Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдері шенеуніктің терезеден секіріп кетуі оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлады Tengrinews.kz.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы обыстық департаменті прокуратура органдарының рұқсатымен өткізілген жария емес тергеу барысында "ҚазСу шаруашылығы" РМК директоры Мухамадиевтің пара алғанын анықтады. Ол мердігерден атқарылған жұмыс актісіне қол қою үшін 17,4 миллион теңге немесе мемлекеттік сатып алу келісімінің он пайызын алған. Бұл сома оған екі айда бөлініп берілді. Соңғы 400 мың теңгені беру кезінде ол қолға түсті", - делінген хабарламада.
Дене жарақаты жоқтығына медициналық сараптамадан өтіп, үйіне тінту жүргізілген. Осыдан кейін 3 ақпанда ол қосымша тергеу амалдарын өткізу үшін департаментке жеткізілген.
"Сағат 09:02-де ол Департаменттің 4-қабатындағы қызметтік бөлмесінің терезесінен секіріп кетті. Алған жарақаттардан оқиға орнында қаза тапты. Бұл дерек бойынша Талдықорғанның ІІБ-да ҚР ҚК-нің 105-бабы "Өзіне қол салуға дейін жеткізу" бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді ұлттық бюро өкілдері.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ішкі қауіпсіздік басқармасы да тергеу жүргізіп жатыр.