Ереванның орталығында азаматтық бағынбаушылық акциялары күш алып барады. Бұл наразылықтарға жетекшілік етуші - ААО Тавуш епархиясының басшысы және «Тавуш Отан үшін» қозғалысының жетекшісі архиепископ Баграт Галстанян. Ол бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашиняннның отставкаға кетуін талап етіп, мәлімдеме жасаған.
Ереванның дәл орталығындағы бірнеше көше қоқыс жәшіктерімен және көшедегі орындықтармен жабылды. Наразық күштер Еревандағы Абовян мен Терян, Анрапетутян көшелерін, Тигран Мец, Азатутян даңғылдарын, Тбилиси тас жолын, Налбандян көшесін, Комитас даңғылы мен Гүлбенкян көшесінің, сондай-ақ Бюзанд және Вардананц көшелерінің қиылыстарын жапқан. Наразы топ қолдарына «Мен бұған көнбеймін» деген жазуы бар және Тавуштағы аумақтарды делимитациялау нәтижесінде Әзербайжанға ауысқан ауылдардың суреті бар плакаттар ұсып шыққан. Олар: «Армян, Армения, Отан және Құдай», - деп ұрандатуда. Бүгін түске дейін Армения полициясы 100-ден астам адамды тұтқындаған.
(Сурет ҚР СІМ сайтынан алынды)
АЛМАТЫДАҒЫ КЕЗДЕСУ: ТАРАПТАР НЕ ШЕШТІ?
Айта кетейік, 10-11 мамырда Армения мен Әзербайжанның Сыртқы істер министрлері Арарат Мирзоян мен Джейхун Байрамов Алматыда екі күн қатарынан келіссөздер өткізген еді. Галстанян осы келіссөздерге де қарсы наразық ұйымдастырған.
Ал бұл кездесуге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды. Армения тарабы Алматыда өткен келіссөздер туралы бірнеше кезек мәлімдеме жасады.
Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян: «Әзербайжанмен келіссөздер сындарлы атмосферада өтті. Процесс біз бірнеше рет мәлімдеген қағидаттар негізінде жалғасуда», - деді.
(Сурет dw.com сайтынан алынды)
АРМЕНИЯДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ СОҢЫ НЕ БОЛМАҚ?
Жуырда америкалық «The National Interest» журналында Арменияда жалғасып жатқан наразылық пен Әзербайжан-Армения бейбіт процесіне арналған мақала жарияланды.
Мақаланың авторы - Дамьян Крневич-Мишкович. Сербияның бұрынғы жоғары лауазымды дипломаты, ADA Университетінің Даму және дипломатия институтының талдау, зерттеулер және жарияланымдар бөлімінің директоры.
«Өткен аптада армян шіркеуі Баку мен Ереванның бейбіт келіссөздер аясындағы сенімді нығайту шарасы болып табылатын шекараны демаркациялау үдерісіне ашық қарсы шықты. Бұл қарсылық әр түрлі көрініс тапты, соның ішінде архиепископ Баграт Галстанян және басқа да діни қызметкерлер бастағандар Ереванға қарай марш ұйымдастырды.
Осы митингіге қатысқан рухани тұлғалардың бірі: «Бұл келісімге қол қойған адамның қолын сындырып, «Арцах - бұл Әзербайжан» дегеннің тілін кесіп тастау керек», - деп мәлімдеді.
«Арцах» - Екінші Қарабақ соғысының қорытындысы бойынша, 2020 жылы іс жүзінде аяқталған армян оккупациясы кезінде Қарабақты «басқарған» сепаратистік құрылым.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян АҚШ пен ЕО қолдаған жазбаша міндеттемені өзіне алды, онда бүкіл Қарабақты қоса алғанда, Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын мойындады», - деп жазылған мақалада.
Пашинянның өзі 2024 жылғы 7 мамырда өткен баспасөз конференциясында мәлімдегендей, бұл наразылық қозғалысы оның Әзербайжанмен бейбіт келісім жасасу ниетіне қарсы.
(Сурет спутник сайтынан алынды)
АЛМАТЫ КЕЛІССӨЗІНЕН ОҢ НӘТИЖЕ БАЙҚАЛАДЫ
«Болжам бойынша, қозғалыстың идеясы ішкі саяси дағдарыс туғызу. Оның тікелей мақсаты Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері арасында Алматыда өткен тікелей бейбіт келіссөздердің жолын кесу.
Алматыда өткен келіссөздердеің алғашқы раундынан байқағанымыз – «Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы» келісімге 2024 жылдың қарашасына дейін, яғни Бакуде саммит өткізілгенге дейін қол қойылуы мүмкін», - деп жазады Дамьян Крневич-Мишкович.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
ПАШИНЯН: НАРАЗЫЛЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР – ӘЗЕРБАЙЖАНМЕН ЖАҢА СОҒЫСТЫ ҚАЛАЙТЫНДАР!
Пашинянның пікірінше, «бұл наразылықты ұйымдастырушылар тек елішілік қарсыық күштерін оятып, билікке наразылықты күшейту ғана емес, Әзербайжанмен жаңа соғысты қоздыруға және Армениядағы режимді өзгертуге ниетті». Бұның соңы «шетелдік арнаулы қызметтердің» ықпалымен «заңсыз марионеткалық үкімет құруға» әкеледі.
Пашинян армян шіркеуінің басшысы II Гарегинді ашық түрде «процестің көшбасшысы» деп атады. Оны елдегі реваншистік оппозициялық саяси партиялар ғана емес, сондай-ақ армян диаспорасының мүдделі топтары мен лоббистік ұйымдары да қолдайды.
Пашинян: «Әзербайжанмен бейбіт келіссөздерге қол жеткізу – Арменияға Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге және сол арқылы көпжылдық өңірлік оқшаулауды тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Арменияға «Орта дәліз», «Бір белдеу - бір жол» және «Жаһандық қақпа» сияқты жобалардың экономикалық артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Негізгі біздің пікірталастарымыз келесі қос сауалға қатысты: Армения тарихи бола ма, әлде тарихи шынайы бола ма? Бұл саяси және дәуірлік сұрақ, оған біз жауап беруіміз керек», - деді.
ПАШИНЯНДА ТАҢДАУ ЖОҚ: «ҰЛЫ АРМЕНИЯНЫҢ» АРМАНЫ САЗҒА БАТТЫ
«Армян шіркеуі елдегі және шет елдердегі одақтастарымен бірге таразының бір шетін басып тұр. Ал Пашинян мен оның үкіметі, сондай-ақ армян сайлаушыларының үнсіз көпшілігі екінші тарапты қабылдады. Пашинян, бәлкім, оңтайлы бітімгер емес шығар. Жақында «Le Figaro» газетінде жарияланған мақалада айтылғандай, Пашинян шын мәнінде Арменияның басқа таңдауы жоқ екенін түсінеді: ел мүмкіндігінше тезірек өңірлік серпінге қайта интеграциялануы тиіс. Бұл Бакумен (және Анкарамен) татуласуды білдіреді. Бұл сөзсіз «арцахпен» аяқталған, «Ұлы Арменияның» арманы сазға батқан қатал шындықты мойындауды талап етеді», - деп жазады Сербия саясатшысы.
Пашинянның ішкі және сыртқы оппоненттерінің оның шындығын қабылдамауға өз себептері бар. Олардың кейбіреулері өткенге сенімділік танытып отыр. Әрине, бұл олардың «рухани Арменияның», архиепископ Баграт атап өткендей, қайтып оралуға мүлдем мүмкіндігі жоқ екенін бірден жоққа шығаруына әкеледі. Басқалары Екінші Қарабақ соғысының түпкілікті нәтижесін өзгертуге болады деген сенімге назар аударады. Мұндай көзқарастардың пайдасы да жоқ, қауіпті де, себебі олардың табысқа жету мүмкіндігі де Армения жасай алмайтын геосаяси шындықты қалпына келтірумен байланысты болуы тиіс.
Армения Әзербайжан мен Түркияға тойтарыс беруі үшін, яғни, реваншизм жолына қайта түсуі үшін не керек?
Біріншіден, не Арменияда ірі көмірсутек кен орындарының кенеттен ашылуы, не осы елдің Сингапурға жылдам айналуы.
Екіншіден, Түркияны Оңтүстік Кавказдан сәтті ығыстырып шығару қабілеті боулы керек.
Үшіншіден, Қарабақты қайта басып алу үшін Әзербайжанға қарсы шабуылға қабілетті болуы керек. Ол үшін Ереван әскери науқан бастауға дайын болғанша, Батыс пен Ресейді кез келген жолмен «тарихи» Арменияның максималистік ұстанымын белсенді қолдауға итермелеуі керек.
Мұның бәрі әрине, қазіргі Арменияның жағдайында еш мүмкін емес. Сондықтан, Пашинянда таңдау да жоқ!
Mezgil.kz