"Жұмысшы кәсіптер жылы" аясындағы республикалық "Innovation" хакатоны Павлодар облысында өтті

 

Хакатон қатысушылары идея мен дизайннан бастап бастапқы код пен презентацияға дейінгі толыққанды цифрлық өнімді әзірлейді, деп хабарлайды.


1748529628424999.jpg

(Сурет:https://www.inform.kz)

 

Жұмысшы кәсіптер жылы аясында ұйымдастырылған хакатон IT саласы мен стартап жобаларындағы тәжірибе алмасуға, инновациялық шешімдер іздеуге, сондай-ақ кәсіби және әлеуметтік байланыстарды кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, командалар бір күн ішінде цифрлық өнімнің прототипін жасайды. Жобаларды сарапшылар кеңесі он түрлі критерий бойынша бағалайды. Олардың қатарында инновациялылық, функционалдылық, UX/UI-дизайн және практикалық маңыздылық бар.

 

– Күні бойы қатысушылар білім беру мекемелерінде қолдануға арналған веб-қосымша жасаумен айналысады. Тапсырмалар республикалық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылар тобы әзірлеген, олардың мазмұны хакатон басталғанға дейін құпия сақталды, – деді облыстық білім беру басқармасының кәсіби және техникалық білім беру бөлімінің басшысы Карлыгаш Асаимова.

 

Хакатонға республикалық және халықаралық чемпионаттарға қатысу тәжірибесі бар 17 өңірден студенттер келді. Жалпы саны 100-ге жуық адам цифрлық технологиялар саласында өздерін көрсетіп, 3,5 миллион теңге жүлде қорын жеңіп алуға талпынуда.Жезқазғаннан келген «ULWeb» командасының мүшесі Антонина Газанян үшін бастысы – ақша емес, қыздардың да IT саласында жетістікке жете алатынын дәлелдеу.Оның командасында үш қыз және бір жігіт бар.

 

– Елде білікті бағдарламашылар әлі де аз. Мен өз қабілетімді көрсетіп, өзімді сынап көру үшін келдім. Бұған дейін веб-сайттар мен қосымшалармен жұмыс істедім. Әрине, қобалжу бар, бірақ біз қорықпаймыз. Бағдарламалау табандылықты қажет етеді, ал қыздар да мақсатшыл. Бізде бәрі сәтті болады деп ойлаймын. Тек IT-мен айналысқысы келетін қыздар аз, сондықтан біз де азбыз, – деп бөлісті Антонина Газанян.

 

«INNOVATION» хакатоны – бұл жай ғана байқау емес, өзіңді танытып, пікірлес адамдарды тауып, жеке стартапыңды құруға алғашқы қадам жасау мүмкіндігі.

 

Облыстық білім беру басқармасы Ақпараттық технологиялар орталығының жетекшісі Елнар Үтебаевтың айтуынша, қатысушылар әртүрлі тапсырмаларды орындайды. Олардың қатарында – мансаптық мүмкіндіктерді талдау сервистері, кәсіпкерлерге арналған субсидиялар мен гранттарды іріктеу құралдары және жаңалықтардың шынайылығын тексеруге арналған жүйелер бар.

 

– Үш ұсынылған тапсырманың біреуін командалар өздері таңдайды. Таңертең олардың жұмысын еліміздің түрлі аймақтарынан келген қазылар алқасы бағалайды. Қатысушылар IT-хабта орналасқан Ақпараттық технологиялар колледжінің базасында сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді, бірақ оларға жобаны оқу орнынан тыс, тіпті түнде де жалғастыруға рұқсат етіледі, – деп атап өтті Елнар Үтебаев.

 

Марапаттау рәсімі ертең, 30 мамыр күні, «Ertis Promenade» сахнасында өтеді.


Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар