Мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Криштиану Роналду Чемпиондар лигасында бір клуб сапында 100 гол соққан бірінші футболшы атанды,деп хабарлады vesti.kz.
"Реал" сапындағы өзінің жүзінші голын Роналду Чемпиондар лигасының 1/8 финалында франциялық "Пари Сен-Жермен" клубына қарсы өткен кездесуде соқты.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында аргентиналық шабуылшы Лионель Месси тұр. Ол "Барселона" сапында 97 гол соққан.
"ПСЖ" клубына қарсы кездесудің екінші таймында Роналду 101-голын соқты. Осылайша португалиялық шабуылшы Чемпиондар лигасының сегіз ойынында қатарынан қанжығасын майлады.
Еске салайық, "Сантьяго Бернабеу" стадионында өткен бұл кездесу 3:1 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды. Бірінші болып қонақтар есеп ашқанмен, Зиннедин Зидан шәкірттері жеңіске бастар жолды таба білді. 33 минутта Адриен Рабьо Неймардың қалдырған пасынан кейін париждік команданы алға шығарды. Әйтсе де бірінші тайм аяқталғанша Роналду пенальтиден есеп теңестіре білді.
Ойынның аяқталуына 10 минутта уақыт қалғанда Исконың орнына Марко Асенсио шықты. Зиданның бұл ойыншы алмастыруы сәтті болды. Асенсио "Реалға" жеңіс сыйлаған голдардың соғылуына зор септігін тигізді. 83 минутта Роналду алдына келген допты тізесімен бағыттап, алаң иелерін алға шығарды. Араға 3 минут сала Марсело мадридтіктердің үшінші голын соқты.