Депутат сұрау салды. Қазақстан мұнайының пайдасын ел емес, шетелдіктер көріп отыр...

Қазір біздің қазба байлығымызды игеріп жатқан шетелдік компанияларға Өнімді бөлісу келісіміне (ӨБК) байланысты сөзімізді өткізе алмай отырмыз. Бұл тоқсаныншы жылдардан бастап солай. Міне, сол кезде кеткен ӨБК-дегі кемшіліктердің орнын толтыруды «Ақжол» партиясы үнемі көтеріп келеді. Назарбаев дәуірінде бұл жабық тақырып болған.

1694610021687410.jpg

ӨБК-ге қатысты проблеманы бір өзі үнемі Парламент қабырғасында көтеріп келе жатқан партия – бұл «Ақжол». Партия төрағасы Азат Перуашев осы жолы да жүрсінен жаңылмай, ӨБК-ке қатысты қордаланған проблеманы тағы бір көтерді. Еліміздегі қолданыстағы заңда стратегиялық маңызы бар кен орындарындағы Қазақстанның үлесі 51%-дан кем болмауы керек! Бұған Назарбаев дәуірінде көз жұмыла қарады. Және айтылған сылтау – «қыса берсек инвесторларды қашырып аламыз» болғаны жасырын емес. «Сол қашырып аламыз» деген жалтақтықтың зардабын Азат Перуашев: «Мыразалар, кімге құрдай жорғалайтындарыңды нақтылап алыңдар!?» деп ашып айтты.

Азат Перуашев: «Еліміздегі ең ірі Қашаған кен орындағы мұнайдағы ӨБК – қазаққа көк тиын тимейтін қарақшылық өнім бөлісу», - деп санайды. «Ақ жол» партиясы жаңа жасақталған Үкімет құрамына қылбұрауды ышқынта салып, кезінде кеткен есемізді еселеп қайтару үшін депуттатық сұрау салды.   

Жасыратыны жоқ, бұрынғы біліксіз билік кезінде қабылданған ӨБК мерзімдері 2033 және 2041 жылдарға дейін жасалған. Міне, осындай созылмалы ауырудай мерзімдерді қайыра қарап, қазақтың үлесі 51 пайыз болатын жаңа ӨБК жасалуы тиістігін демпартия осы жолы тағы айтты. Бірақ билік «баяғы жартас бір жартас» күйінде қала беруде.

Азат Перуашев: «Біздің «Ак жол» демпартиясы бір жылдан астам уақыттан бері Қазақстан үшін қолайсыз шарттарды қайта қарау мен мақұлдауға не болмаса оны жоққа шығаруға қатысты дабыл қағып, депутаттық сауал жолдап келеді. Біз қоғамнан жасырын қалып отыратын жер қойнауы байлығын пайдалануға қатысты келісімшарттарға тыйым салынуын талап етеміз. «Ақ жол» демпартиясы қолданыстағы Конституциялық нормаларды сараптап, ӨБК келісімшарттарында Қазақстанның стратегиялық маңызы бар шикізаттар кен орындарындағы үлесі 51%-дан кем болмауын заңмен бекітуді ұсынады. Сондай-ақ, шетелдің жер қойнауын пайдаланушылары қазақ экономикасының дамуына өз үлесін қосып, жергілікті өнім өндірушілерден техника т.б. сатып алуға тиіс. Жер байлығымызды еміне еміп жатқандар өз құлқындарын ғана ойлап қоймай, Қазақстанның технологиялық дамуына да көңіл бөлуі керек», – деп мәлімдеді.

Бірақ билік көп жағдайда Ақжолдықтардың меселін қайтарып келеді. Осы жолы қалай болар екен!?

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар