Крокустағы қырғын: Рахмонның Путинге бәйектеуі һәм ОА-ға төнген радикализм қаупі

Мәскеу түбіндегі Красногорскі қаласында орналасқан «Крокус» ойын-сауық орталығындағы қанқасапты жасады деген төрт күдіктіні Мәскеудің Басман соты 2 айға қамауға алды. Оларға: «Ұйымдасқан топтың құрамында шабуыл жасады», - деген айып тағылды.

1711373073929875.jpg

«Крокустағы» террор – жиырма бірінші ғасырдағы қаза тапқандар саны жағынан ең ірі террорлық акт болып тіркелді. Қаза тапқандар саны: 144 адамға жетті. 97 адам ауруханада жатыр. Қаза тапқандардың жеке тұлғалары әлі толық анықталып болған жоқ.

Ал «Крокустағы» террорды «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) террорлық ұйымының Ауғаныстандағы өкілдігі өз мойнына алған.

1711371603317436.jpg

РАХМОН: ТЕРРОРШЫЛАРДЫҢ ҰЛЫ ДА, МЕМЛЕКЕТІ МЕН ДІНІ ДЕ ЖОҚ!

«Крокустағы» қанқасапты ұйымдастырды және жасады деген күдікпен ұсталғандар Тәжікстан азаматтары болып шықты. Күдіктілер: Далерджон Мирзоев, Муродали Рачабализод, Мухаммадсобир Файзов және Шамсидин Фаридуни тергеу амалымен 22 мамырға дейін қамауға алынды.

Әуелде, Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі бұл террорға Тәжікстан азаматтарының қатысы жоқ деген ауанда мәлімдеме жасаған. Кейін ұсталғандардың Тәжікстан азаматтары екені анылталған.

1711371690297554.jpg

Онан соң Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Онда Рахмон: «Терроршылардың ұлты да, мемлекеті де, діні де жоқ!», - деп мәлімдеген.

«ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІНІҢ» БАСТЫ ЖАУЫ – РЕСЕЙ!

Әлемдік БАҚ: «Ірі державалар Украина және Газа секторындағы соғыспен әлек болып жатқан кезең – содырлар үшін ұтымды сәт болып, террорлық ұйым белсенді бола түсті», - дейді.

«Al Jazeera»: «ИМ-нің» Ресеймен бұрыннан келе жатқан араздығы бар. «ИМ-нің» Ресейге басты өкпесі – ауған және шешен соғыстары. Қазіргі өшпенділіктерінің себебі – Ресейдің Сүрия мен Батыс Африкадағы Ислам мемлекеті содырларына қарсы операция жүргізіп жатуы. Оған қоса Ресей «Талибанмен» татуласты. Ал «Талибан» – «ИМ-нің» ата жауы. «Крокустағы» қанқасапты жасауға себеп болған фактор – «Талибан» мен Ресей арасының жақындауы», - деп жазады.

«The Wall Street Journal»: «Соңғы уақыттары «ИМ-нің» Ауғаныстандағы бөлімшесі өз операцияларының шекарасын кеңейтуді көздеп отыр. Оған дәлел: соңғы уақыттары Еуропаның бірнеше елінде болған террорлық актілер.

Ресей-Украина соғысы басталғаннан бері «ИМ» өз қарамағына Орталық Азия мигранттарын оңай әрі жылдам қосып алуда. Ал Ресейде ОА еңбек мигранттары өте көп және Ресей оларды еңбек күші және мобилизация үшін пайдалануда», - деп жазады.

«Neue Zürcher Zeitung»: «ИМ» қазір Ресейді нысанаға алып отыр. Соңғы 2 жылда «ИМ-нің» «Хорасан» дейтін Ауғаныстандағы бөлімшесі Ресейге қарсы іс-қимылдарын жандандырды. Террорлық ұйым араб елдеріндегі ықпалынан айырылған соң, нысанасын ауыстырды. Содырлар: «Ресейдің қолында көптеген мұсылмандардың қаны бар», - деп айыптайды. «ИМ-Хорасан» билікке «Талибан» келгелі ықпалы төмендеді. Сондықтан олар өз шабуылдарын шекара сыртында жүзеге асыруда», - деп жазады.

1711372087150565.jpg

РЕСЕЙ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРЫ БҰЛ ТЕРРОР ТУРАЛЫ АЛДЫН АЛА БІЛГЕН!

«Досье» (М.Ходорковскийдің коммерциялық емес жобасы): «Ресей арнайы қызметтері бұл террордың қаупі туралы алдын ала білген және «Вилаят Хорасан» тобының іс-қимылдарын мұқият бақылаған. Ал терактіге бірнеше күн қалғанда РФ Қауіпсіздік кеңесі өкілдері «ИМ-Хорасан» террорды жасауға Тәжікстан азаматтарын пайдалануы мүмкін деген ескерту алған», - деп жазады.

«Вилаят Хорасан» - «ИМ-нің» Ауғаныстандағы тобы. Бұл топ әуелде «Талибанмен» күресу үшін құрылған. «Талибаннан» айырмашылығы – әлемдік халифат құру емес, Ауғаныстан территориясында ислами-ұлттық мемелкет құру. «Талибан» ауған билігіне келгеннен бастап, бұл топ Халықаралық терроризмге қарай ойысқан және соңғы жылдардағы басты жауы – Ресей, АҚШ пен Қытай деп жариялаған.

«Вилаят Хоросан» - 2022 жылдың қыркүйегінде Қабулдағы Ресей елшілігіне жасалған соққыны да өз мойнына алған. Ол кезде 5 адам қаза тапқан.  2023 жылдың желтоқсанында «Вилаят Хоросанға» мүше болған және бірнеше террорлық акт жасамақ болған Тәжікстан азаматтарын Австрия құзырлы органдары құрықтаған. Тәжікстанның тағы бір азаматын Германия тұтқындаған. Кельн полициясы тағы үш күдіктіні террор жасауы мүмкін деген күдікпен құрықтаған. Олар Кель шіркеуінде жарылыс жасамақ болған.  Ал былтырғы жаңа жылдың дәл қарсаңында Қырғызстанның Жалалабадында осы террорлық топтың мүшелері ұсталған. Олар қаланың бас шыршасына жарылғыш зат қойып, православ шіркеуіне шабуыл жасамақ болған.

«Ресей құзырлы органдары бұл фактілердің барлығын жіті қадағалап отырса да, «Крокустағы» террордың алдын ала алмады», - деп жазады «Досье».

1711372335348880.jpg

РЕСЕЙ БАР КІНӘНІ УКРАИНАҒА ЖАПҚЫСЫ КЕЛЕДІ

Әлемдік БАҚ пен терроризм бойынша беделді сарапшылар «Крокустағы» қанқасаптан «Ислам мемлекетінің» қол ізін көріп, аталған террорлық ұйым қылмысты өз мойнына алатынын екі кезек мәлімдесе де, Ресейлік пропоганда бар кінәні Украинаға жапқысы келеді.

Террорлық акт болғаннан бір тәуліктен аса уақыт өткенде барып ел-жұртқа шығып, пікір айтқан Ресей президенті Владимир Путиннің өзі: «Терроршылар Украинаға қарай қашқан. Украина оларды өз аумағынан өткізуге көмектеспек болған», - деп соқты.

Ал Ресей пропогандасы әуелі: «Бұл террорды Украина жасады. Орындауды Қапқаздықтарға жүктеді. Сол арқылы Ресейді Ислам әлемімен шағыстырғысы келді», - деп ашық мәлімдеді. Онан соң бар кінәні Украина жағында Ресейге қарсы сойқан салып жүрген «Орыс еріктілері корпусына» аударуға әрекет етті. Тіпті кейін: «АҚШ бұл террордың болатынын біле тұра, бізге ескертпеді», - деп АҚШ-ты айыптады. Бірақ, Ресей пропогандасының бұл дезинформациялық операциясы сәтсіз болып, әлем алдында күлкіге қалды.

1711372380283057.jpg

ҚЫРҒЫЗСТАН: УАҚЫТША РЕСЕЙГЕ БАРМАҢДАР!

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына үндеу жасап, Ресейге уақытша бармай тұруға кеңес берді. «Ресейде қазір мигранттарға қатысты қадағалау күшейіп тұр. Сондықтан, сақтық шаралары ретінде, уақытша Ресейге бармай тұрыңыздар», - дейді Қырғызстан.

1711372434444874.jpg

ҚАЗАҚСТАН: БОЛЖАЛДЫ ТЕРРОР ҚАУІПІНЕ ДАЙЫН БОЛУ КЕРЕК!

Қазақстан билігі де «Крокустағы» террордан соң Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді.  Жиын барысында құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспары, сондай-ақ экстремалды жағдайлардағы олардың қызметін үйлестіру мәселелері қарастырылды. Президент ел азаматтарының қауіпсіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

1711372484526759.jpg

ОА-ҒА ТӨНГЕН ТЕРРОРИЗМ ҚАУПІ

Осыған дейін Қырғызстанның «Кешкі Бішкек» гәзеті: «Орталық Азияда, оның ішінде Қырғызстанда радикалды исламизмнің танымалдығы артып келеді. Оның басты мақсаты өңірдің зайырлы үкіметтерін құлату және шариғат негізінде біртұтас ислам тоталитарлық мемлекетін құру болып табылады», - деп жазған еді. Бұл туралы «Mezgil.kz» порталында егжей-тегжейлі жаздық та.

«Крокустағы» террорды жасаған «ИМ-нің» Ауғаныстандағы өкілдігі неге Ресейді өз нысаны етіп алды? Жоғарыдағы келтірілген мәліметтерден түйіндер болсақ, «ИМ-нің» ата жауы – «Талибанмен» етене жақындасқан Ресей билігі «ИМ-нің» дөп нысанасына айналған. Бұл тұста Ауғаныстанның қазіргі билігін тізгіндеп отырған «Талибанмен» алыс-беріс, барыс-келісті реттеуге құлықты Қазақстан билігіне де сақтық керек дейміз.  Қазақ: «Жау жоқ деме, жар астында», - дейді. Ендеше, Қазақстанның құзырлы органдары да сауысқаннан сақ болуы әсіре қажет! Қауіп еткеннен айтамыз, әрине...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар