Ертеде, жердің жарты бөлігі сулы-нулы, бір бөлігі құмдауыт заманда бір хан өмір сүріпті, оның Іле деген қызы болыпты. Ханшайымның ай десе аузы, күн десе көзі бар екен, жетіге өрілген ғажап бұрымы, аузынан төгілген маржан сөзі бар екен. Қыз өте ақылды, паң болыпты. «Ақылы асқан адамға ғана жар боламын», – деп жаһанға жар салады. Қыздың сұлулығы мен парасаты аңыз болып тарап, талай сері тамсанады. Ең әуелі гаурлар елінен айттырып Артур патша келеді.
– Дүниеде не тәтті? – дейді қыз жымия қарап. Оның сұлулығына
арбалған Артур патша ойланбастан:
– Ұйқы! – дейді.
– Жоқ, патша жаңылдың, дүниедегі ең тәтті – тіл, – дейді Іле. Артур
патша еңсесі түсіп ол кетеді, осы кезде қақпа шалқасынан ашылып, піл мінген зәңгі әміршісі жетеді. Іле оның қарамайға аунағандай жылтыр түрінен қарап сықылықтап күліп алады.
– Күлме, – дейді зәңгі күркіреп. – Сені мен аламын, қандай сұрақ қойсаң
да жауабын табамын.
– Мақұл, – дейді Іле. – Тәңірінің жазғаны сол болса, көнермін. Онда
сұрағымды тыңда: дүниеде не қатты?
– Тас қатты, – дейді зәңгі қарқылдап күліп. – Сұрағының түрін!
– Ақымақсың, патша! Дүниедегі ең қатты – тіл. Ол тас жарады, тас
жармаса бас жарады.
Піл мініп, арыстан жетелеп үйренген қаһарлы зәңгі патша қыздың «ақымақ» деген сөзіне жата кеп ашуланып, қылышын суырып, ұмтылады. Қызы мен зәңгінің әңгімесін тыңдап отырған ханның иек қағуы сол екен нөкерлер ананың қылышын лезде қағып тастап, өзін бастан дойырмен екі тартады. Зәңгінің жүзін қан жуып кетеді.
– Көрдің бе, патша, бір ауыз сөзге төзе алмағаннан басың жарылды.
Сенің маған бай болуға ақыл-есің толған жоқ әлі, қош, – дейді Іле сұлу. Сөзден тосылған зәңгі ілбіп ордадан шығып кетеді. Одан кейін кернейлетіп-сырнайлатып, арабы атын ойнатып, тотықұстарын сайратып, асыл кимінің жарқылы көздің жауын алып, нөкерлерін шұбыртып парсы елінің патшасы келеді.
– Әй, сұлу қыз, жұмбағың қиын болсын, мен данамын, жауапты тез-ақ
табамын. Оңай болса сұрағың сені тоқалдыққа... жо-жоқ, кәнизак қып аламын. Жүзінші қатыным боласың. Патшамен ақыл таластырамын дегеніңнің өзі ақымақтық. Ондай ақымақ бәйбішелікті дәметпес болар, қарағым. Кәне, сұрағыңды қой? – деді парсы патша маңғазданып, паңданып. Менменсіген патшаға жұрт қарады таңданып. Іле сұлу мырс етті.
– Шартты қойған өзім, берік сөзім. Жұмбағымды тапсаң, келістім,
жүзінші қатының-ақ боламын.
– Айт! – парсы патша зірк етті.
– Айтайын, әлемдегі құлпы мықты қақпаны айтшы? – деді Іле қыз.
Патша рахаттана күліп алды:
– Сол ма? Білеміз! Сом темірден құйылған, шойын қаусырма бұйырған,
жеті адам кілтін бұрап, қосатын, жүз жігіт жабылып, әзер итеріп, ашатын, менің сарайымның қақпасынан мықты қақпа да, құлып та жоқ жалғанда.
– Е,е, – деді Іле қыз. – Босағадан алшаң басып кіріп едің, сөзіңе қарап
көркеуделігіңді біліп едім. Сұрақты ды соған орайлай қойғанмын. Дүниедегі ең берік қақпа мен құлып – адамның жүрегі. Сен түгілі сайтан аша алмас. Бар, патша, жолың болсын! – деді сұлу қыз тұнжырап.
Жыл өтті. Қыз сұрағына жауап беруден дәмелі патшалардың аяғы сиреді. Мен деген талай би-сұлтандар да қара жерге қарап, масқара болып қайтып жатты. Ешбірі жұмбақ жауабын таба алмады, Ілені жар етіп ала алмады. Осы өлкеде Матай деген шебер жігіт бар еді, тәуекел етіп хан қызы алдына ол да келеді. Хан ием оны көріп:
– Сен сорлыға не жоқ? Жоғал! – деп қатты қаһарланды. Іле сұлу бұлшық
еті ойнаған, көзі оттай жайнаған жігітке сүйсіне бір қарап алып:
– Әке, сөзім сөз. Мен атақ-даңққа қарамаймын, ақыл-парасатты
саралаймын. Жұмбағымды шешкен жан құл да болса тиемін! – деп ханға иілді.
– Жақсы, – деді хан. – Жауап таппаса сүйегімді қорлағаны үшін баланың
басын аламын. Осыған көнсе сына, қорықса – кетсін!
Матайдың қаймығар түрі жоқ.
– Тәуекел, – деді, – хан ием, сөзіңе құлдық, бас ием. Қызыңызға
ынтызармын жасымнан, оның өзгеге әйел болғанын көргенше айырылғаным жөн басымнан.
Қайсар жігіт Іле сұлуға ұнады. Мұндай болды ең әуелгі сұрағы:
– Дүниеде не жүйрік?
– Білесіз бе, ару қыз, ұйқысыз ұзақ түндерде, елден алыс жүргенде от боп
жанып құшағым, сізді ойша құшамын. Содан барып «Ең жүйрік қиял ма?» – деп ойладым.
– Дұрыс, – деді Іле сұлу қуанып. – Қиял жүйрік, ол – анық. Енді мына
сұрақты тыңда: топшысы мықты қанатты айтшы?
– Сұрағыңның жеңілдетіп алмадың ба, салмағын? Затың әйел, содан осал
талғамың. Ең мықты қанат – менің асқақ арманым! Оған әсте тең келері болмайды, арман-қанат ешқашанда талмайды.
Осыны айтып Матай қызға тура қарады. Қандай ғажап нұр төгілген жанары, сұлу қыздың жаны елжіреп, тәні балқып барады.
– Дұрыс, – деді Іле сұлу шаттанып. – Хан-патшалар мақтаған, би-
сұлтандар жұрт ардақтаған осы сұрақтардың бірінен өте алмап еді, сен екеуден сүрінбедің, жігітім. Соңғы сұрақ, соған жауап тапсаң ақталады үмітің. Жер бетіндегі ең биік тауды айтшы сен маған?
Жігіт күлді, маржан тісі жарқырап.
– Ау, сұлу қыз, бұл сұрағың сұрақ-ақ. Сүйінемін, әр сөзіңде ұлағат.
Жауабымды айтып енді көрейін: астам пейіл, менменшілдік жаулап алған жалғанда, адамның кеудесінен асар тау бар ма?! Сол таулардың биік-биік белесін, бір жыл болды, ақылмен басып келесің. Санадың ба, қанша кеуде басылды, о, сұлу қыз, қате деші осымды?
– Тапты, тапты, – деді Іле шапалақтап қолдарын. – Осы жігіт көптен
бергі арманым.
Алтын тақта әкесі отыр түнеріп. Ару қызын қара құшса болмайды ма тірі өлік.
– Е, Тәңірім, осы ма еді көрерім, ақсұңқарға бұйыратын құсымды құл-
қарғаға қалай ғана беремін? – деп күбірледі хан ием. Сондадағы сыр білдірмей ешкімге, қызын құшып тұрып сөйледі.
– Орындалды Ілешімнің арманы, мына жігіт үш сұрақтың жауабын
дұрыс тауып, ханшайымға үйленбек. Жұмада той, баптаңдар желден озар жүйрікті, балуандар шақырылсын кіл мықты, – деді патша жорта күліп жұртына. Ешкім байқамады оның зәрлі көзіне жасырынған сұмдықты.
Ханның елі отыз күн ойын, қырық күн тойын жасау үшін дайындала бастады. Бір төбеге ақ шатыр тігіп, «Күйеу жатсын», – десіп Матай шеберді кіргізді. Ақ үйлер масатыға малынып, саба-саба қыбыз пісілді, аңшылар жеңсік ас деп қызыл жүнді қырығауыл, таутеке атты, жылқышылар төменгі елдің сыбағасы деп торы түсті төбелден мыңын, жоғарғы елдің сыбағасы деп кер түсті төбелден мыңын бөліп бақты. Қыз-жігіттің күлкісі күмістей сыңғырлады, орда шаттыққа бөленді. Қуанбаған хан ғана еді.
Тойға екі күн қалғанда, түн қараңғысын жамылып Матай шатырына екі нөкер кіріп, жігітті бас салды. Таңда күйеу баланы таппай халық улап-шулап қалды. Іле сұлу зар еңіреп жылады, «Матайды көрдің бе?», – деп өткеннен де, кеткеннен де сұрады. Хабар жоқ. Ханшайым отауына кіріп, Алладан медет сұрады, «Бір хабарын берші», - деп көзінің жасын бұлады. Жатқан кезде дұға етіп, көз ілместен түнімен мінәжат етіп тұрады. Үшінші күн дегенде, «Іле» деген дауыс есітіп, жауапты болды сұрағы. Таныс дауыс есітіп, елеңдеді құлағы. Ақ көбелек көлбеңдеп, ұшып кірді есіктен, қараңыздар мынаны. Ақ көбелек арқылы Алла дерек береді. Көбелекті түсініп, Іле сұлу егіліп соңынан жүрді жүгіріп, кейде құлап, сүрініп. Көбелек пен сұлу қыз талай белден асады. Бір қыраттан асқанда Матай жігіт жатады. Аңырады Іле қыз, мына сұмдық көрініс қабырғаға батады. Қасапшыдай қос нөкер жүрекке қанжар салыпты, басын қағып алыпты. Жігіттің денесін құшып Іле ұзақ жылайды, Көктен жәрдем сұрайды.
Е, Тәңірім, тірегім,
Жарымды ойлап жүдедім,
Матай кетті жалғаннан,
Қайтіп тірі жүремін?
Оны алсаң, мені де ал,
Жалғыз сенен тілегім.
Ел тамсанған ақ жүзім,
Құмды өлкеге нұр болсын,
Жеті өрім мойыл бұрымым,
Қара жерге су болсын.
Матай болса ақ тасы,
Ет-жүрегім гүл болсын.
Айырма, Алла, біздерді,
Жан-тәніміз бір болсын!
Осыны айтып Іле қыз ұзақ жылайды. Естен танып, сұлайды.
Ертеңіне хан елі ғажаптың куәсі болды. Кешегі тақыр далада қарлы биік тау жатыр, тау етегін аймалай, сылдырай ағып су жатыр. Шөл жазықтың төсімен бұлаңдаған бұрымдай жеті өзен ақты сарқырап, жанарындай арудың екі көл жатты жарқырап.
Аярлығы аян боп, елге қарар беті жоқ, беделі жоқ кешегі хан үдере көшеді. Оның басқан жерлері құмға айналып кетеді. Ел қарғады соңынан, төңкеріп тастап қазанын. Ханның соңғы мекенін пейіліндей қуарған «Бетпақ», – дейді қазағым.
Бала кезде естігем Әбікен деген абыздан, әркім түйіп ой алар ғибратты аңыздан.
"Жетісу жазбалары" кітабынан
Серік Әбікеннің ФБ парақшасынан алынды