Жұма күні Ливия жағалауында мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, кем дегенде 90 адам мерт болды, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
«Бүгін таңертең Ливия жағалауында қайықтың апатқа ұшырауы салдарынан 90 мигранттың суға батып кеткені туралы хабарланды», - делінген Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның (ХМҰ) хабарламасында.
«Ливия жағалауына 10 мәйіт шығарылды - олардың екеуі Ливия азаматы және сегізі - пәкістандық», - деді ұйымдағылар. Аман қалған үш адамның айтуынша, қаза тапқандардың көбі Пәкістан азаматтары.
ХМҰ дерегі бойынша, биыл қаңтарда 6,6 мың заңсыз иммигранттар Жерорта теңізі арқылы Еуропаға бармақшы болған. Олардың 246-сы қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалып кеткен.