Былтыр Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту бөліміне 7 165 адам жүгінген. Бұл туралы бүгін қала әкімі Базыл Жақыпов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
2017 жылы «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» бойынша қалада 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бұл жобаларға 13 млрд теңге жұмсалды. Мұның сыртында 308 шағын нысан пайдалануға беріліп, барлығы 570 жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, қаладағы жұмыссыздық көрсеткіші әлі де төмендер емес.
«Былтыр әкімдіктің жұмыспен қамту бөліміне 7 165 адам жұмыс сұрап келген. Жалпы, қалада 5 895 адам жұмыссыздар санатына кіреді. Тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Биыл тағы 6 ірі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Бұл тұста жеке инвесторлардың көмегі зор. Мәселен, былтыр «Март» сауда орталығының қасынан салынған «McDonald's» мейрамханасы 100 қостанайлықты жұмысқа алды. Кәсіпкер өз қалтасынан 800 млн теңгеге жуық қаржы шығарды», - деді қала әкімі.
Базыл Жақыповтың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 1 370 тұрғын тұрақты жұмыс тапты. Мұның сыртында, 338 отбасыға әлеуметтік көмек ұсынылды. Бұған бюджеттен 26 млн теңге қарастырылды.
«Қалада 6 889 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олардың шипажайда ем алуына жағдай жасалынып келеді. Алдағы уақытта инватаксилерді цифрландыру бойынша бірнеше жобаны іске асырмақпыз. Атап айтқанда, қамкөңіл жандар үшін мобильді қосымша жасалынып жатыр. Олар қалдағы инватаксилердің бағытын смартфондар арқылы бақылап, шақыра алады. Қалада инватакси қызметіне 600 адам жүгінеді», - дейді Жақыпов.
Қала әкімі айтқандай, Ұлы Отан соғысы ардагерлері де әлеуметтік көмектерден тыс қалмайды. Бүгінде қаладағы 982 соғыс ардагеріне ай сайын тұрмыстық техникаларға сертификаттар беріліп отырады. 2017 жылы бұл шараға 92 млн теңге бөлінген.