Мұстафа Шоқайдың ашаршылық туралы жазбалары

6.jpg

 

Әміршілдік-әкімшілік жүйенің дәуірлеген жылдары кеңестік кеңістікте миллиондаған жан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Ал, сол жүйедегі қазақ елі бұл сұмдық ашаршылықпен үш дүркін бетпе-бет келді, яғни 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдары. Осы жылдары көшпенді халқымыздың 4 миллионнан астамы осы ашаршылықтың тікелей құрбанына айналды, ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда, еліміз айырылған боздақтар саны 10 млн адамнан асты.

 

Ел тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі, ұлы жұт аталған 1931-1932 жылдардағы аштық туралы мәліметтер 80-ші жылдардың ортасында бүкілодақтық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады. Тарихшы ғалымдар архив қорларындағы құпия құжаттарды іздеп, зерттеп, саралап көпшілік қауымға кеңестік әміршілдік-әкімшілдік жүйе кезіндегі ашаршылық туралы деректерді жариялай бастады.

 

Бұл зұлмат жылдарды батыс зерттеушісі Дж. Беккер: «Қазақтардың бірнеше ұрпақтарының есінде жазылмайтын жара болып ұжымдастыру және оның салдарынан болған 1931-1932 жылдардағы ашаршылық туралы естелік қалды»,- деп жазды.

 

Кеңестік кезең дәуірлеп тұрған шақта Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. Жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарарлар, бұйрықтар, шешімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы өзгерістер туралы, жер-су реформаларының жүргізулері туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды (Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.). -Алма-Ата., 1967.- Т. I-II. – 957с.). Шығарылған құжаттық жинақтарға өкінішке орай 1930-1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген архивтік құжаттар енгізілмей қалды.

 

Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде қайта құру саясатында айқын көрінді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы тарихи оқиғаларды архив құжаттары арқылы зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Архивтердегі құнды тарихи құжаттарды саралап және зерделеп, зерттеу арқылы тарихи үдерісті түсіну бүгінгі таңдағы басты мәселе. Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомостволардың қоймаларында қалдырылды. Ал, олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтерінде сақталды.

Ашаршылық ақиқатына жаңаша көзқарас ел тарихы үшін, болашақ ұрпақ үшін де керек екендігі көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік қауымға белгілі.

 

Қазақстандағы ашаршылық жылдары өлгендердің саны туралы әртүрлі деректер бар, мысалы «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» аштық құрбандары туралы 1926, 1937 жылдардағы халық санағында олқылықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығыны дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғандығы әділ атап өтіледі және 1931-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн 200 мың адамнан асып түсті делінді. Баспасөз беттерінде 2,5 млн («Алтын Орда» газеті 9 ақпан, 2012), 3 млн («Алтын Орда» газеті, 2012), 3 млн 250 мың («Айқын» газеті, 7 сәуір, 2012), 2 млн 300 мың («Егемен Қазақстан», 25 сәуір, 2012), 2,7 млн («Айқын» газеті, 4 мамыр, 2012) адам деген мәліметтер көрсетіледі. Аштық нәубеті құрбандарының саны бұл мәселе терең зерттеліп, сараланған сайын көбеймесе, азаймайды.

 

Кеңес үкіметінің жүргізген саясатының нәтижесінде ата-баба тарихында мыңдаған жылдары бойы көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі бетбұрыс жасалды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қолға алған саясатының бірі көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, ол үшін әлділерді тәркілеу ісі қолға алынды.

 

Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдарды шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару» декреті қабылданды. Бұл декрет бойынша байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі, байлығы тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударуға жатты. Конфескелеу туралы заң бойынша малы, дүние мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда малы 400-ден асатын (ірі қараға шаққанда), жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер жатқызылды. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай, жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен аяусыз жүргізілді. Бір өкініштісі байлардың қатарында солақай саясаттың нәтижесінде көптеген орта шаруалар да қосылып кетіп, тәркілеуге ұшырады. Алайда байлардың алдымен жерін, одан соңы малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу тиісті нәтиже бермеді, керісінше кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында көптеген жағдайларда адам құқы мен заңдылықтың өрескел бұзылуына жол берілді.

 

Қазақ өлкесіндегі ашаршылық туралы көрнекті қоғам, мемлекет қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Қ.Мырзағалиев, О.Исаев Мәскеуге ресми хаттар дайындап жіберді. БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы И.В.Сталинге РКФСР үкіметі төрағасының орынбасары қызметіндегі Т.Рысқұловтың және Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышов, Ғ.Мүсірепов хаттарында («Бесеудің хаты») қазақтардың аштан қырылуы мен атакүлдіктен үдере шетел асуының басты себептері, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық шығынды айғақтайтын нақты мәліметтер берілді. Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекиннің 1925-1933 жылдардағы саясатын Л.Д.Троцкий: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап, ал қазақ ауылдарында азаматтық соғысты қоздыруда», - деп сипаттады. 1932 жылы жазушы М.Шолоховтың «хуторларда әйдік соғыс жүріп өтті» деп жазуында ащы да болса шындық жатыр.

 

Ф.И.Голощекиннің Орталық Комитетке жазған мәлімдемесінде «қазақтардың коллективті шаруашылыққа өтудің ерекше қиын және күрделі жағдайында тіршілік етуге қабілетсіздігінде... Бұл қожалықтар өздерінің мал басын жойып, бір бөлігін мемлекеттік дайындауларға өткізіп, бір бөлігін жыртқыштықпен жоюда», - деп жазды. Ол коллективтендіру кезіндегі асыра сілтеуді, шолақ белсенділердің солақай саясатын, мал дайындау мүмкіндігі ескерілмей жоспарсыз жасалғанын мүлдем қаперіне де алмайды.

Ал шет елдерге Қазақстандағы ашаршылық туралы алғашқы дабыл қаққандардың бірі – Мұстафа Шоқай болатын. М.Шоқайдың қазақтардың 1917 жылдан бастап перманентті түрде ашаршылыққа ұшыратылуына арналған еңбектерінің орны ерекше. Оның 1921 жылдың 26 қарашасында «Последние новости» газетінде «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаласы жарық көрді. Қазақстанның көптеген аудандарын қамтыған ашаршылық жөнінде кешеуілдетпей ақпарат жеткізіп отырды. Ол «1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылдың қысында Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болып, Кеңес өкіметінің озбырлықтарын өз көзіммен көрдім, ашаршылықтың түпкі себебі – «қоғамдастыру», «тәркілеу» мен қазақ шаруаларының малдарын Қызыл Армияның пайдасына тартып алу» дейді. Және де мұның тағы бір дәлелі ретінде «Қазақтардың Ленинге хаты» деген құжатты келтіреді. Онда «қазақтарды індет кезінде және адам төзгісіз санитарлық жағдайда медициналық көмектен қағу – қисынсыз. Тіпті, бойымызға ілер киіміміз де жоқ, сондықтан әйелдеріміз сыртқа шығудан қалды. Ашаршылықтың жайлағаны сондай, адамдар иттің етін жеуге, балаларын сатуға дейін барды» делінеді. Мұстафа Шоқай қазақтардың қырғынға ұшырауын большевиктер мен орыс қоныстанушыларының іс-әрекеттерінің салдары деп қарастырады.

 

Қазақтардың Кеңес өкіметі тұсында көріп отырған қорлықтары жөнінде хабарлар түрлі жолдармен М.Шоқайға жетіп тұрған. Мұстафа Шоқай 1922 жылдың 20 мамырындағы большевиктердің басты үнпарағы «Правда» газетінде жарық көрген Г.Сафаровтың мақаласындағы «1917, 1918, 1919 жылдары жерлерін тартып алу үшін орыс қоныстанушылары қазақтарды тірідей өртеді» деген сөздеріне талай рет сілтеме жасауы да біраз нәрсені аңғартса керек. М.Шоқай өз мақалаларында орыс отаршылдығының түпкі мақсаты: бүкіл өлкені орыстандыру, қазақтардың жерін тартып алып, шөл далаға ығыстырып тастау, соның салдары ретінде ашаршылыққа душар ету деп атап көрсетеді.

 

М.Шоқай Кеңес Одағындағы оқиғаларды жіті қадағалай отырып, ұжымдастыру барысында қазақтардың жаппай қырғынға ұшырауы туралы Лондонда тұратын танысы А.Байкаловқа хат жазады, басқа да орыс эмиграциясының жетекшілеріне, шетел қайраткерлеріне хабарлайды, бірнеше мақала жариялайды. 1934 жылы 15 шілдеде А.Байкалов М.Шоқайға хатын алғаны және онда көтерілген мәселелер бойынша біраз әрекеттер жасағаны туралы былай дейді: «Ашаршылық туралы мәліметіңіз үшін үлкен рахмет, мен оларды тиісті орындарға тапсырдым. Бұл мағлұматтар «Социальная лестница» журналының соңғы санында басылған хат-хабарларда, сондай-ақ «Обсервер» газетінің бүгінгі санындағы жанама тілшілерінің хатында толығымен расталды» (Мұстафа Шоқай Эпистолярлық мұрасы. 2 томдық. –Алматы: «СаГа» баспасы, 2006. 1-том. 270 бет). Мұстафа ашаршылық туралы әлем жұртшылығының білуінің маңыздылығына, большевиктердің оны Еуропа жұртшылығынан жасыруға барлық шараларды қолданып жатқанына тоқталады. Ол бұл нәубет жалғыз қазақтарды ғана емес, бүкіл Ресейді қамтып отыр деген пікірде болды. М.Шоқай 30-жылдардағы ашаршылық нәубетінің ең алдымен қазақтардың басына төнгендігін айтып, оны төңкеріске дейін қазақтардың жан басына шаққанда қанша малы болғаны, енді қанша малының қалғаны туралы статистикалық деректермен дәлелдейді.

 

Қазақ халқы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін мұндай жойқын нәубетке ұшырап көрмеген болатын және 1933-1934 жылдары Қазақстандағы ашаршылық зұлматы жөнінде шет елдердегі «Нью-Иорк Таймс», «Манчестр Гардиан», «Дейли Телеграф», «Нью-Иорк Геральд Трибюн», «Фигаро», «Стампо», «Матэн», «Нойе Цюрихер Цайтунг», «Газетт де Лозанн» сияқты басылымдарда жазылды.

 

Сол жылдардағы қайғылы тәжірибені қоғамдық санамыз меңгермейінше және қазақстандық қоғамның да уақыт талабына сай жаңаруға, нақты модернизацияға беттеуі қиын болса керек. Ол үшін ұлттық элита, күллі қоғам баршаға ортақ азаматтық сезімді түйсінер болса, сол түйсікпен тарих алдындағы жауапкершілікті бір кісідей сезінсе – діттеген модернизацияның сәтті жүрері сөзсіз деген тұжырымға келуге болады.

 

Аққали Ахмет

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,

тарих ғылымдарының докторы, доцент

Abai.kz

 



Ұқсас тақырыптар