаш көкірекке құятын, сәулесін өмір бойы өшпестей етіп жағып қоятын бір қасиетті орын бар. Ол – отбасы. Ұлттық құндылықтың отбасы құндылығының негізіне айналып, оның тәрбие өзегі болуы ғана кез келген мемлекеттің, Шекспирше айтсақ, «болуын немесе бордай тозуын» анықтайтын негізгі фактор. Сол себепті де отбасы құндылықтарын насихаттау – мемлекеттің көңіл бөлуге тиіс негізгі істерінің бірі.

Ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид мәселелеріне байланысты дүниежүзілік статистикаға да, біздің статистикаға да көз жүгіртсек, қайта-қайта айта-айта жауыр болған бір мәтел тіл ұшына оралады: «Отан отбасынан басталады». Шындығында, отбасы – отанның шағын нұсқасы. Отбасының іргетасы берік қалануы, дауылды һәм жауынды күндері шаңырақтың шайқалып кетпеуі үшін жанұялық ұстынның өзегінде ұлттық құндылықтар, ескіден қалған есті сөздер, ұлттық дәстүр-таным, салт-сана болуы шарт. Өйткені бағзы замандардан бері қарай жұлыны үзілмей жеткен әдет-ғұрыптан қол үзу ұлттық құндылықтардан айырылуға әкеп соғады. Ал бұл – ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне ғана емес, эгоизм, нигилизм, детерменизм, т.б. секілді дерттерге апаратын төте жол. Адамның асқақ сезімдерін механикалық процеске, кісінің қасиеттерін физикалық рефлекске ғана балайтын тіршілік иелерінің «өмірдің мәні» секілді асыл ұғымдарға сенуі неғайбыл. Міне, жоғарыда аталған күрмеуі қиын мәселелердің түп-тамыры осында. Бұдан отбасы тәрбиесіне қатысты мәселелердің қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес.

Мұны әлемге аты әйгілі австриялық психолог, философ Виктор Франкл өзінің «Өмірден мән іздеген жан» кітабында былай түсіндіреді: «Өмірде мән бар ма? – деп сұрайды әлдекім психологтан. – Оны қолдан жасай ма, әлде таба ма?» – деп сұрайды тағы. Ол болса: «Өмірдің мәні бар. Мәнді жасамайды, табады. Ал табу үшін көкірекке құндылық құю керек», – деп жауап қатқан екен. Психологтың айтуынша, көкірекке құндылық құйылмаса, оны орны үңірейіп тұрмақ. Ол қуысты экзистенциялды вакум немесе «құрдым хәлі» деп атайды. Франкл «құрдым хәлінің» бастауын мынадан іздейді: жан-жануарға не істеп, не қоятынын ішкі инстинкт білдіріп тұрады. Адам баласына мұндай сигнал келмейді. Осындай сигналдың қызметін бұрын сол адамның ұлтына тән дәстүр-жоралғы, салт-сана атқарған. Қазір мұндай қасиетті ұғымдарға адамдардың көпшілігі ескінің сарқыншағы ретінде қарайды. «Ескінің сарқыншағынан» жеріген кісі баласы өмірлік бағытынан адасады. Сөйтіп, басқалар қалай әрекет етсе, солай жасап, қандай жетістікке жетсе, соған ұмтылып, «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» дейді. Жаны қаламаса да, сырттан телінген құндылықтарды игергісі келіп шарқ ұрады. Ақыры, не ол емес, не бұл емес әрі-сәрі күй кешіп, вакум құшағына құлайды. Экзистенциальдық вакумге құлаған жанның жалп етер жері – құрдым. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтың дәнін егудің мән-маңызы осы.

Еліміздің келешегі кемел, болашағы нұрлы болсын десек, бала тәрбиелеу ісіндегі ұлттық сипатқа мән беруге тиіспіз. «Жаңа Қазақстан» идеясы да отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәрбиені дұрыс дәріптесек қана шынға айналады.

Ел тілегіндегі Жаңа Қазақстан – қазақтың өркениетіне баса мән берілген, дәстүр-салты мен ғұрып-әдеті һәм тілі ұлттық құндылықтар шеңберінде кеңейген ел. Сол себепті бағыт түзер темірқазығымыз бабадан қалған мұраларды бүгінгі заманның жетістіктерімен ұштастыру болса керек.

Отанымыздың басты құндылығы – адам. Ал адам баласы жанұядан өсіп-өнеді, бойына кісілік қасиеттердің бәрін жанұядан жұқтырады. Осы себепті де «Oтан – отбасынан басталады». Олай болса, отанды сүю де – отбасынан басталады. Отбасын сүймеген – Отанын сүйе алмайды. Бала отбасыны қайтсе сүйеді?

Әуелі, жастайынан мейірім-бұлағына қанған, махаббат-сәулесіне шомылған  бала ғана үйіне асығып тұрады. Махаббат пен мейірім тек балаға қалай көңіл бөлумен өлшенбейді, ол ең алдымен әке мен шеше арасындағы ыстық сезімге негізделеді. Әке-шеше арасындағы махаббаттың тазалығы отбасының негізі болады.

Бірақ сенім болмаған жерде махаббат та тұрақтамайды. Отбасының әрбір мүшесі өзінің махаббатқа лайық екеніне, әрдайым қолдау табатынына, бір-бірін алдамайтынына, бастысы, бақытты екеніне сенуі керек.

Әрдайым қолдау табу жауапкершіліктен босатпайды. Отбасының негізгі құндылығының бірі де сол – жауапкершілік. Жауапкершілік арқалататын еркіндік қана – нағыз еркіндік. Отбасының әр мүшесі өз өміріне, тұлғалық дамуына, білім-ғылым үйреніп, өнер іздеуге, өзіне жүктелген міндетті толығымен орындауға жауапкершілік алуы керек.

Аталған құндылықтардың бәрі құрметтің айналасында жүреді. Мұны түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ болар.

Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Үнемі дамып келе жатқан әлемде отбасы құндылықтары ұғымы қоғамның тірегі болып қала береді, ол – жеке адамның өмірін құрудың негізі. Отбасы құндылықтары тұрақты бола бермеуі де мүмкін. Отбасылық құндылықтар қоғамның өзгермелі динамикасына бейімделіп те кететіні жасырын емес. Алайда олардың мәні сүйіспеншілік, құрмет және бірлік принциптерінде жатыр.

Отбасы құндылықтары отбасы бірлігінің динамикасын анықтайтын қағидалар мен сенімдердің кең спектрін қамтиды. Бұл құндылықтар көбінесе махаббат, сенім, жауапкершілік, құрметтің айналасында болады. Олар отбасы мүшелерін өмірдің кейбір сәтінде дұрыс жолға бағыттайтын моральдық компас қызметін атқарады. Бұл құндылықтардың маңыздылығы олардың жеке тұлғаның дамуы мен қоғамның әл-ауқатына тигізетін әсерін қарастырғанда айқын көрінеді.

Сәт сайын сан құбылған әлемде отбасы құндылықтары қоғамның негізгі тірегі ретінде қызмет етуді жалғастыра береді, салауатты қарым-қатынастарды қалыптастырады, моральдық дамуды бағыттайды, қиыншылықтар кезінде қолдау көрсетеді және отбасылық құрылымдардың дамып келе жатқан ландшафтына бейімделеді. Осы құндылықтарды тәрбиелеу арқылы жеке адамдар мен жалпы қоғам отбасылық құндылықтардың мәңгілік маңызын пайдалана алады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар