Ипотекалық қарызын төлей алмағандарды енді ешкім үйінен қуып шықпайды, деп хабарлады КТК.
Телеарнаның хабарлауынша, Президенттің тапсырмасынан кейін Ұлттық банк қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңадан қарап жатыр.
Бұл қайта қаржыландыруға жататын ипотекалық қарыз иелеріне қатысты. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қарызын төлей алмай қалғандарды үйінен қуып шықпай, басқа жолдарын қарастыруды ұсынып отыр.
"Басқа қандай жолдарын табуға болатынын қазіргі уақытта қаржы ұйымдарымен бірігіп қарастыруда. Қаңтардың басында ғана Елбасы Ұлттық банкке ипотекалық қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы бойынша, тек 2016 жылға дейін берілген ипотекалар мәселесі қарастырылмақ", - деп хабарлады телеарна.
ҚР Ұлттық банкі мамандарының айтуынша, банктер ипотекалық қарызы барларды үйлерінен шығаруды тоқтатқан. "Осы кезден бастап банктер ипотекалық қарызы барларды үйлерінен шығаруды тоқтатты.
Осы күнге дейін 23 мың қарыз иесі қайта қаржыландырылып, баспаналарын сақтап қалған еді. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша тағы 25 мың ипотеканы қайта қаржыландыру жоспарланып отыр", - деді ҚР ҰБ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бөлімінің басшысы Мениса Хуснутдинова.
tengrinews.kz