Масуд Пезешкиан Ирандағы президенттік сайлауда 16,3 милион дауыс немесе 53,7% жинап, екінші турда жеңіске жетті.
(Коллаж суреттері Википедиядан алынды)
Сенсация бірінші турда, басты фаворит Мохаммад-Багер Галибаф екінші турға шықпаған кезде орын алды. Реформаторлар күш біріктіріп, консерватор Саид Жалилиге қарсы тұрып, өз кандидатының жеңісін қамтамасыз етті.
ИРАННЫҢ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТІ МАСУД ПЕЗЕШКИАН КІМ?
Бұған дейін Пезешкиан президенттік кресло үшін күреске екі рет қатысқан болатын. 2013 жылы ол сайлауалды додасынан кетуге шешім қабылдаса, ал 2021 жылғы сайлауда оның кандидатурасын Иран Күзетшілер кеңесі мақұлдамай қойды. «Ер кезегі үшке дейін» деген, осы жолы ол дегеніне жетті.
Масуд Пезешкианның сайлау алдындағы уәделеріне қарағанда, Иранды демократиялық және сыртқы ашықтық жағына қарай өзгертуге ниеті бар.
Иранның әлеуметтік желілері реформатор Масуд Пезешкианның президенттік сайлаудағы жеңісінен туындаған оптимизмге толы. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың көпшілігі ел билігін халықтың құқығы мен таңдауын құрметтеуге шақырып, теократияның тірі догмаларын үнемі сынға алған прогрессивті саясат ретінде жеңімпаз туралы жазады.
АМИНИДІҢ ҚАЗАСЫ: ИРАН ЖҰРТЫ ТЕОКРАТИЯНЫҢ ТІРІ ДОГМАЛАРЫНАН ШАРШАДЫ
Қатардағы ирандықтар 2022 жылдың қыркүйегінде Мехса Амини өлтірілгеннен кейін Масуд Пезешкиан наразылық білдірушілерге жасалған зорлық-зомбылықты қатаң айыптап қана қоймай, билікті демонстранттардың өліміне әкелген себептерді мұқият тексеруге және хиджаб кию туралы заңды қайта қарауға шақырған.
Пезешкиан Иран Ислам Республикасының президенті лауазымында өзінен бұрынғы бірде-бір адам басып өтпеген қызыл сызықтарды қатаң ұстанатынын жария етті.
ИРАН «ХЕЗБОЛЛА БАСТАҒАН» ҚОЗҒАЛЫСТАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ!
Иран Ливандағы «Хезболла» қозғалысын және өңірдегі «қарсылық қозғалысын» қолдауды жалғастырады. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан «Хезболланың» бас хатшысына жолдаған хатында айтқан.
Пезешкиан өз хатында қарсылық күштерін қолдау «Иранның негізгі саясаты» екенін мәлімдеген.
Алайда, апатты қаржы-экономикалық жағдайға тап болған Иранда бірдеңені өзгерту үшін орасан зор ауқымға дейін өскен жемқорлықты жеңу керек. Ислам режиміндегі сыбайлас жемқорлық тым терең тамыр жайған, саяси элитаның басым бөлігі миллиардтаған долларды қылдай бөлісетін күрделі сыбайлас жемқорлық схемаларын жүзеге асырып келеді.
ИРАННЫҢ ҚАЗІРГІ БАСТЫ ЖАУЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚ!
Ислам революциясы сақшылары корпусының офицерлері басқаратын «YAS» холдингімен болған соңғы жемқорлық жанжалы барысында мемлекеттік қорлардан 80 миллиард доллар жоғалғаны белгілі болды.
Бір қарағанда, бұл сайланған президентке осы жағдайға ықпал етудің белгілі бір тетіктері берілгендей көрінгенімен, шындығында оның елдегі түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру мүмкіндіктері кем дегенде үш фактормен шектелінеді.
ПЕЗЕШКИАНДЫ ТЕЖЕЙТІН 3 ФАКТОР НЕ?
Ең алдымен, жоғарғы көшбасшы аятолла Хаменейидің үкіметтің кез келген шешіміне вето қоюға құқығы бар және бұл кез келген Иран президенті үшін (қандай партия немесе саяси лагерь болса да) шын мәнінде қызыл сызық.
Екінші фактор - Иранның сыртқы саяси бағытына байланысты барлық кешенді мәселелерді шешудегі Хаменейдің көлеңкесінде қалушылық болып табылады. Бұл жерде Пезешкиан рахбардың келісімінсіз ештеңе істей алмайды...
Үшінші фактор - парламенттің қарсылығы. Басым көпшілігін консерваторлар бақылайтын Иран парламенті ел президентінің ұстанымындағы өздерінің саяси көзқарастарына сәйкес келмейтін шешімдерін кідірту және іс жүзінде іске асыртпай тастауы мүмкін. Тіпті олар қолдаған жағдайда соңғы сөз әрқашан парламенттің кез келген шешімін жоя алатын жоғарғы көшбасшыда қалады.
ИРАН ЯДРОЛЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛА МА?
Тек Масуд Пезешкиан президенттігі кезінде Иран Ресейдің көмегімен ядролық держваға айналуы ықтимал. Өйткені, бар билік діндарлардың қолында. Олар президентті түк қажет етпей, атом бағдарламасын жүзеге асыра алады. Тек парламент құптаса болды. Осылайша құзыры шектеулі президент билікке келді.
Тегі Әзербайжан қандасымыз биілікке келді деп қуанбай-ақ қоюға да болады. Қуанатынымыз ол өз сайлаушыларының ұлттық мүддесін қорғауда жұрт көңілінен шығады. Өйткені, оған тек әлеуметтік мәселелерді шешуде кең мүмкіндік берліп отыр. Енді осы жағын кеңінен сөз етейік.
Иран - күрдтер мен лорлардан бастап, әзербайжандар мен тәжіктерге дейінгі түрлі этникалық топтардың өкілдері бар әлемдегі аз ғана елдердің бірі. Сондықтан жаңа президент Масуд Пезешкианның анасы күрд, әкесі әзірбайжан болып табылуы ешкімді таң қалдырмайды. Бірақ соңғы 1 400 жылда Иранның барлық дерлік билеуші әулеттері этникалық тұрғыдан түрік болғандығын естен шағармауымыз керек.
Реза-шах пен оның ұлы Мохаммад Реза-шах бүкіл Иран қоғамын парсыландыруға тырысып, тіпті «таза тіл», «таза дін» және «таза нәсіл» туралы сөз қозғады. Бұл парсы тілін білмейтін ирандықтар арасында наразылық пен наразылық тудырды. Сондықтан 1979 жылғы революциядан кейін осындай кемсітушілікті жою жөніндегі жобалар әзірленді және Иран Конституциясының бірінші жобасында Иранның түрлі этникалық топтарының құқықтарының басым бөлігі танылды. Бірақ жылдар өткен сайын аятолла режимі барған сайын деспоттық сипатқа ие болып келе жатқандықтан, бұл жоспарлардың көбі әлі де қарастырылмай һәм жүзеге асырылмай қалды.
Бір сөзбен айтқанда, егер Пезешкианның әділеттілікке қол жеткізуге және кемсітушілік саясатын жоюға ниеті болса, онда ол осы салада нақты бірдеңе жасай алады.
Әйтпесе: Иран басшыларының көпшілігі әзірбайжандар немесе түркітілділер. Рахбар Әли Хаменеи – әзербайжан. Ислам революциясынан кейінгі алғашқы және ең танымал премьер-министр Мехди Базарған әзербайжан болған. Қазір үй қамауында отырған оппозиция көшбасшысы Мир Хусейн Мусави - әзірбайжан... Сондықтан этникалық әзірбайжанды Иран президенті етіп сайлауда ерекше ештеңе жоқ.
Mezgil.kz