Украинаға әскер жіберу: Макронның сөзі қолдау табуда. Мәскеудің мазасы қашты

Франция президенті Макронның Украинаға әскер жіберу туралы мәлімдемесі Ресей мен Украинада ғана емес, Еуропалық қауымдастық шеңберінде де қызу талқылануда.

1709296252199517.jpg

Германия, Словакия, Чехия қатарлы мемлекеттер (олардың саяси һәм әскери басшылығы) Франция президентінің ұсынысына үзілді-кесілді қарсы шықса, Литва, Эстония басшылары Украинағ әскер жіберу идеясынан түбегейлі бас тартуға болмайды деп есептейді.

26 ақпанда Парижге 28 мемлекеттің басшы-қосшыларын жинап, жиын өткізген Франция президенті Макрон еді. Аталған жиында Украинаға Еуропа мен НАТО-ға мүмше елдердің құрлықтық әскери контингентін аттандыру мәселесі де талқыланғанын ашық мәлімдеген.

Бұл ақпаратты Словакия премьері Роберт Фицо да растап: «Еуропаның кейбер мемлекеттері Украинамен екіжақөты келісім жасасып, Украинаға әскер жіберу жайын ақылдасып жатыр. Біз Украинаға әскер аттандырмаймыз», - деген еді.

Біз осыған дейін Mezgil.kz порталында Еуропа басшы-қосшыларының Украинаға әскер жіберу мәселесіндегі сөзтартыстарының бірсыпырасын жарияладық. Бұл ұсынысты кімдер қолдап, кімдер үзілді-кесілді қарсы болғанын атап көрсеттік.

Десе де, талқының қызуы әлі басылар емес.

1709295784921178.jpg

ЭСТОНИЯ МЕН НИДЕРЛАНДЫ: МАКРОННЫҢ ҰСЫНЫСЫНАН БАС ТАРТУҒА БОЛМАЙДЫ!

Әуелде Макронның бұл ұсынысын ашық қолдаған жалғыз мемлекет – Литва болса, қазір бұл қатар көбейіп, Эстония, Нидерланды, Канада да Украинаға әскер аттандыру жайын сөзталқы жасауда.

Эстония мен Нидерланды: «Бұл ұсыныстан біржола бас тартуға болмайды. Бұл нұсқа қосымша нұсқа ретінде әрдайым ашық талқыда болуы керек», - деді.

Эстония премьері Кая Каллас «Politico» басылымына берген сұхбатында: «Украинаның Ресейді жеңуіне қолдау көрсету үшін барлық нұсқалар үстелдің үстінде жатыр», - деді.

Ол бұл идеяны жабық есік форматында талқылау керектігін айтты.

«Бұл да сигнал. Мұны Ресей естіп отыр. Сондықтан, біз бұл идеяны мүлде теріске шығара алмаймыз. Ресейді жеңудің барлық амалын қарастырамыз», - деді Каллас ханым.

Ал Нидерланды ҚК Бас қолбасшысы Онно Эйхелсхейм: «Украинаға қолдаудың тиімділігін арттыру үшін барлық амалды ашық талқы күйінде қалдыру керек. Макронның идеясынан түбегейлі бас тартуға болмайды», - деді.

Оның пікірінше, соғыстың қазіргі кезеңінде Украинаға қолдау көрсетудің аса қажетті жолы - Украинаға көбірек қару-жарақ беру. Десе де, Генералдың пікірінше, егер Батыстық әскер Украинаға аттандырылатын болса - ол коалиция түрінде әрекет ететін болады.

Канада Украинаға әскер жіберуді қолдаған 5-ші ел атанды (Францияны қосқанда). Тек бір ғана шарт бар. Ол: Канада әскерилері соғысқа араласпайды. Украина әскерін даярлаумен шұғылданады.

1709295833308872.jpg

Бұл туралы Канада Қорғаныс министрі Билл Блэр мәлімдеді.

«Менің Канада ҚК-нің жеке құрамын майдан шебіне орналастырғым жоқ. Жау тарап та біздің соғысқа тікелей араласқанымызды көргісі жоқ. Сондықтан, Канада өз әскерін Украинаға бір ғана шартпен жіберуге дайын. Біздің әскерилер соғыс даласынан жырақта, Украина әскерилерін оқытып-даярлау жұмыстарына тартылуы тиіс», - деді министр Блэр.

Украинаға әскер аттандыру мәселесін талқыға шығарған Франция президенті Макрон жайлы Ресейдің түрлі лауазымды шенді-шекпенділері өз пікірлерін білдіріп: «Бұл сөзсіз Еуропа мен Ресей арасында соғыс тудырады», - десе, кеше ғана Федералды жиын алдында жолдау жасаған Ресей президенті Путин: «Алда-жалда дей қалсақ, Ресейдің ядролық арсеналы сақадай сай тұр», - деп жаттанды бопсасын жасады.

«Еуропа Украинаға әскер жібермейді», - дегенді Германия, Чехия, Словакия, Венгрия басшылары кесіп айтса, НАТО, Пентагон басшылары: «Әзірге мұндай нұсқаны қарастырып жатқан жоқпыз», - деп жанама жауап берді.

Ұлыбритания: «Біздің құрлық әскеріміздің бір бөлігі қазірдің өзінде Украинада жүр. Олар майдан даласында емес, Украина әскерилерін даярлықтан өткізумен шұғылдануда», - деп мәлімдеді.

Қалай десек те, Макронның сөзі Мәскеудің мазасын қашырды. Ресей телеэфирі тыншу таппай жатыр. Ал алғашқыда Франция мен Литва ғана бұл ұсынысты қолдаса, қазір олардың саны 5-еу болды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта қалай өзгеретінін Mezgil.kz жіті бақылап отыратын болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар