Бес жыл уақыт қалды: 2028 жылы су үшін қақтығыс бола ма?

Жақында Еуразиялық даму банкі «Орталық Азиядағы нәтижелі ирригация және су жинау жүйесі» атты баяндаманы таныстырды. Сарапшылар алдағы уақытта жағдай қиындамаса, жақсармайтынын айтуда. 2028 жылы Орталық Азиядағы су тапшылығы орасан зор деңгейге жететінін айтып, дабыл қағуда. Су тапшылығы, ауыз судың жетіспеуі және электр энергиясының аздығына байланысты Орталық Азия елдерінің ауыл тұрғындары жаппай қалаларға қоныс аударуы мүмкін деген болжам жасалған.


64f6fc7593335449944715.jpeg

 

Баяндама авторлары су көздерінің 80 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына қолданылатынын айтқан. Орталық Азияда 10,1 миллион гектар жер суармалы болса, оның ішінде 6,5 миллион гектар жері су көздеріне зәру саналатын Қазақстан мен Өзбекстан аумағында жатыр.  

 

Орталық Азияның суармалы жүйесі ортағасырлық деңгейде қалуда дейді мамандар. Дәстүрлі арық жүйесі арқылы суару суды өте көп көлемде қажет етіп, су тапшылығын арттыруда.  Мысалы мамандар келтірген ақпаратқа назар аударсақ, арықтағы судың 40 пайызы мақсатсыз негізде топыраққа сіңіп кетеді, суару каналдарының басым көпшілігіне 50 жыл уақыт болған, ал суару аймақтары көбіне тұзды, сортаң күйге түсуде. Бұл ақпараттарға қарап, су тапшылығы арта беретінін болжау қиын емес.

 

Сарапшылар Ауғанстанда тәлібтер билікке келген соң, каналдар жүйесінің санын арттырып, су саясатында қақтығысқа түсетінін аңғартуда дейді. Мысалы Иран мен Ауғанстан арасында трансшекаралық өзендерге қатысты бірнеше қарулы қақтығыс болды. Ауғанстанда Әмударияның су деңгейін үш есе азайтатын канал құрылысы басталып, Кабул мен Ташкент арасында саяси текетірес күшейді. Бұл жоба іске қосылса, Орталық Азиядағы су тапшылығы еселеп артпақ.

 

Мамандар алдағы таңда су тапшылығы мәселесін дереу реттеу шаралары басталмаса, бұл қарулы қақтығысқа әкелуі мүмкін екенін айтуда. Еуразиялық даму банкінің баяндамасына назар аударсақ, мәселені оң реттеуге бар болғаны 5 жыл уақыт қалғанын түсінуге болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар