«Қайсы елдің қызысың, қалқам, руың кім?» деген сұрақ алдымнан жиі шығып жатады. Жөн сұрасқаны шығар қазақтың, өз басым руға, жерге бөліну деген ойдан аулақпын. Бәріміз бір Алаштың баласымыз. «Дулатпыз»,- деп қоямыз, «Албанмын», - десек, «Қордайда Албандар қайдан жүр? Албандар Алматы облысында отырған жоқ па?», - деп сұрақтың астына ала бастайды. Албанның Қордайда қайдан жүргенін айтып, түсіндіріп жатамын. Сенетіндер сеніп, таңғалысып жатады, сенбейтіндер ойланып қалады.
Дулат болсын, Албан болсын, бастысы - Ұлы жүзбін ғой, әлде өзінше бір ерекшелігі бар ма екен дейсің іштей.
Ақыры айтып тынайын деп осы құпия тарихты, еміс-еміс есімде қалса да, жазбаққа бекіндім.
Менің атам Нәзіке Қарамолдаев деген атпен Жамбыл облысына танымал кісі болған. Шын аты-жөні - Назаралы Құлмамбетұлы. Аталарымыздың өз атымен атамалу себебі - ол кісілердің бойында қасиеті бар, әулиелікпен-тәуіпшілдікпен айналысқан, арабша хат таныған, Құранды жанынан тастамайтын, балгер, көріпкел адам болған деседі. Оның үстіне өзі зор денелі, қара кісі болғандықтан, жұрт оны Қарамолда деп атап кеткен екен. Атам Назаралы да мінезі өткір, жүзінен нұры тамған, келбетті, алып денелі адам. «Нәке, Нәзіке», деп сол замандағы салт-жоралғы бойынша жеңгелерінің қойған аты солай болса керек.
Құлмамбет бабамыз 1845 жылы туылып, 1914 жылы 69 жасында жары Күйкентай апамыз екеуі бірдей бір күннің ішінде оба ауруынан кенеттен қайтыс болып кеткен екен. Жетім қалған 4 жасар бала Назаралы үлкен ағасы Сатыбалдының қамқорлығында қалады.
Нәзіке (Назаралы) атамның еш жерде жарияланбаған
«Қордайдағы Албандар» туралы әңгімесі
Мен сол «Қарамолдаевтар отбасы», деп аталатын үлкен киелі қарашаңырақта өстім. Біздің ауылдағы үйді сол Сатай (Сатыбалды) атамыздан кейінгі «үлкен үй» деп кие тұтады. Сатай атамыздың үйі көшенің төменгі жағында, біздің үйіміз көшенің жоғарғы жағында отыр.
Үйде атамның қызы мен болдым. Зәмзе апам (апа дейміз әжемді), әке-шешем, інім бәрі – бір әлем, атам екеуміз өзінше бір әлем болатынбыз. Мен ес білгелі атамның бөлмесі бөлек болатын. Бөлмедегі кітап шкафтың астыңғы кілттенетін бөлігі атамның жеке «сейфі» болатын. Кейіннен өзі темірден жасалған кілттенетін, дөңгелек дүңгіршек әкеп қойды. Кілттеп жауып қояды, керек кезде өзі ғана ашады. Оны және мен ғана аша аламын. Әлі есімде әріп танып, ес біліп қалған кезім маған кітаптарын жинатып отырды. Әрдайым қасына ертіп алып, әр затты өз орнына қойғызады. Жатып алып кітап оқиды. Оқығанда да оқыған кітаптарының қара қарындашпен астын сызып қояды. Содан соң оқып бітірген күнін және кітап туралы пікір жазып, астына қолын қояды. Ол кезде баламыз. «Оқыған кітабына не деп жазды екен?» - деп оқыған боламыз. Әр кітапты ашып қызықтаймыз. Екі сөздің басын құрап атама еліктеп жатып алып кітап оқитын едім. Ол кезде «Балдырған», «Ұлан» деген газет-журналға жаздырып беретін. Оның үстіне шешем кітапханашы. Күнде газет-журналдармен қоса бірнеше кітап әкеледі атама. Үйдің үлкені болғандықтан бәрі мені жұмсайды. Інім кішкентай. Мен атамның жанынан шықпайтынмын. Атам екеуміз жатып алып кітап оқимыз. Нәзіке атамның мінезі қаталдау кісі болатын. «Өздерің істеңдер, есікті жабыңдар, тықырлата бермей», - дегендей қақырынып қоятын. «Атам келе жатыр» - дегенде бәрі анадайдан айналып қашады. Әсіресе, білімге қатал болатын. Білмей тұрсаң сол жерде басы-көзіңе қарамай айтып салатын. «Кітап оқымаған бұзаубас, пасық неме! Абайды оқымаған сол адам адам ба?!»- деп көршілерге талай айқайлағанын көзіммен көргем. «Адам болсаң бол, болмасаң бордай тоз өйтіп жүргенше! Ең бастысы, сауатты бол, білмесең кітапты ашып оқы, оқымадың екен Құдай төбеңнен ұрды дей бер, қаласың жерде, біреудің айдауында кетесің», - деп айтып отыратын маған да.
- «Кітаптың астын неге сызып оқисыз?», – дедім бірде жайланып отырған сәтін пайдаланып.
- «Ол жадыңда сақтап алатын өміріңе керекті сөздер. Сол шығарманың маңызын келтіріп, мәнін ашып тұрған сөз. Кітап оқып отырғанда сол сөзге ойша қайтып оралады адам. Сол үшін сызып оқимын», - дегені бар.
Атамның тағы бір жақсы қасиеті өте таза адам болатын. Ешкімге қарыз бермейді, ешкімнен алмайды да. Өз заттарына да солай қарайды. Ұқыпты, жинақы. Әрбір заты орнында тұрмаса шатақ шығаратын. Өзінің жеке ине-жібі, жеке түймелері, жеке кітап шкафы болатын. Түймесін өзі тігеді, жылқының ер-тұрмандарын өңдеп, қамшының неше өрімін тоқып өріп, ірі қара малдарға ноқта жасайтын. Қасында қарап, ұстасып, көмектесіп отырасың. Қоршау қоршайды, шөпке барғанды, шалғы шыңдағанды, қойлы ауылдарға барғанды ұнататын.
Атамның біз туып-өскен Алға деген шағын ғана ауылға сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ауылды екіге бөліп тұратын қар жолдың бойында орналасқан мектеп бар болатын. (Қазір арғы жағынан жаңа мектеп салынды). Алғалықтардың хат танып, қанат қаққан білім ордасы. Сол қара шаңырақ мектепке соғыстан кейінгі жылдары Нәзіке Қарамолдаев атамыз 40 жыл басшылық жасады. Мектеп директоры болды, зейнетке шыққанша сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан сабақ берді. Соғыстан кейін Назаралы атам Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Тіл-әдебиеті факультетін үздік бітірген. Әйгілі Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Әнуар Әлімжанов, Н. Бержанов, С. Аманжоловтардан дәріс алған (суреті бар). Абайды жазған Мұхтар Әуезовты өзіне үлгі тұтатын. Менің әкемнің есімін сол кісідей болсын деп «Мұхтар», деп өзі қойған.
Бүкіл саналы ғұмыры ұстаздықпен өткен. «Өмір жолын ұстаздықпен өткізген аталарыңның атында мектептің де, көшенің де атауы қалмапты», - деп қояды ауыл ағайындары кейде. Атамыздың туған елі алдында қарызы жоқ. Азаматтық парызын абыроймен өтеп кеткен. Бала өсірді, ағаш екті, үй салды. Ағаш демекші, мектептің жан-жағындағы, қара жолдың бойындағы қалың қара ағашты атам ауыл мұғалімдерімен бірлесіп отырғызып кеткен. Бұл соғыстан кейінгі 1948 жылдар болатын. Қазір олар тамырын тереңге жайған зәулім қара ағашқа айналған. Оның саясында қаншама адам демалды, қаншама жолаушы саялады, қаншама ұрпақ өсіп шықты десеңізші. Атамнан қалған ескерткіш секілді болып тұрады осы ағаштар ауылға бара қалсаң. Жыл сайын сол қара ағаштардың бұтақтарына сан мың торғай ұя салып, балапандарын ұшырып жатса, атам басқарған мектептен де қаншама бала ұшып шығып армандарына жетіп жататын. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», деген екен Жүсіп Баласағұн. Атам бізге мәңгі өлмейтіндей, қайратты, мықты болып көрінетін.
Атам Назаралы жастайынан ашаршылықты бастан кешірді, 1937 жылдары қуғын-сүргін кезінде Шу ауданының «Белбасар» деген ауылында мұғалім болып жүргенде «революционер Ораз Жандосовтармен байланыстысың», - деп қудалаған. Сол кездегі колхоз бастығы Хати Сауранбаевтың көмегімен Қырғызстанның Нарын облысына жер аударып аман қалыпты. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралды. Атамның жан-жақтан әкелген кітаптарынан үйіміз үлкен кітапханаға айналды. Социализм кезінде партия қатарында болды. Сол кездегі саясат ислам дінін мойындамайтын, бірақ атам соған қарамастан дінге адал болып өтті. Діни сауаты өте жоғары болды. Ата-бабасынан берілген адалдық, тура сөйлеу, шыншылдық атамның бойындағы ұлы қасиеттердің бірі еді. Ата-бабасынан келген тектілік, парасаттылық атамызды еш қиындыққа қаратпастан тек алға, білімге құштар болуға жеткізеді. Үйдегі жиналған кітаптар марқұм атамның білімді, киелі болғанын көрсетіп тұрғандай жылы көрінеді. «Сыр сандықты» аша берсек, жазылар дүниелер көп-ақ. Бастысы, ешкімге сенбейді және ешқашан асықпайды. Өзін-өзі жақсы күткені сонша, Қазақстанның курорт біткеніне барған, 31 жылын курорт-санаторийге арнаған кісі. Жолдамалары осы уақытқа дейін бар болатын.
Кейде сыртқа шығып қоршау қоршаймыз, шөпке бірге барамыз. Қой бағуға ғана алып шықпайтын. Қой бағу маған арман болатын. Атқа мініп алып, кәдімгідей қамданып термосқа ыстық шәйін, нанға майын жағып, жұмыртқасы мен кәмпит салып алатын. Құртын, айранын, банкаға тамағын салып, оны суып қалмасын деп орамалға орап беретін апам марқұм азанмен. Ол кезде біз ұйықтап жатамыз. Қонышына газетін, қойнына кітабын, қалтасына бәкісін, мылтығын, сіріңке, фонаригін салып әкететін өзімен бірге. Соның бәрі неге керек деп ойласам, малға барған адамға түрлі жағдайлар кездеседі екен ғой. Мал өліп бара жатса, соя салатын, аң шықса ата салатын, жаураса от жаға салатын дегендей... Соның бәріне салғырттық танытпай, ұқыппен қарайтыны таңқалдырады. Өзі ешқашан асықпайтын. Атамды іздеймін тұра сала. Қой бағып кетті деп қояды апамдар. Кешке келгенде «Ата қайда бардыңыз?» десем, анау тауда тағы бір «Ақ қызым» бар. Соған бардым. Екеуміз таста отырып, жұмыртқа жейміз, шәй ішеміз саған ол жаққа баруға болмайды», деп қызғандырып қоятын. Атамның кешкі малдан келетін кезін асыға күтетін мен. Аттан түсіріп алып, інім екеуміз дорбасын ақтарамыз. «Ақ қызы беріп жіберген» жұмыртқасы мен кәмпит, нанын таласа жейміз.
Кейде түн ортасы далаға шығып бара жатып, теледидар көріп отырған бізді көріп, «осы сендердікі не отырыс, не өсек? жатпайсыңдар ма? светті құртпай? Күндіз көріңдер теледидарды!», деп теледидарды суырып, светті өшіріп кететін. Артық свет жанбауы керек, аяқ астында артық нәрсе шашылып жатпауы керек, шашылып жатса, ештеңесіне қарамай таяғымен іліп алып лақтырып жіберетін. Уақытты үнемді пайдаланатын, әр нәрсенің парқын білетін. Атам келе жатқанын сезсек, тынышталып, теледидарды сөндіре қоятын едік.
Кейіндегі көзі ғана ауырды. Көзіне дәрі тамыз деп шақырып алатын. Содан дәрі тамызып, ол сіңіп кеткенше, қасында әрнәрсені сұрап, әңгімелесіп деп отырамын. Атамның қасында отыру бір ғанибет болатын. Ешкім жұмсамайды, рахат. Кітап оқып отыра бересің. Әйтпесе, маған да тыным жоқ қой. Қайдағы кітап оқыған. Атамнан қорқатын бәрі. Үйдегілер ұрыса бастаса, дәрі тамызып жатырмын дей салам. Атам беторамалымен көзінің шетін ұстап тұрып, басын екі жаққа қаратып, көзіндегі тамшыны әрі-бері сырғытады. Содан кейін екінші тамшыны тамызамын. Дәрі тамызып біткен соң, оқып отырған кітаптарын ақтара тұрамын. Кітаптың арасына қағаз салып қоятын. Оқыған беті шатаспасын дегені. Сызып-сызып бітірген, өңі кетіп қалған шынашақтың жартысындай ғана жасыл қарындашы болатын. Ол қалтасында жүреді үнемі. Қаламсапты сирек қолданады. Жазуы керемет болатын. Онша көп нәрсе жаза бермейтін. Партияның адамы болған ғой. Оқыған кітабының мазмұнын да ешкімге айтпайтын. «Керек болса, өздерің оқып алыңдар сандалмай», - дейтін. Атам күндіз-түні жатып кітап оқиды, бар жұмысы сол болатын секілді көрінеді үйдегілерге. Атамның ешкімге оқыттырмайтын қазақша, арабша жазып кеткен жеке қолжазбалары мен өз қолтаңбасын қалдырып кеткен кітаптары әлі күнге дейін сол шкафында сақтаулы.
Бірде маған «қолыңа қалам ал да жаз.
7 атаңды үйретейін. Бұл үйдегілердің онда шаруасы жоқ сияқты ғой. Мен өлсем пенсиям ғана керек бұларға», - деді.
- «Ата Шағатай деген кім? Бізді Шағатай деп жүр ғой ел?» - дедім әлгі жерде.
- «Шағатай деген Ботбайдың баласы, осы жерде қоныстанып жатқан соң солай аталып кеттік, негізі біз ал біз Албан, оның ішінде Қоңырбөрікпіз» - деді. Әңгімесін әрмен қарай жалғаған атам біз Дулаттарға сонау заманда Алматы облысынан келіп қосылғанбыз. Мұны өзім қазір зерттеп жатырмын. Негізінен біздің аталарымыз Алматы облысы Райымбек ауданынан екен. Өзім Алматы облысына барып, арнайы сұрастырамын. Ол әлі толық табылған жоқ, табам, табылғанын жазып отыр» - деді. Кейін әбден зерттеп болып, осындағы ағайындардың барлығын «Мүшәйдің сазына» жиып айту керек. Ауылдағы үлкен ақсақалдар білсе, білетін шығар. Бірақ олар зерттей қойған жоқ. Зерттейтін де ешкім қалмады менен басқа.
- «Туған жерін тастап, мұнда неге жүр Албандар?», - дедім.
- «Е,ее, балам, мұндағы Албандардың қоныстануы жайындағы әңгіме ХІХ- ғасырдан басталған, есікті жап та отыр қасыма, ол ұзақ бір тарих», - деді.
- «Алматыдан Қордайға қарай мына біздің «Алға» деген ауылға қарай түсіп келе жатқанда «Мүшәй атаның сазы» дейтін жазда көкпеңбек болып жататын тегіс жер кездеседі. Көріп те жүрген шығарсың. Сол жерде XIX-ғасырдың бірінші жартысында Жетісу өңірінің тарихында атақты би әрі батыр Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руының Шағатай деген атасынан тараған - Тойшыбек Қасаболатұлы өмірінің соңғы жылдарын өткізген екен. 1845-1846 жылдары Кенесары хан алғаш Тойшыбек батырдың ауылына ат басын тірейді. Тойшыбек Кенесарыны «қазақтарды орыс отарлаушыларынан қорғаушысы» ретінде қарсы алады. Кенесары Қасымұлының Жетісу өңіріне келу себебін дұрыс түсінген әділ би әрі батыр Тойшыбек оған барынша қолдау көрсеткен. Тойшыбек батыр да кезінде Кенесарымен талай шайқаста бірге болып, талай рет ерлік көрсетіп, жараланған. Тойшыбек батырдың Жанғазы, Шынқожа, Асан, Шыңғыс, Керімбек, Байсейіт, Найзабек, Біташ атты ұлдары және екі қызы болған. Кенесарымен құдандалы болып, бір қызын соған берген деген аңыз бар. Ол Жамбыл атамыздың шәкірттерінің бірі Саяділ Керімбековтың «Кенесары-Наурызбай» дастанында айтылған екен, оқып шықтым.
Қара жолдың үстімен, тоғыз жолдың торабымен сол кездері «Ұлы Жібек Жолының» керуені өтіп жататын. Әрлі-берлі ағылған керуендер сол «Мүшай атаның сазына» тоқтап, ес жиятын көрінеді. Бұл шамамен 1855-1860 жылдардың болуы керек. «Жібек жолымен» Алматы облысының Кеген, Нарынқол жағынан Ташкентке қарай келе жатқан керуен Қордай асуынан асып әлгі сазға аялдағанда сол жерді мекендеп отырған Тойшыбек батыр жарақат алып, қатты ауырып жатқан көрінеді. Керуенбасынан жөн сұрасып, «араларыңда ауру-сырқау емдейтін балгер-бақсылар бар ма? Батырымыз ауырып жатыр еді, дем салып берсе азырақ күн», деп сұрайды ауыл ақсақалдары. Керуен алыс сапарға шыққанда бақсы-балгерлерін, тәуіп-молдаларын, ұзақ жолға қажет ас-суларын, керек-жарақтарын алып шығатыны белгілі. Сол керуен сапарында Албан елінің Қоңырбөрік руынан шыққандардың ішінде Құлманбет (Қарамолда), Шілманбет, Биманбет, Нұрманбет, Айманбет (кейіннен Алматы облысынан табылған) деген бір кіндіктен тараған, 4 жігіт болған екен. Соның ішіндегі Құлмамбет деген жігіт сол кезде 14-15-ке келіп қалған жігіт екен, тәуіпшілікпен айналысатын болып шығады. Олардың бәрі де арабша хат танып, ата-бабасынан қонған көріпкелдік, балгерлік, тәуіптік қасиеттерді ұстанған сауатты көрінеді. Ем-домы ұзаққа созылатын болғандықтан, Тойшыбек батыр өзін емдеуге Құлмамбетті деген жігітті керуенбасыдан сұрап алып қалмақшы болады. Оларды керуенбасы «бір үйдің жетім балалары еді, әкесі де шешесі де қайтыс болып кеткен, керуенге ілестіріп алған едік», - деп таныстырады. «Ағайынымыз жоқ еді, біріміз мұнда, біріміз керуенге ілесіп қалып қалмай, бір-бірімізге қамқор болайық, қалсақ төртеуміз бірге қаламыз. Бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз, қайтар жолда бірге қайтамыз, ажырамаймыз», - дегенді айтады ағайынды жігіттер де.
Біраз уақыт сауда-саттық жасап, керуен еліне қайтып бара жатқан жолда көш керуені «Мүшәй атаның сазына» тоқтап, өздері қалдырып кеткен жетім балаларды алып кетейін десе, Тойшыбек батыр:
- «Ел араласып, құраласып жатады ғой, мен Құдай алдында осы төртеуін жілік ұстатып, бала ғып алдым. Жеке-жеке отау етіп шығарамын. Сертті бұза көрме, жоралғысын берейін бұл балалар осы елде қалсын. Мен аман-есен жазылдым, енді екі дүниеде ешқашан да өз балаларымнан кем көрмеспін. Сендерге де арлы-берлі жүргенде бір-бір отау үйлерің болып отырады ғой», - деп жалынып алып қалыпты.
Сол кезде әлгі балалардың жастары 14-15-терге келіп қалған бозбала көрінеді.
Мен де әкеден 4 жасымда жетім қалдым. Әке-шешеден бірдей айырылып, Сатайдың қолында өстім. Қиындықты көп көрдім», - деп күрсінді атам бір сәт. Әкемнің үлкен ағам Сатайға айтып отыратыны есімде, «Балам біліп жүр, біз Қоңырбөрікпіз, Аламан мен Бекбау деген ағайынды балалардың ұрпағымыз. Олар Алматы облысының Райымбек ауданында қалды. Ерте қайтыс болып кетіп, біз керуенге ілесіп күн көрмекші болып, кете барғанбыз. Мен сол Бекбаудың баласымын. Біздер төртеуміз дейтін.
Бүгіндері Құлмамбет бабамыздан таралған Сатыбалды (Сатай) (1894 ж.т.), Мінтай (1896 ж.т.), Күлтай (1899 ж.т.), Бәзила (1902 ж.т.), Нақыл (1906 ж.т.), Назаралы (Нәзіке) (1910 ж.т.) атты 6 баласы болған.
Сатайдан - Ыбырайым, Әбіхан деген екі ұл,
менен (Нәзікеден) Исахан, Рая, Жеңісхан, Орынкүл, Бақыт, Баян, Мұхтар, Роза, Мақсат деген ұл-қыздар бар. Олардың да ұрпақтары өз алдына өсіп-өніп жатыр.
Шілманбеттен Қойшыбай, одан Серікбай, Жолдас, Нұрлыбай, Рақымбай деген балалар болды.
Биманбеттен - Темірбек деген атамыз болатын. Темірбек аталарың өмір бойы ауылдың басындағы Жылысайда жабайы алма ағашы өсіретін жерде жалғыз үй болып отыратын. Сол жерге жазда барып, шөп шауып, алма жинап келетін едім. Алма деген өте тәтті болатын. Содан ба екен, жылан көп еді. Сарт етіп бұтақтан бұтаққа қарғып жататын. Биманбет атамыз батыр болған кісі. Шу өзенінің қамысы арасында малға, адамға шауып тыңыштық бермеген жолбарыспен алысқан екен. Денесін жылқы қылынан тоқылған арқанмен орап шығып, өзіне қарсы шапқан жолбарысты қыл арқанмен ораған қолдарымен жағын айырыпты, жолбарыстың тістері қыл арқанға өтпеген екен.
Нұрмамбеттен - Солтыбай, Үрпек деген аталарды естігем. Солтыбайдың ұлы ауылдың төменгі жағында тұратын Әлғазы, одан Жұмағұл, Нұқан (Нұрмағанбет). Нұқаннан Марат, Жанат, Асхат, Ардақ деген ұлдар туылған. Үрпек атадан Сахат, одан Бейсенқұл, Сәрсенқұл, Сәрсебай (Жұмбақ ағай деп жүр ел) таралған. Олардың да бала-шағасын өзің білесің, атап жатпай-ақ қояйын. Қазір Албан елінің Қоңырбөрік руынан таралған Аламан мен Бекбау аталарыңнан Қордай ауданының Алға деген ауылында 30-35 шақты түтін бар», деп әңгімесін айтқан болатын басымнан сипап отырып, бір мейірімі түскен сәтте атам Нәзіке-Назаралы. Тойшыбек батыр жасы ұлғайып, 1860 жылы қазіргі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қақпатас ауылының маңында қайтыс болған. Ал, Аламан атамыздан таралған ұрпақты толығырақ біліңкіремедім, - деді әсерлі әңгімесін аяқтап. Онысын өзі қалам алып жазып отырды.
Кейіннен атам қайтқан соң құпия «сейфінің» кілті менде қалды. Қайда қоятынын мен ғана білетін едім. Шкафтан жұмсақ қара қайрағы, шаш алатын бәкі-пышағы, ине-жібі, беторамалдары, ноқта тігетін кендір жіптері, тарағы, сақал-мұртын қырқатын темір қайшысы, тіс шұқитын аршадан жасалған шыбықшалары, сабын, Көкшетаудан әкелген шынардан барып кесіп алған аршаның ағашы (қасиетті таяқ, қамшы жасатам деп қоятын), тәспісі, өзінің қағазға орап қойған азу тісі (атам қызық, өзін-өзі қатты жақсы көретіні соншалық, бірде тісін жұлдырған ғой, сөйтсе дәрігерден сұрап алып келіпті, орны жазылған соң қайтадан салдырам деп), көзге тамызатын дәрісі, сағаты, тіс щеткасы, түймелері секілді заттары да шықты. Арасында сол баяғы ескі жасыл дәптерге көзім түсті. (Өзінің бір жасыл дәптері болатын). Сонау бүкіл қазақ тарихындағы шежірені тармақтап, тізбектеп жазып, арасына арабша сөздер жазыпты. Олардың қанша түтін болғанын, ру-таңбасын, ұранын жазыпты көнетоз жасыл дәптеріне. Тағы бір сары дәптері бар. Оған қойдың санын, қалтасындағы ақшасының қаншасы қалғанын, қайда жаратқанын, жекжаттардың алыс-берісін, ағайын-туғанының аттарын, немерелеріне дейін жазып қоятын. Атам көбінесе төте жазумен жазатын. «Шалқар» деген газетті үзбей оқитын. Біз оны Құран сөздері шығар деп ойлайтынбыз. Және жоғары қойып, сақтап қоятын едік. Түскен суреттері өз алдына бір бөлек, әрбір курортқа барған сайын өзіне жолдас тауып келеді. Оның бүкіл үрім-бұтағын зерттеп береді. Қарағанды облысының Нұра ауданында тұратын бір шалдың өлеңдері жазылған қолжазбасын сұрап әкелген бе, әлде әлгі кісі сыйға тартқан ба бір топ өлең жазылған дәптер де жүр арасында. Кітапты қатты жинайтын. Жүрген жерінен біреудің оқып отырған кітабын сұрап әкететін. Оған қолын қойдырып, мекенжайын жаздырып алады ғой одан қоймай.
Атамның тері сіңген сол дәптерлерге қарап отырсам, жеті атасын жазып біраз зерттепті. Алматы облысына барып іздестірген екен. Аймамбет деген баласын тауыпты. Одан Болат деген жігіт бүгіндері Қордай ауданында тұратын болып шықты.
Атам екеуміз шежірені ақтаратын едік. Маған кімнің баласы кім болғанын жаттау қызық. «Шежірені» ақтарып Аламан мен Бекбау атамыздың о бастағы таралу тегін анықтамақ болғаны есімде. Бірақ, Алматы облысына барған кезінде, өкінішке қарай Аламан мен Бекбауды ешкім танымайтын болып шыққан. Тек Ноғайдан таралған деген деректі тапқан болуы керек, жалғыз-ақ, Ноғайдан Аламан мен Бекбаудың таралғанын нұсқап сызып көрсетіп қойыпты. «Шежіреде» де жазылмаған болуы керек. «Ол жақта менімен қатар шалдардың ешқайсысы да білмейтін болып шықты. Қалғанын таба алмадым», - деп келген болатын.
Менің тегім мектепте Қарамолдаева болған. Кейін атам қайтыс болар кезде өзінің кетерін сезіп, бір қатты картон қағазға қарындашпен (1994 жылғы 11 желтоқсанда таңғы 6-да) өз қолымен аты-жөнін «Нәзіке-Қарамолдаев - Назаралы Құлманбет баласы, 1910 жылғы 15 қазан», деп қарашаңырақтағы ұлы менің әкем Мұхтарға аманаттап жазып кеткен екен. Сол жылдары мектеп бітіре салып, інім екеуміз және әкемнен кейінгі Мақсат деген баласының екі қызы тегімізді «Назаралы» деп ауыстырдық.
Бір қызығы менің туған күнім 14 қазан және ит жылы. Ол да бір қызық ұқсастық шығар... Балаларының көбісі, қызметкер, ел ардақтысы. Олар Нәзікеевтер, Қарамолдаевтар болып аталып жүр.
Осы күндері бізді Ботпай руынан шыққан «Шағатайлар» деп атайды ауыл жұрты. Тойшыбек атамыздың бала қылып, асырап алғаны тағы бар, екіншіден, туып-өскен жері, көздерін ашқалы бері нанын жеп, суын ішкен, Дулаттарға сіңіп кеткендіктен шығар, бәлкім. Бәлкім, сол кездері «Ұлы Жібек жолының» бойындағы керуенге ілесіп жүрген, барар жер, басар тауы жоқ жетім балалар болған шығар, кім білсін... Ал, атамның айтқан әңгімесіндегі Албанның Қоңырбөрік руынан шыққан Ноғай деген баласынан таралған Аламан мен Бекбау аталарым туралы білетіндер бар шығар, бәлкім ол Ноғай деген Қоңырбөрік емес, басқа бір атасының баласы шығар, деген оймен кейін «Шежірені» мен де ақтардым. Интернеттен іздестірдім. Интернеттегі «Алаш айнасы» газетінде (Alashainasy.kz сілтемесі) Бозымнан үш ұл бар: Жаншық (Әлмірек, Беснайза мен Олжай ), Шобалтаз (Боздақ, Ноғай) және Сарыбай (Өтеп, Дәуіт), деп жазылған екен.
Сатай атамыздың да өз қолымен жазылған қолжазбалары бар екен. Қарағанды қаласына жазықсыз ұсталып әкетіп, түрмеде жатқанда жазған дәптер толы өлеңдері бар. Хатты өлеңмен жазысқан екен. Сатай атаның жалғыз ұлы Әбіхан атамыз да тегін адам болмапты. Ақкөңіл, мейірімді, жүрегі жылы ең қызығы, ол атамыз да өлеңді керемет жазған.
Аталарым жайында да әлі айтылмаған жырлар, толғауы көп тарихтар бар, киелі Әулиешоқының баурайында туылған, әні мен сәні жарасқан, қолынан өнері тамған Назаралы атамның адал жары Зәмзе апам туралы да айтылар сырлар бір төбе. Ол туралы да біраз қалам тербесек болар еді, алайда негізгі әңгіме Қордайдағы албандар жайында болғандықтан, әңгімемді осы жерден аяқтауды жөн көрдім. Апам туралы тағы да жазамын, алдағы уақытта.
Әсел Назаралы