Жалпы қай халықтың болмасын өткен тарихы қилы кезеңдер мен сүбелі тарихи оқиғалардан тұрады. Әр дәуірдегі осындай тарихи кезеңдер өз ауанына қарай түрлі тұлғаларды да тудырып, ел жадында есімдерін аңызға айналдырады. Олар да аталмыш уақиғалардың бел ортасында жүріп, замана дауылына хал-қадірінше қарсылық көрсетумен қатар, ел тізгінін қолдарында ұстады. Қабілет қарымы жеткенше елі, жері үшін азды – көпті қызымет етіп, есімдері ел жадында сақталып қалды. Ал, енді осы мақсатта қалам тартушы, біздер – іргелі Суан елінің атақты тұлғалары жайында сөз қозғайтын болсақ, есімі уақыт елегінен өткен Жаркент өңірінің тумасы Метербай болысқа да тоқталып өткеніміз жөн болар. Себебі, шығыс шекараның бір пұшпағын бойлай орналасқан осынау қандастарымыздың басынан небір қиын – қыстау замандар өтті ғой...
Ата салтымыз бойынша мақала кейіпкерінің шыққан тегі жайындағы шежіреге үңілер болсақ – Суан ішінде Ақша, одан Құрымбай, оның баласы Башық. Құрымбай ұрпақтарының ішіндегі айбынды, аумаққа аты шығып заманының білгірі болған осы Башық екен. Бұл кісі Жалайырдың әулиесі болған Балпықтың бірінші үлкен қызы Күнтейді, ол ерте қайтыс болып кеткен соң сіңлісі Қантейді алған. Алғашқы әйелі Күнтейден Әуелбек, тағы екі бала бар, Әуелбектің ұлы Метербай болып келеді. Шешесінің сіңілісі Қантейден туған інісі Болатай да жасынан саудамен айналысып, бай – бақуатты болған. Ол 1905 жылы Қажылыққа сапар шеккен, 1907 жылы аман – есен елге жеткен соң бұдан кейін Болатай қажы атанып, ол да исі Суанның игі жақсысының бірі болған.
Нағашысы Балпық әулие, өзі де текті тұқымның ұрпағы болған Метербай байлы, бақуатты ғұмыр кешкен. Өзі сауатты, алғыр, зерек болуының арқасында замана желінің қалай соғарын алдын ала болжап, соған сай ғұмыр кешкен сұңғыла адам болыпты. Патшалық Ресей уақытында бақандай 9 жыл болыс болып ел сұрайды, жақсы қызметі үшін үш рет Николай патшадан медаль алып үлкен марапатқа бөленген.
Патша тақтан құлаған соң, Уақытша үкімет пен Кеңес билігінің алғашқы жылдары тұсында Жаркент өңірінен суырылып шығып Әлихан Бөкейханов төраға болған Алаш Орданы жақтап, ақ казактарға көмек беруден бас тартып, «Елді, жерді орысқа бермейміз!» деп қазақтың азаттығы мен бостандығы жолындағы күреске белсене қатысады. «Елімнің азаттығы бәрінен қымбат!» деп шешкен Метербай 1919 жылы Алаш арыстарына қаржылай көмектен басқа қазақтың сайдың тасындай мықты жігіттерінен жасақ құрып, адам күшімен де көмек көрсеткен бірден-бір тұлға.
Еліне тұтқа болып, аймаққа айбыны асқан Метербай болысты большевиктік қызылдардың қудалауы 1921-ші жылғы «Жартылай тәркілеу» деген әрекеттерінен бастау алады. Жалғасын тапқан мұндай әділетсіздікке шыдамаған болыс 1922 жылы мал – мүлкін тәркілеу арқылы тартып алмақ болып екінші рет барған қызылдарға қаймықпай қарсы шығады. Ашуға булыққан Метербай меңсіз қара қойды қолындағы ұші үшкір ұзын сырықпен шаншып тұрып «...осы қойдың аққан қаны сияқты, сендердің де қандарың ақсын!» деп қорқытып, малының көп бөлігін бермей аман алып қалады.
Совет өкіметінің жасап жатқан бұдан да басқа да озбырлық саясатын көріп, сол кезде құрылып байлар мен кулактарды анықтап, олардың мал-жанының есебін алуда түрлі келеңсіздіктерге бой ұрған «Қосшы» одағы мен солақай саясаттың ұйымдастырушысы болған большевиктік партияға деген сенімі кетеді. Байлығы бір басына жетіп артылатын Метербай шаруаға пысықтығымен қоса алыс – жақын қалаларға барып сауда – саттықпен де жан-жақты айналысқандығы және бар. Мәселен, Алматыдағы «Баум тоғайы» (Бауманская роща) 1930-шы жылдарға дейін «Мүттәйім бақ» аталғандығы жайлы деректер әрекідік болса да айтылып қалады. Және де Метербай болыс Жаркент уезінен айдап әкелген малдарын осынау Мүттәйімбақтың сыртында уақытша ұстап, уақыты келіп базарға шығарарда Мүттәйімбақ арқылы өткізіп әкеліп саудалап отырған. Демек, Мүттәйімбақ кейінгі 30 – 40 жылдар арасында Баумтоғайы (Бауманская роща) деп аталып кеткен болуы керек. Бейнетпен тапқан пұл мен дүниесін айдың-күннің аманында оп-оңай біреудің олжалағаны кімге де болса ауыр тиеді емес пе..?! Басқа басқа бұндай қорлыққа ешкімге кеудесін бастырып көрмеген Метербай да шыдамай ашық наразылыққа көшеді.
Елден, жерден айырып, мал-мүлікті көпе-көрінеу талауға салғаннан кейін болыс та қол қусырып қарап отырмай, керісінше кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жұмысын барынша жүргізеді. Сөйтіп, әділдікті іздеймін деп Кеңестік өкіметінің қырына іліккен Метербай болыс 1927 жылы қалың мал алғандығы үшін сотқа тартылып, 6 айға еңбекпен түзеу үйіне жабылады. Жазасын өтеп шыққан соң 1928 жылдың мамыр айында Ташкен Жүнісов, Мұқажан Атыев, Мұхамедрақым Тантілиев, Қойшыбек Надырбеков, Құсанов Бопақ сияқты байлардың басын қосып, мал сойып жиын өткізеді.
Жиын барысында Кеңестік қызылдардың күштеп мал-мүліктерді тартып алуына қару алып қарсы тұру жайы сөз болады. Бірақ, ел екіге жарылған, біршама адам қызылдар жағында, қару тапшылығы тағы бар, сондай кедергілерді екшелей келе бірден бір жол – қолда қалған мал-мүлікпен үдере көшіп Қытайға өтуге бірауыздан бата жасап, серттеседі. Бәтуә бойынша ерте қозғалғандар шекара асып, әне-міне бізде арғы бетке өтеміз деп отырған сол жылдың қыркүйегінде Метербай Әуелбеков пен Жанғазы Таңқұжаевтардың мал-мүлкін тәркілеп және жер аудару туралы қаулысын қуаттайтындығы туралы тағы бір қаулы қабылданып дереу жауапқа тартылады.
Содан, 1928 жылыдың қыркүйек айының 21-де аудандық байлардың мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару жөніндегі комиссияның Бура – құжыр кеңесінің біріккен конференциясында жазылған хаттамада Кеңестік уәкіл Бүркітбаевтың Қазақ Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі қабылдаған «Ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару» туралы декретімен алдын ала таныстырғандығы және куәгерлердің айтқан пікірлері де қосылып берілген. Сол кездегі болыстың мал-мүлкі туралы мынадай мәліметтер архив құжатарында сақталған.
«Алматы округінің ОГПУ Бөлімінің бастығы Ковалышкинның 1928 жылғы мәліметінде: Әуелбеков Метербай Жетісу губерниясы Жаркент уезі Қоңырөлең болысының екінші ауылының қазағы жеке өзі мен 17 жасар ұлының атындағы шаруашылығында 600 қой, 150 жылқы, 30 ірі қара және 8 түйесі және оның отбасы 8 жаннан тұратындығы, екі тұрақты тіркелген жұмысшысымен үш тіркеуде жоқ жұмысшыларының бар екендігі, сонымен қатар үш кедей отбасын пайдаланып отырғаны» туралы мәліметтер берілген.
Аталмыш жылдың қысында бүкіл Суаннан ұзын саны сексен адамды «бай», «кулак» деп тәркілеген болатын. Сол сексен адамның ішінен Метербай болысты қорғап, «алар малын алдыңдар, енді жасы келген адамды бала-шағасынан ажыратып жер аударғандарың жаны ашымастық қой» деп үкіметке қарсы сөйлеген Көмекбай бидің кіші баласы Әлдибек еді. Амал қанша, аяушылық жасап оны тыңдар өкімет болмады...
Және де солтанғұл руының азаматы, коммунист, Ақжазық ауылының шаңырағын көтеріп, уығын қадаған Кітапбек Қожагелдиев болыс тәркілеуге түскен қыс айынан кейінгі 1929 жылдың ерте көктемінде басына Метербайдың түлкі тымағын киіп, астына қызыл жорғасын мініп, тайпалтып жорғалатқан күйі Жылыкүнгейде отырған ағайыны Тілеулінің үйіне келеді. Шеке тамыры тырысып қарсы алған Төкең «Сенің өзің емес, жүрісің ұнамайды. Астыңдағы қызыл жорға мен басыңдағы түлкі тымақты тастасаңшы. Бұл жүрісіңмен ағайындас бүкіл Ақшаларды өзіңе қарсы қоясың, қарғап берген дүние саған құт болмас» дегені бар-тын. Сонда Кітапбек іркілместен: «Метербайды мен кәмпескелеген жоқпын, үкімет кәмпескеледі. Кеше ол мінген ат пен ол киген киім бүгін маған тисе, «ырыс – жұғыс» деген, оның несі ерсі? Көзім қиып атын пышаққа бергем жоқ, жиіркеніп киімін отқа өртегем жоқ. Менің бұл істеп жүргенім – ағайыным Метербайға деген құрметім!» деп жауап берген екен. Міне, осыдан-ақ, Метербай болысты Кеңес үкіметі қанша қаралап жазаласа да халық пен жаңа өкіметтің жауапты өкілдерінің арасында абырой беделінің жоғары болғандығын байқатады емес пе?...
Нәтижесінде, ауылда байлардың езгісін жою және Декрет негізінде кедейлердің саяси – экономикалық жағдайларын көтеру мақсатында: Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізгендері үшін; ұлт араздығын тудырғандары үшін; ауылдың мәдени – шаруашылығын жүргізуге кедергі келтіргендері үшін; қалың мал алғандығы үшін; тағы басқа түрлі айыптар тағылып Октябрь ауданының байлары Метербай Әуелбеков пен Жанғазы Таңсыққожаевтардың мал-мүлкін тәркілеу және өздерін жер аудару туралы қаулы қабылдайды.
Мал-мүлкі тәркіленген Метербай кейін Ресейдің Астраханына жер аударылады. Жазасын өтеген соң 1931 жылы елге оралып, 1932 жылғы нәубетте аман қалған мал-жанымен Қытайға өтеді. Сөйтіп, арғы беттегі Құлысты Қарабұлақ деген елді мекенде тұрақтап, 1934 жылы 64 жасында дүниеден озып, сол жерге жерленген екен. Метербай болыстың баласы Орынбай ақсақал Қытайдан қайта өтіп келген соң Алматыда тұрып, өсіп – өнген. Ұрпақтары сол Алматы маңайында әлі де тұрып жатыр.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.