Прокурор «Әділ Қытай» тобының серкелерін 20 жылға түрмеге қамауды сұрады

4.jpg

Прокурор «Әділ Қытай» қылмыстық тобының  серкелерін 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Алматы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Әділ Қытай» ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық серкелерінің ісі қаралды.

Отырыста мемлекеттік айыптаушы басты сотталушы Әділжан Зайнаудинге жаза қолдануды сұрады.

«ҚР ҚК 58-бабына сәйкес жазаны ішінара қосу арқылы 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сонымен қатар, оның қылмыстық жолмен жинаған мүлкін тәркілеуді сұраймын», - деді прокурор Әмір Әлмұханов.

Сотталушының  балалары  Мехришат Зайнаудин мен  Бахтишат Аруповты 2,5 және 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Барлығы сот алдында 12 сотталушы жауап беріп жатыр.

Әділжан Зайнаудинов бірқатар қылмыс бойынша: қылмыстық топ құру, адам денсаулығына нұқсан келтіруге немесе өлтіруге қорқыту, алаяқтық, адам өлтіру, пара беру сияқты қылмыстар бойынша айыпталып отыр.

Айта кету керек, былтыр 30 мамырда ҚР ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық  мүшелерін ұстаған болатын.

Ұсталғандардың арасында Әуезов аудандық ІІБ басшысы Бақыт Қасабеков болған. Полиция қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топты қорғағаны үшін 5 жылға сотталған еді.


Ұқсас тақырыптар