Алматыда шілдеде болған террористік актіге байланысты сот отырысы басталды. Сот алдында Алмалы аудандық ІІБ бұрынғы басшысы Асқар Болатов пен полиция қызметкерлері Қайрат Аманжолов пен Сырым Баймендиев жауап беріп жатыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қылмыстық іс былтыр Алматыда 16 шілдеде Руслан Күлекбаевтың полицейлерге жасаған шабуылына қатысты қозғалды.
Асқар Болатовқа қатысты ҚР ҚК 370-бабының 4-бөлімімен (қызметтегі әрекетсіздік), 371-бабының 2-бөлімімен (салғырттық), Қайрат Аманжолов пен Сырым Баймендиев ҚР ҚК 370-бабының 4-бөлімімен (қызметтегі әрекетсіздік) айып тағылды.
Болатов пен Баймендиевтың адвокаттары істі тоқтатып, прокуратураға қайта тергеуге жіберуге жіберуге өтініш білдірді.
Алдын ала тыңдауға Асқар Болатовтың өзі денсаулығына байланысты келмеді. Сонымен қатар сотта Қайрат Аманжоловтың қорғаушысы болмады. Ал, Сырым Баймендиев 8 томдық іспен әлі таныспағанын айтты.
Болатовтың қорғаушысы Таир Назханов күдіктіні қызметінде бейқамдық танытты деп айыптауға болмайтынын жеткізді.
«Егер ол бейқамдық танытса, онда Күлекбаевпен өзара сыбайлас болғаны. Бұл мүмкін емес, себебі Күлекбаев пен Болатов мүлде таныс емес. Алмалы ауданы ІІБ басшысы 18-шілдеде қызметкерлерін тұрғызған. Олардың арасында бос орындар болды. Сондықтан, бәрі толық сапқа тұрмады. Болатов шабуыл кезінде қарусыз болған. Ол төртінші қабатқа көтеріліп, қару-жарақ алмақ болған. Осылайша шабуылға тойтарыс беруді көздеген. Кабинетке кіріп, телефон арқылы ІІД басшылығына бірінші хабар берген», - деді қорғаушы.
Судья Маратали Бекназаров қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырусыз қалдырып, келесі сот тыңдалымын 26 ақпанға белгіледі.
Еске сала кетсек, 2016 жылы 18 шілдеде Алматыда теракт жасаған Руслан Күлекбаевқа өлім жазасы тағайындалған. Мораторийге байланысты ол жазасын түрмеде өтеп жатыр.