Астана әуежайының қызметкерлері жолаушылардың жүгін ақтарған

1.jpg

Астана қалалық әуе көлік прокуратурасы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында жолаушылардың жеке мүліктерінің ұрлануына жол бермес үшін арнайы жұмыс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, жол жүру барысында, оның ішінде Қазақстан аумағынан тыс жерде иесіз ашылған жол жүктердің саны 80-ге жеткен. Прокуратураның үйлестіру жұмысының арқасында уәкілетті органдар мен әуежай қызметкерлері азаматтардың мүліктерін қорғау үшін бірқатар ұйымдастырушылық шараларды қолға алып, бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.

«Әуежайдың жүк бойынша қызмет көрсету жұмысындағы енгізілген негізгі жаналық - авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жүк бөлімінде күнделікті кезекшілік атқаратын болды. Тиеп-түсіру барысында бейнетіркеу құралы қолданылады, демек, бейнебақылау жүйелерін жаңғырту арқылы әуежай аймағында «жасырын» жерлер болмайды. Аталған іс-шаралар әуежайдан тыс жерде жасалатын қылмыстарды болдырмауға және олар бойынша қылмысты қудалау органдарымен негізсіз тексерістер жүргізбеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде жеке мүліктерді және жүктерді ұрлау деректері 60% төмендеді (40-тан 16-ға дейін)» делінген ведомство таратқан хабарламада. 

Сонымен қатар, аталған шара барысында 8 қылмыстық құқықбұзушылық ашылды, оның 7-уін әуежай жұмыскерлері жасаған. Екі жұмыскерге қатысты айыптау үкімі шығарылды. Қалғандарына қатысты іс сотпен медиация тәртібінде қысқартылды.

Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.


Ұқсас тақырыптар