Астанада терезеден құлаған баланы 9-қабатта тұрған көршісі қағып алды

4.jpg

Оныншы қабаттың терезесінен құлаған баланы бір қабат төмендегі көршісі құтқарып алды

Астанада тоғызыншы қабатта тұратын ер адам оныншы қабаттың терезесінен құлаған баланы өлімнен құтқарды.

Куәгерлер түсірген видеороликте карнизден ұстап тұрған кішкентай бала жоғары көтеріле алмай жанталасып жатқаны байқалады. Сәлден соң бір қабат төмендегі терезеден көршісі көрінеді. Бір кезде бала құлап кетеді, алайда оны ер адам ұстап қалады.

Төтенше жағдайлар комитеті хабарлағандай, оқиға 24 қыркүйек күні Жеңіс даңғылы, 28 мекенжайындағы көп қабатты үйде болған.

Бала құлай сала оқиға орнына №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы келіп жетті.   

"Баланы 9-шы қабаттағы көршісі мамандар келгенге дейін құтқарып алды. Баланың жағдайы қанағаттанарлық, ешқандай көмек қажет болған жоқ, ол ата-анасына берілді", — деп хабарлады құтқарушылар.

Төтенше жағдайлар комитеті биіктіктен құлап кететіндердің арасында ата-анасының қарауынсыз қалған екі-алты жастағы балалар көп екенін ескертті.

Дереккөз: Sputnik


Ұқсас тақырыптар