Жолымбет Мәкіштің әлеуметтік желідегі жазбасында былай делінген: «Тарих әлі бұрмаланбай тұрғанда орыс зерттеушілері Шыңғыстың бүгінгі қазақтардың арғы қағаны екенін бірауыздан мойындаған. Солай деп қағазға қаттап та кеткен. Оған ертеректегі жазбаларын шолып шықсаңыз, анық көзіңіз жетеді. Мынау архивтің шаң басқан сөрелерінде жатқан сондай сөздерінің бірі. Бұған дейінгі посттарымда да солардың саясаткерлерінің қазақтар туралы: «Мына қырғыз-қайсақтар Алтын Орданың бүгінгі мұрагерлері» дегенін айтып өткенмін».
«Қырғыз-қайсақ халқы туралы ақпар, олардың бөлінісі қалай, көшіп-қонатын жері, ол жерлер кімге тиесілі, ол жерлердің қолайлылығы неде және сауда-саттығы туралы деген тарауда мынадай жайт қамтылған. 1. Олардың көшіп қонатын жерлерінде, яғни ұлы Тартарияда қазір үйіндісі қалған қалаларда бір халық болды; Христос дүниеге келгенге дейінгі оныншы ғасырдың үшіншісінде сонда Шыңғыс-хан деген біреу болған, даңқы жер жарған қарақшы, жан-жаққа шашыраған мың сан ұлыстың басын біріктіріп, жолындағысының бәрін жайпап, Жайықтан Хиуаға дейін, одан Бұқараға дейін және Ертіске дейінгі жердің бәрін қол астына қаратып, көшпелі өмір сүрген екен; үйлері, ақшалары жоқ болса да, сол тарапта әлі күнге дейін мекендеп жатыр. Олардың бар мүлкі үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойында ғана, мәуіті мен теріні, темір қазандар мен басқа да жылқы бұйымдарын айырбасқа салып, Ресейге жыл сайын бес мыңнан он мыңға дейін жылқы жеткізіп, қырық мыңға дейін қой әкеп, садақтан және бірнеше білтелі мылтықтан қару сайлап алған. Татар халқы олардан үдере көшіп, Қара теңіздегі Ноғай даласына қоныстанды, сосын Қырымды алды.
2. Көбейе келіп, бұл халық Үлкен, Орта және Кіші Орда дейтін үш бөлікке бөлінді».
Осындағы ұлы Тартария деп аталатын мемлекет қазір қайда? Жалпы, Тартария туралы Ресей тарихшылары ауыздарына су толтырып алғандай, неге үндемейді?
1768 жылы жарық көрген «Британика» энциклопедиясында қазіргі Ресей территориясында екі мемлекет көрсетіледі: кіші Московия, астанасы қазіргі Мәскеу қаласы, сосын астанасы Санкт-Петербург – бұл мемлекеттің көлемі 1103485 кв миль және Grand Tartaria мемлекеті, астанасы – Тобыл қаласы. Оның аумағы – 3050000 кв миль айырмасын қараңыз. Гранд Тартарияның аумағы кіші Московияны екі орап алады. Бұл –нақты географиялық картамен бекітілген ресми құжат. 1684 жылғы картада қазіргі Украина Польшаның құрамында, ал Молдовия Қырымды қоса алғанда кіші Тартария мемлекетінің құрамында болған.
Енді байқастап көрейік, қазіргі Еуроодақ мемлекеттері 18 ғасырда меншік бөлінісін бастап, Московияның қолдауымен Grand Tartaria мемлекетінің сібір-қиыршығыс жерлеріне ауыз салады. Сөйтіп, осы тарихи оқиғадан соң әлемнің жаңа тарихы басталады. Ұлы Тартария мемлекетінің соңғы патшасы кім? Өзін ІІІ Петрмін деп әлемге жар салған Емельян Пугачев! Тарихта «Емельян Пугачев көтерілісі» деген ат алған қарулы көтерілістің астарында сұмдық нәрсе жатыр. 250 жылдан астам уақыт бойы әлем тарихшылары Ұлы Тартария деген мемлекеттің болғаны туралы жұмған ауыздарын ашпай келеді. Көне кітаптар мен ескі карталар мұндай мемлекеттің болғанын растайды. Соған қарамастан Тартария мемлекеті туралы Ресей тарихында бірауыз сөз жоқ. Неге? Өйткені Московияны билеп-төстеген Романовтар әулеті үшін бұл ақиқат тиімсіз. Емельян Пугачевті «қарақшы, бандит» деп айыптаған сот Мәскеудегі Кремль сарайының Тронный залында өткенін қайда қоямыз? Егер Емельян Пугачев қарапайым казак, өзін патшамын деп жар салушы, банда бастығы болса, оны Кремльде соттай ма? Атақты қолбасшы Александр Суворовтың өзі жеке қарауылдап, Мәскеуге жеткізген Емельян Пугачев жай адам болмағаны ғой! Е.Пугачев (1740/42-75) «Жеті жылдың» (1756-63) және орыс-түрік (1768-74) соғыстарына қатысқан, әскерден қашып, түрмеге түскен. Түрмеден қашып шыққаннан кейін Жайық казактарымен байланыс жасап, өзін сарай төңірегінде өлтірілген Петр III деп жариялап, астыртын қол жинады. Оның қатарында казак-орыстармен бірге башқұрттар, татарлар, қазақтар, қалмақтар да болды. 1773 жылы қыркүйекте оның жасағы Елек, Татищев, Сақмар бекіністерін алды. 5 қазанда көтерілісшілер Орынборды қоршады. Көтерілісшілер саны 25 мыңға жетіп, 86 зеңбірегі болды. Олар патша үкіметі жіберген жазалаушы жасақтарды бірінен кейін бірін талқандады. 1774 жылы көтеріліс Оңтүстік Урал, Қазан губерниясының шығыс бөлігін, Батыс Сібірді, Батыс Қазақстанды қамтыды. Уфа, Екатеринбург, Челябинск, Самара, Заинек, Кунгур мен Красноуфимск, Жайық қалашығы көтерілісшілердің ipi орталықтарына айналды. Бірақ көтерілісшілердің бірыңғай жоспары болмады. Сондықтан генерал А.Бибиков бастаған жазалаушы корпус Самара, Күнгүр, Бұзұлұқ маңында көтерілісшілерге соққы беріп, Орынбор мен Екатеринбургты қоршаудан босатты. 1774 жылы сәуірде көтерілісшілер талқандалып, Орал тауына кетті. Ол жақта көтерілісшілерді чуваш, мордва, татар, т.б. халықтар қолдады. Қозғалыс Еділ бойының көптеген уездерін қамтып, Мәскеу губерниясының шекарасына жетті. Екатерина II көтерілісті басуға 20 мыңға тарта жаяу әскер мен атты әскер полктерін жұмсады. Көтерілісшілердің Царицынға жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Осы жерде көптеген Дон казактары мен қалмақтар тарап кетті. Пугачев Волга сыртына қашты, бірақ көп ұзамай қолға түсті. 1775 жылы Мәскеуге әкелініп, дарға асылды. Көтерілісшілер қатал жазаланды. 1775 жылы жазда көтеріліс толық басылды. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары қатысқан бұл көтеріліс қазақ халқының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарының басталуына ықпал етті.
Бұл жерде ұлы Тартария мемлекетін жаулап алудың діни себебі бар. Иисус Христостың жаңа заветі иудейлердің ескі заветімен біріктіріліп, жаңа дін тұрғысында екпіндете насихаттала бастайды. Ұлы Тартария мемлекеті ыдырағаннан кейін осы діни наным мейлінше күш алады. І Петрдің әкесі Алексей Михайловичтің тұсында «шіркеулер араздығы» деген жүреді. Оған дейін старообрядтықтар мен никониан деген екі бөлікке бөлінген ресейліктерге мемлекеттік дін ретінде иудейлік діни кітаптар таңыла бастайды. 1663 жылы Мәскеулік Библия жарыққа шығады. Ел арасында мемлекеттік билік «құдай ұрған иудей билеушілерінің» қолына өтті деген сыбыс шығады. Бүкілресейлік патшалардың тұқым-тұқиянына көз салсаңыз, олардың ешқайсысы таза орыс еместігіне көзіңіз жетеді.
Ресми хронологияны қасақана өзгерту қиын ба? Романовтар әулеті үшін аса қиынға соқпаған сияқты. ХІ ғасырда қазіргідей көшіргіш құралдар болған жоқ, соған дейінгі бар тарихи құжаттың көзін құртып, мүлдем басқа тарих жасау тіптен оңай. Саяси тарихнаманың негізін қалаушы Николло Макиавеллидің бір сөзі бар екен. «Кімде-кім өткенді білсе – сол келешекке иелік етеді» деген. Романовтар Батыс Русьтегі бояр әулетінен тамыр тартады. Олар билікке түрлі интрига және қанға толы азамат соғысы арқылы келді. Рюрик династиясынан тарағанбыз деп өздерін орысқа қанша жақындатса да, олардың ешқайсысынан орыс иісін таппайсыз.
Орыс тарихы нешетүрлі фальсификациядан өткендігін Ресей ғалымдарының өзі жасырмайды. Емельян Пугачев көтерілісі туралы арнайы зерттеп, «Капитанская дочка», «История Пугачева» деген кітаптар жазған Александар Пушкиннің өзі сол кездегі архив құжаттарын ақтаруға рұқсат ала алмағандығын алға тартады. Даңқы жер жарған сарай ақыны, атақты Пушкиннің өзі рұқсат ала алмаса, басқаларға не жорық? Пугачевтің қарақшы тобына Ресейдің тұрақты әскері жабылып жүріп, көтерілісті әзер басады. Орынбор түбінде Пугачев жасақтары талқандалады, оның қазақ даласына немесе Каспийден ары қарай қашуына болатын еді. Ол керісінше Еділді жоғары бойлай отырып, Қазан қаласын алады. Патшаның тұрақты әскері ақыры әзер дегенде сол маңда жеңіске жетеді. Өзі ойсырай жеңіліп жатып, Пугачевтің Мәскеуге қарай ұрыс салуында не сыр бар?
1774 жылы Ресей соғыстан қалжыраған Түркияны тас-талқан етіп жеңіп, Константинопольді алуға шақ қалғанда соғысты тоқтата қояды. Ресей әскерінің Босфорды алуына толық мүмкіндік бар еді. Соғыс тоқтайды. Бейбіт келісім жасалады. Даңқты қолбасшы Александр Суворов бастаған әскер күрт кері бұрылып, шығысқа қарай жөңкиді. Сондағысы Пугачев бастаған қарақшылар тобын талқандау. Пушкин Пугачев туралы «оңбаған, қарақшы, бандит» деп жазбайды. Қайта Пугачевті дінбасылар, кеше ғана Түркияға қарсы соғысқан дон казактарының эскадроны құшақ жая қарсы алғанын жазады. Царицын түбіндегі шайқаста бір мың казактың Емельян Пугачев жағына өтіп кеткенін келтіреді. Осының өзі Романовтар әулетінің өз билігі үшін Мәскеу Тартариясының іргесін кеңейту үшін жанын сала соғысқанын дәлелдесе керек. Ал Мәскеу Тартариясы Шыңғыс-хан негізін қалап кеткен ұлы орда – Алтын Орданың сарқыншағы емес еді деп кім айта алады қазір? 1768 жылы шыққан Британ энциклопедиясы ХVIII ғасырдың орта тұсындағы дереккөздерге арқа сүйей отырып, Пугачев көтерілісіне дейін Ресей империясының болмағанын айтады. Британ энциклопедиясы Ресей мемлекеті, сондай-ақ Мәскеу Тартариясы деген мемлекет болды, оның астанасы – Тобыл қаласы, Тәуелсіз Тартария астанасы – Самарқан, сосын Қытай Тартариясы болды деп жазады. Француз карталарында осының бәрін «Ұлы Тартария» мемлекеті деп бөле-жармай бір-ақ көрсетеді.
Староверлердің дін басылары Пугачевті заңды патшамыз деп есептеген. Романовтар өздеріне қарсы шыққандардың қай-қайсысын да жарылқай қоймаған. Орда патшасы Дмитрийді – Лжедмитрий, Отрепьевті – отребье, Пугачевті – пугач деп қара есекке теріс мінгізген. Пугачев көтерілісін басып-жаншығаннан кейін Романовтар Сенаттың өкімін шығарып, барлық құжаттарды «құлыптап» тастайды. Араға 60 жыл салып, бұл құжаттармен танысуға Александр Пушкиннің өзі мүмкіндік ала алмайды. Неліктен екенін аңдай беріңіз.
1794 жылдан бастап Ресей картасынан Мәскеу Тартариясы деген мүлдем жоғалады. Оның орнына «Сібір тарихы» деген пайда болады. Ұланғайыр аумақ тұтасымен Ресей иелігіне қарайды. Тегі неміс тұқымынан бастау алатын Романовтар әулеті осылайша, кешегі құдіретті Алтын Орда уәлаятына ие болып шыға келеді.
Қазақ хандықтары жойылып, Ресей империясы үстемдік еткен кезде, еліміздің территориясы талан-таражға түскені белгілі. Келімсек казактар мен орыс шаруаларына ата қоныстарымыз бен шұрайлы жерлеріміз тартып алынды, ел мен жердің тұтастығы жойылып, бірнеше аймақтар – Батыс Сібір, Түркістан және Орынбор генерал губернаторлықтарына, ал Бөкей (Ішкі) Ордасы – Астраханьға, Маңғыстау – Закаспий облысына қарап, қырық құрақ болып бөлінді. Пугачев көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін Ресей императоры ІІ Екатерина бұл дүмпу туралы халықтың есінде қалатын нәрселерді жою үшін Жайықтың атын Орал деп өзгертіп, Жайық казактарын Орал казактары деп атауға бұйрық берді.
«Тартария» мемлекеті сөйтіп көзден бұл-бұл ұшты да кетті…
Нұртөре ЖҮСІП
Айқын газеті