Астанада құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге пәтер кілті табысталды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге пәтер кілті берілгенін жазды, деп хабарлайды Mezgil.kz ақпараттық порталы Елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

1710849367789823.jpg

«Наурыз мейрамы қарсаңында ТЖД қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды. Қоныс тойын тойлап жатқандар арасында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бөлімшелерінің командирлері бар. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер күн сайын қала тұрғындарына көмекке ұмтылады. Олардың еңбегі қашанда бағалы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР ТЖМ-мен бірлесіп, еңбек жағдайларын және тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біз тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар санатын (Қазақстандық тұрғын үй компаниясы) кеңейттік, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық, онда ТЖД қызметкерлерінің санатын арнайы жеке қарастырдық. Сол сияқты Департамент қызметкерлері үшін тұрғын үй сертификатының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Соңғы үш жылда ТЖД қызметкерлеріне 90 пәтер берілді.

Өткен айда Көктал елді мекенінде өрт сөндіру депосы ашылды. Оның аумағында елордалық гарнизон қызметкерлері үшін 18 қызметтік пәтерге арналған жатақхана қарастырылған.

Сонымен қатар, қазір өрт сөндіру депосын Үркер елді мекенінде салып жатырмыз, Телман және Интернациональный елді мекендерінде, сондай-ақ 28-ші көшеде тағы үш бөлімшені жобалап отырмыз. Өткен жылы Департаменттің автопаркі 21 техникамен толықты», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Астана қаласында төтенше жағдайларды, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін, оның ішінде өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың және синоптиктердің қызметін қолдау жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын осыған дейін порталымызда жазған едік. 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар