Павлодар облысында 2018 жылы атты полиция құру жоспарлануда, деп хабарлайды Mezgil.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Табиғи жағдай бойынша автокөліктерді қолдану қиынға соғатын жерлерде, атап айтқанда саяжай аудандарында және азаматтардың демалатын аймағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күзде және көктемде атты полиция құру жоспарлануда», - деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, полиция биыл із-түзсіз жоғалған адамдарды, малдарды, ұрланған көліктерді іздеу үшін Павлодар облысындағы ауылдарда квадрокоптерлерді қолданбақ. Сондай-ақ, бұл көктемгі су тасқынын бақылауға мүмкіндік береді.
Түрлі құқықбұзушылықтар басқа жыл мезгілдеріне қарағанда жазда көбірек болатыны аталып өтті.
«Судағы және жағалау аумағындағы құқықбұзушылықтарға жедел әрекет ету үшін биыл гидроцикл, шағын кеме, қарда жүретін техника қолдану жоспарда бар», - деп атап өтті ІІД-де.