Қыпшақтардың Армениядағы тарихи әлеуметтік ізі

1.jpg

Армян қарпімен хатқа түскен қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттеуге саналы ғұмырын арнаған түрколог ғалым, Халықаралық Қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері ҚҰДАСОВ Сейсенбай Жолайұлымен тілдесудің орайы келгенін айтқан едік. Бұған дейінгі әңгімемізде Гүржістанның қалыптасуына қыпшақтардың ықпалы сөз етілген болатын.

 

– Қыпшақтар оңтүстік Кавказға табан тірегенде гүржілер қауымдасып қалған ел сияқты көрінеді де, армяндар бытыраңқы жұрт тәрізді байқалады. Көшпелілердің армян жеріне қарай ығысуының себептері не?

 

– Оның рас, ортағасыр армяндар тарихындағы ең қаралы дәуір болып есептеледі. Әу баста Иран мен Византияның қоластындағы армяндарды VII ғасырда арабтар жаулайды, одан кейін мұсылман селжүктердің қарауына өтеді. Грузин патшасы Давид ІІ қырық мың қыпшақ әскерінің күшімен селжүктерді ығыстырып шығарғаннан кейін, армяндардың бір бөлігі аз уақыт грузиндерге бағынып тұрады да, монғол шабуылынан кейін илхандардың бодандығында, жалайырлардың, аққойлы, қарақойлылардың, кейін қызылбас Сефевилердің құзырына көшеді. Дербес мемлекеті жоқ, жеке-жеке княздіктерге бөлініп вассалдық өмір кешкен олардың жерін 1048 жылы Ертұғырыл, ал 1064 жылы Алып Арыслан бастаған селжүктер жаулап, дәргейіне алады. Селжүктер мен Византия арасындағы 1071 жылғы тамыздағы Манаскерт шайқасында гректер ойсырай жеңіледі. Христиан әлемі ретінде ұдайы демеу болған Грецияның қолдауынан айырылған армяндар ендігі тұста босып, жер-жерге тарап кетеді. Армян тілінде «сүргін» деген сөз әлі күнге дейін сақталған. Армяндардың ғасырларға созылған сүргіннен діні мен тілін, жазуын жоғалтпай бүгінгі күнге жетуі таңқаларлық жағдай.

Енді қазіргі Армения жеріндегі қыпшақтар жайына келсек, бізге мәлім мәселелер мынадай.

Жоғарыда Артық ханның елге оралып, қалың қыпшақтың бір бөлігінің Қап тауында қалып кеткені баяндалды. Олардан басқа Давидтің (ажырасқан армян әйелінен туған) ұлы Деметре І-ші патшалық билікті ұстап тұру үшін, өгей шешесі Турандот патшайымның көмегімен, он мың қыпшақ әскерін патша қызметіне шақырып келтіргендігі тарихтан мәлім. Жалпы билік құрған Давид патшаның ұрпақтары қыпшақтарды нағашы жұрты санап, олармен байланыстарын үзбегенін, үнемі қыпшақтардың көмегіне  жүгініп отырғанын көреміз. (Давид патшаның Турандот патшайымнан туған ұлы Вахтанг патшазаданың жастай опат болғаны жайында мәлімет кездеседі). Яғни, қыпшақтар толқын-толқын болып Оңтүстік Кавказға қоныстанған. Бұл тек ХІІ ғасырдан кейінгі жағдай.

Қыпшақтардың кавказсыртына келуін тарихшылардың Батыс Түркі қағанатымен байланыстыра қарайтындары да бар. Одан басқа, академик      А. Ширалиев қыпшақтардың Әзербайжанға табан тіреуін VIII ғасырмен анықтайды да, әзербайжан тілінің қыпшақ диалектісінің пайда болуының бастауын сол дәуірмен байланыстырады. Ал грузин жазбаларында алғашқыларына «бунтүрктер», кейінгілеріне «жаңа қыпшақтар» деген атау берген. Қап тауының арғы бетіне оңтүстіктен де, Дербент арқылы да және солтүстіктен де өтіп отырған қыпшақтардың өлкедегі рөлі күшті болған. Бұған Үргеніштен құлдыққа сатылып келіп, кейін қыпшақ мемлекетін құрған Илдеңиз атабектері әулетінің тарихы куә.

ХІІІ ғасырда өмір сүрген Киракос Гандзакецидің «Армения тарихы» еңбегі осы кезеңдегі тарихи оқиғаларды баяндаған құнды шығармалар қатарынан орын алады. Ол Гандзак қаласында (қазіргі Әзірбайжанның Гянджі) 1200-1202жж. туып, 1271 ж. қайтыс болған.

Гандзакеци еңбегінің 12-тарауында қыпшақтардың Грузия патшасы Лаша Георгиден (Тамар патшайымның ұлы, 1213-1222 жылдары патшалық құрған) қоныс сұрағаны, тілектері орындалмаған соң, олардың Гандзак қаласының маңына орын тепкендері, сол жердің армяндары оларды өздерін грузиндерден қорғайтын күш ретінде бағалап, оларға азық-түлікпен көмектескені туралы айтылады.

 Грузин патшасы бұған тұлан тұтып, қыпшақтарға қарсы Иванэ бастаған қалың қол аттандырады. Қыпшақтардан күл-талқаны шыққан грузин әскерлерінің қырылғаны қырылып, қалғаны қолға түседі. Қолға түскендерін қыпшақтар құлдыққа сататыны туралы да деректер бар.

Екіншіден, бұлар Солтүстік Кавказға енген монғол әскерлерінен ығысып келген қыпшақтар болуы әбден ықтимал. Моңғолдардың басты жаулары да қыпшақтар еді. Қыпшақтардың ығысуының негізгі себебі де осы жайттан туындауы ықтимал.

Қыпшақтардың сағын сындырмай жеңіске ие болу мүмкін емес екенін монғол әскербасылары терең ұғынып, қыпшақтарды жою саясатын ұстанғанымен, уақыт өте келе олардың өздерінің қыпшақтанып кеткені тарихи шындық.

 

– Қыпшақтар Гүржістандағыдай мұнда да мемлекет ісіне араласа ма?

 

– Жоқ. Ол кезде, жоғарыда айтқанымыздай, армяндардың мемлекеті болмаған.  Армян тарихшыларының еңбектерінде қыпшақтар мен армяндар арасындағы соғыстар жайында деректер кездеспеуіне қарағанда, олар өзара тату тірлік кешкен деп қорытуға болады.

 

Бүгінгі Армения аумағын мекендеген қыпшақтарға тоқталар болсақ, Давид патша 45 мың үйлі қыпшақты қазіргі Арменияның Дилижан өлкесінен бастау алып, Грузия және Әзербайжан мемлекеттерінің жерімен өтетін Ағыстафа өзенінің аңғарына орналастырғаны мәлім. Өзеннің бұл аңғарында аталған үш ел де шектесіп жатқанымен, негізгі бөлігі Әзербайжанның Қазақ ауданына қарасты. Ағыстафа өзенін бойлап, армян жеріне өтсең Қыпшақ ауылы тұрған Артық ауданы таяқ тастам жер. Армян тарихшысы Т.С. Еремян қыпшақтардың бұл өлкеге қоныстануын  Георгий ІІІ-ші мен Тамар патшайым билік құрған кезеңмен байланыста қарастырады.

2.jpg

Түрколог ғалым Сейсенбай Жолайұлының Ағыстафа өзеніне жоғарыдан келіп қосылатын Гош өзенінің құйылысында аялдаған сәті.


Тамар патшайымның билік құрған кезінде оның әскербасы болған Закарэ қыпшақтар қалың мекендеген осы жерді сатып алып, 1206 жылы Ғыпчахаванк (хыпчақ+аванг (аванг – монастырь, нақты айтқанда «қыпшақ монастыры» деген ұғымды білдіреді) монастырын салдырады.

Бұл қазіргі Армения Республикасының Түркиямен шектесетін Ширақ облысындағы Артық деген ауданының аумағы. Аудан орталығы Артик  (қазіргі атауы) қаласының күншығысында 2-2,5 шақырымдай жерде, таудың баурайына қоныс тепкен Қыпшақ деген шағын ауыл тұр. Ауылдың атын 1946 жылы Арич деп ресми түрде өзгерткенімен, жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін бұрынғыша хыпчағ деп атайтындарын көрдік.

 3.jpg

Армения Республикасының Ширақ облысындағы Артық қаласы

 

 4.jpg


5.png

 

Артық қаласынан Арич (бұрынғы Қыпшақ) ауылына шығар жол

 

6.png

Осы кесененің қабырғасында 1304 жылы армян тілінде жазылған: «…илхан Ғазан ханның әлемді билеген кезінде, мен  Елхұтлұ Чаған ұлы және менің ұлым Абаш пен менің қатыным Хутлу әулие Аставацацинге қосылып, осы шіркеудің қазынасына біздің үлесімізде қалған май шайқайтын орынды сыйладық…кім де кім дау шығаратын болса құдай мен пайғамбардың қарғысына ұшырасын. Орындаушылар құдайдың алғысына бөленсін. 753 (=1304) жылдың жаз айы» деген ақпарат бар. Т.С. Еремян жазылған жылы көрсетілмеген «Мен Тритур, құдайдың күнаһар құлы, Хупасаренцтердің жүзімдігінің ширек бөлігін өз еңбегіммен сатып алдым да оны қасиетті шіркеуге бердім. (Сол үшін) шіркеу қызметкері Амазасп апостол Андрей мейрамы кезінде үш күн литургия оқылуын белгіледі. Кім де кім мұны бұзса Христің қаһарына ұшырасын» деген жазуды мысалға келтіріп, әулет атында қолданылған «Хупасаренцтер» – қыпшақтар, яғни 1178-1185 жылдары билік құрған грузин патшасы Георгий ІІІ-нің бас қолбасшысы (амирспасалар) және  ішкі істер министрі дәргейіндегі уәзірі (мандатуртухуцеси) болған қыпшақ Құбасардың ұрпақтары деген тоқтам жасайды.

Армян тарихшыларының жазбаларында хундардан бастап, барлық түркі халықтарын кейде һон деген жалпы атаумен, кейде өздерінің атауларымен беріп отырған. «Солтүстіктегі халықтар» деп те атаған.

 

– Бір қызығы қыпшақ монастырының төбесі әдеттегі шіркеудегідей сүңгі тектес үшкілденіп жабылмаған, күмбезбен салынған екен. Оны 1890 жылғы түсірілген суреттен анық көресіз. Кейіннен түпнұсқалық әлпетін өзгертіп,  өздерінің үлгісіне айналдырып жіберген. Тек кіреберіс есік мүжіліп тозған болса да ең әуелгі пішіні мен қолданылған құрылыс жарағын сол қалпы сақтаған.

 

– Шіркеудің шырақшысы Гачик Хачатурянның айтуынша монастырдың төбесінде күмбез іспетті мұнарасы бой түзеген. Қазір шіркеу бірнеше рет жөндеуден өткен де, сырт жағындағы кіреберісі болмаса, бұрынғы күмбездің қалпы толық сақталмаған.

 7.png

Қыпшақ монастрының ежелгі түпнұсқасы өзгермеген қос босағасы

 

Бұл жерде басы ашылмай жатқан мәселелер баршылық: ағайынды Иванэ мен Закарэлер қай ұлттың өкілі, ауыл неге Қыпшақ аталған, аймақтың Артық аталуының сол дәуірде Грузия патшасы Давидке Донның бойынан 45 000 әскермен көмекке барған Артық батырмен тарихи байланысы қандай, Шіркеудің кезінде күмбезделіп, шығыстың үлгісімен жабылуы неліктен, кейін ол қыпшақтар қайда кетті, армян-қыпшақтармен байланыстары бар ма деген сияқты қоя берсең шыға беретін сұрақтар көп.  Айтуларына қарағанда, ауылда XIII-XIV ғасырларда қыпшақтардың жасақтары мекен еткен екен. Оған сол жердегі шашылып жатқан қорымдағы қойтастар мен сандықтастар куә.

Грузияда билік басында болған Қубасардың ұрпақтары аталарының  атымен аталуын заңды құбылыс, қазаққа тән дүние деп қараған жөн. Артық атауын да, кезінде Дешті Қыпшақтан Артық ханмен бірге Грузияға өтіп, бір ғасырдан кейін (әлде ертерек) Арменияға қоныс тепкен Артық ханның қосынымен байланысты қарауға әбден негіз бар.

 8.png

Түрколог ғалым Сейсенбай Жолайұлы Армениядағы қыпшақтар мекенінде

 

– Иә, сондай бір қисындылық көзге ұрып тұрады. «Артық қаласы мен Қыпшақ ауылы неге қоңсы орналасқан?» деген сауал еріксіз бой көтереді. Өйткені көшпелілер бір жерге шоғырланған.

Сонымен қатар, бұл өңірде қыпшақтар мәдениеті, тілі сақталып қана қоймай өзге этникалық топтың ортасында мойыны озық қалпы оқшауланып, дамуы таңқаларлық.

 

– Армяндардың саяси-әлеуметтік өмірінде қыпшақтардың ықпалы болғаны сөзсіз. Олардың Армениядағы тарихи-мәдени іздері сайрап жатыр. Армян тіліндегі тұрмыстық атаулар мен кейбір этнографиялық ерекшеліктерден берісі қыпшақи, әрісі жалпытүркілік байланыстарды анықтауға болады. Мысалы, армяндардың 7 атаға дейін қыз алыспауы 11-12 ғасырлардан басталыпты. Кейін, шіркеу армян халқына бес атаға толған соң қыз алысуға рұқсат бергенімен, мүмкіндігінше қан араластырмауға әлі күнге дейін тырысады. Ал енді қараңыз, Қап тауының оңтүстігінде армяндарға билік жүргізген парсыларда, арабтарда, оғыз-селжүктер мен османлыларда, тіпті әзербайжандарда жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрі жоқ. Сонда бұл кімнің әсері? Әрине қыпшақтарың әсері болып шығады. Армяндарда жігітке қалыңдықты ата-анасы таңдап, құда түсіп алып беру әлі күнге шейін сақталып келеді екен.

Қоржын мен алашаның түр-түрі жасалуымен ғана емес, аталуымен мен ұқсас (хорджун, алача), кат – сүт (қатық сөзімен салыстырыңыз), суджук (шұжық) – жаңғақтың дәндерін ұзындығы 60 см-дей етіп жіпке тізіп, қайнап қойытылған жүзім шырынына малып алып (қою шырын жаңғақ дәндерінің сыртына ішектей жабысып, ауа жібермейді) жасалған тағам түрі, сырт нобайы шұжыққа ұқсайды; хаш – ас, хашлама – қой етінен бұқтырылып әзірленген тағам, сонымен бірге малшылардың тасқорығы, сорпаны томыртқалап ішу, далада сірне пісіру, шикі еттен бастырма, айраннан, қатықтан сорпа жасау, құрт, ірімшік қайнату т.б. сияқты тағам дайындаудың алшақтықтан ортақтығы басым.

 

– Бүгінгі армяндардың қолданыстағы тілдерінде қыпшақ тілінен сіңісті болып қалған қандай сөздер бар? Мен арнайы Артық қаласы мен Қыпшақ ауылын көру үшін Арменияға барғанымда күні бүгінге дейін қазақтың кейбір сөздері тура сол мағынасында қолданылатынын біліп, қайран қалдым. Мысалы «бала», «жан», «шалбар», «сабын», «ақымақ», «айуан», «арақ» және өзге де сөздер. Сондай-ақ олар адамның есіміне «жанды» қосып сөйлегенді ұнатады. «Робертжан, Арменжан…» Танымайтын ер адамды «ақпержан», әйел адамды «курикжан» деп, іштарта үн қатады. Кавказды олар да Қап тауы дей ме?

 

– Кавказды олар Капхок дейді. Бұл жердегі «хок» парсының «тау» деген сөзі. Сонда Қап тауы болып шығады. Ал армян тілінде сақталған қыпшақ тілінің іздері арнайы ғылыми-зерттеудің нысаны болған жоқ. Дегенмен, бірден көзге түсіп, құлаққа жылы естілетін «ошхар» – қошқар (бұл сөз ерте дәуірлерде енген), «хой» – қой т.б. сияқты сөздерден тыс, армян тіліндегі антропонимдерде, яғни, адам аттарының құрамында әртүрлі дәуірлерден хабар беретін түркілік қабат өте мол. Патронимдердің құрылымдық негізі түркі тілдеріндегідей болып келеді де, соңына -ян, -ц, -еци (соңғы -еци қосымшасы шыққан аймағын, мекенін білдіреді) қосымшалары қосылып, ерлер мен әйелдердің тегінде бірдей болып келеді. Мысал келтірер болсақ, Игитян, Чолахян, Хатунян, Садахян, Ғазахян, Кошкарян, Орманян, Кучукян, Хангелдян, Каракозян, Хаджибекян, Худавердян, Ханларян, Халпахчян, Караханян, Чопчунц, Джангелдян, Орманчян, Етикчян, Бадракян, Селджукян, Туркменян, Ғазарянц, Ғазахецян, Алашкертян, Абдалян, Амирбекян, Йахшибекян, Аслибекян, Сарыбегян, Ахсахалян, Ахкашян, Хашкаян, Чанахчян, Палтачян, Чарухчян және с.с.

 

Белгілі бір аумақтарда шоғырланып қоныстанған ирреденттер географиялық атауларды ана тілдерінде белгілей отырып, өздеріне тән топонимия жүйесін жасайды, оларды зерттеу ғылыми тұрғыдан назар аударуды сөзсіз қажет етеді. Дүние жүзінің көптеген мемлекеттерінің идеологиясы ирреденттерді ассимиляциялауға бағытталған. Этностың ділін, мәдениеті мен рухани байлығын көрсететін өзіне тән тілдік топонимиялық жүйені құрушы және оны сақтаушы халықтың этникалық ерекшеліктерін жою мақсатында трансформацияға ұшырату арқылы ассимиляциялау процесі  топонимияны да қамтиды.

Ол құбылысты «Административно-территориальное деление Армянской ССР» атты еңбектерден, қай жылы қандай атаулардың қалай деп ауыстырылғандығын нақты көруге болады.

Армения мен Әзербайжан арасында ХХ ғасырдың соңына қарай орын алған саяси қақтығыстардың салдарынан әзербайжандар мекен еткен жерлерін тастап шығуға мәжбүр болды. Нәтижесінде бұрынғы түркілік топонимдерге жаңаша атаулар берілді.

 

– Қыпшақтардың жауынгерлігімен қатар, оларда рухани сана мен этногендік иммунитет өте әріден әрі ғажайып әлеуеттілікпен болмыстарына тастай батқан. Соның нәтижесінде тілдік ықпалдылыққа ие болып, өзге нәсілдерді қыпшақ тілінде сөйлетіп  қойған сыңайлы.

 

– Монғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде Шығысында Ертістен бастап, Батысында Дунайға дейінгі аралықта қыпшақ тілі халықаралық тіл болғанын сол кездегі жиһангерлер жазып кеткен. Бұл жағдай монғолдардың шапқыншылығынан кейін де таралу аймағын кеңейтпесе, бұрынғы қалпын бұзбағаны белгілі. Шығыстанушы ғалымдар еуропа және араб ғалымдарының жазбаларына сүйене отырып, монғолдардың қыпшақ ортасында ассимиляцияланып кеткендіктерін жазады.

 

 9.png

Түрколог ғалым Сейсенбай Жолайұлы армениялық әріптестерімен пікір алмасуда

 

Монғол жаулап алушылығы және соның негізінде пайда болған мемлекеттік құрылымдарға байланысты қыпшақ тілінің қолданылу аясы ұлғайып, Мысыр, Шам, Үнді елдеріне таралады. Алтын Орда хандарының жарлықтары мен Мысыр сұлтандарының жазбалары, Үнді сұлтанатының жәдігерліктері, Хорезмдегі әдеби шығармалар мен армян-қыпшақтардың түрлі тарихи-филологиялық еңбектері осы тілде, яғни, қыпшақ тілінде жазылады. Қыпшақ тілі Еуразияның апайтөс даласы мен Қап тауының арғы-бергі жағында халықаралық тіл деңгейінде қолданылған.

 

Монғолдар қыпшақтардың саяси үстемдігін жойып, біртұтас болып қалыптасып келе жатқан қыпшақ мемлекетін ыдыратып жібергенімен қыпшақ тілінің үстемдігін ырықтай алмады. Қыпшақ даласын мекендеген қыпшақ тілдес түркі халықтарының арасына өздері де сіңісіп кетті.

ХІІІ ғасырда қыпшақтар Еуропа елдері мен монғолдардың ордасы тұрған Қарақорым арасын жалғастырып жатқан «алтын көпір» болғаны аян. Алтын Орда жерін аттап басқан өзге ұлт өкілдеріне қыпшақ тілін білу қажеттігі туындап, олар өздеріне тілмаштар жалдаған. Тіл үйрену үшін сөздіктер мен тілашарлар жасауға мәжбүр болған. Қыпшақ тілдес әлеуметтік ортаға түскен өзге этнос өкілдері тілдерін ұмытып, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен. Бұл, әсіресе, Ұлы Жібек жолы бойымен сауда-саттық жасаушы саудагерлерге тән реңк. Діндерін ұмытпаулары үшін христиан дінінің канондары мен уағыздарын қыпшақ тіліне аударып, пайдаланып отырды. Іс қағаздары қыпшақ тілінде жүргізілді. Қыпшақ тілі отбасылық қолданыстан бастап, мемлекеттік тіл деңгейінде қызмет атқарды.

Тек Кавказ өңіріндегі қыпшақ тілінің ахуалы ғана емес, батыс, шығыс еуропадағы қыпшақтың тілі славян тілдерінің қоршауында бола тұра әлеуметтік қолданыс әлеуеттілігін жоймаған.

Армян-қыпшақ ескерткіштері тіліне қатысты Т.И. Грунин,                Э.В. Севортян, Дж. Клосон, Ж. Дени, И. Абдуллиндер тарапынан құнды пікірлер айтылды. Мысалы, академик Э.В. Севортянның пікірінде: «Ценнейшим памятником разговорных кыпчакских языков или диалектов конца XIII – начала XIVв. по-прежному остается «Codex Cumanicus» (СС). Судебные акты из Каменца составляют другой важнейший источник, из которого отныне можно черпать сведения об одном из старокыпчакских разговорных языков более позднего по сравнению с СС времени. Другие армяно-кыпчакские тексты можно было бы отнести к памятникам армяно-кыпчакского литературного языка, в котором мы вправе различать язык чисто религиозных сочинений, язык судебно-правовых документов и начатков художественной литературы назидательно-апокрифического направления» деген орнықты пайыммен жан-жақтылығы көрінеді.

Қыпшақ тілі әрбағыттылығымен құнды. Ол мемлекеттік басқарудағы бюрократиялық тіл де бола алған, яғни, іс жүргізу мен сот тілі. Күнделікті қарым-қатынас құралы ретіндегі рөлі өз алдына, сонымен қатар, көркем әдеби тіл, діни уағыз тілі қызметін атқарған.

 

– Қыпшақтар үнемі ер үстінде жаугершілікте жүріп, тұтастай бір аймақтағы тілдік басымдығын сақтап қана қоймай, сонымен қатар жазу мәдени үрдісін қалай қалыптастыра, ілгерлете алған?

 

– Қыпшақтар найзаның ұшы, білектің күші басым жаугершілік этникалық қауым ретінде көрінгенімен, жазуға ерте әуестенген халық. Сондықтан олар қияметқайым күндерде де жазу мәдениетіне салғырт қарай алған жоқ.

 Армян тарихшыларының ортағасырлық еңбектерінде қыпшақтар жайында деректер көп кездесіп отырады. Сонымен қатар армян әліпбиімен қыпшақ тілінде жазылған, сипаты жағынан әртүрлі, көлемі мол жазбалар бар. Түркітану ғылымында оларды «армян-қыпшақ» ескерткіштері деп атайды. Бұл мұралар Арменияда емес, негізінен қазіргі Украинаның Каменец-Подольск, Львов қалаларында жазылған. Ереван қаласындағы көне қолжазбалар кітапханасы Матенадаранда сақтаулы «Қыпшақ тілінің грамматикасы», армянша-қыпшақша сөздіктер, жыл қайыру, діни еңбектер Украина жерінде жазылып, Арменияға кейіннен әкелінген дүниелер.

 

– Тарихи дерек көздерінің мәліметіне жүгінсек, XIII ғасырда монғол шапқыншылығынан ығысқан армяндар (300 үй шамасында) Кавказ пен Қырым өңірін жайлаған қыпшақтармен бірге король Лео І-нің шақыруымен Батыс Украинаға, Галицияға, Подольеге, оның ішінде Каменецке қоныс аударып көшіп келген.

 

– Иә, онда армяндардың дербес құқығы бар қауымы (колониясы) құрылып, іс қағаздары үш тілде – армян, қыпшақ, поляк тілдерінде жүргізілген. ХV ғасырда (1496 жылдан бастап) орталығы Каменец-Подольск қаласы болған. Армян әліпбиімен сол кездегі қыпшақ тілінде немесе қыпшақ тілі туралы армян тілінде жазылған материалдар бар. Бірен-сараны ғана болмаса, олар әлі баспа жүзін көрген жоқ.

 

– Бұл жазбалардың қыпшақтардыкі екеніне кім нақты байлам айта алады?

 

– Қыпшақ тілінде сөйлеп, христиан дінінің армян-григориан бұтағын тұтынған, қауым болып өмір сүрген бұл этникалық топтың қай  халыққа тән екендігі ғылымда басы ашық қалып келеді. Осы мәселеге байланысты пікір-таластарда: «Егер олар қыпшақтар болса, онда христиан дінін қабылдаған күннің өзінде ұлттық, рулық ділдерін жоғалтуға не себеп болды? Әлемнің жартысын билеген қыпшақтарға армяндардың діни, саяси әсері ондай дәрежеде бола алмаған. Сондықтан олар (қыпшақ тілінде сөйлегендер) қыпшақтар емес, Қырымда ассимиляцияланған армяндар» деген пікірлер де бар. Әрі, мұнымен қатар, лингвистикалық, яғни, тілдік тұрғыдан зерттеушілер тарапынан: «бір халықтың тілін екінші бір халықтың армян-қыпшақтар сияқты терең меңгеруі мүмкін емес, сондықтан олар – қыпшақтар болуы керек» деген пікірлер айтылуда. Бұл мәселені әлі де түбегейлі түрде, этнолингвистикалық, экстралингвистикалық, тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу қажет.

 

– Қыпшақтар жазба ескерткіштерін қай кезден қалыптастыра бастады?

 

– Біздің дәуірімізге жеткен жазбалар ХVІ ғасырдың 20 жылдары мен ХVІІ ғасырдың аяғын қамтиды. Одан бұрынғы кезеңде жазылғандары жоғалған, әзірше тағдырлары белгісіз. Дегенмен, кейінгі кездерде табылған қолжазба кітаптар «бұл мол мұраның ерте дәуірінен хабар беретін жазбалардың бір жерлерде сақталуы да мүмкін-ау» деген ойларға жетелейді.

Армян-қыпшақ ескерткіштері Арменияның Ереван қаласындағы көне қолжазбалар кітапханасы Матенадаран қорында, Мәскеу, Санкт-Петербург кітапханаларында, Киев, Львов қалаларының мұражайларында, сондай-ақ Польша, Франция, Румыния, Нидерланды, Италия, Австрия елдеріндегі мұражайлар мен музейлерде, сонымен қатар, жеке адамдардың қолдарында сақтаулы.

Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық, саяси-әлуметтік, мәдени өмірінен мол  мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан әр түрлі, көлемі үлкен жадығаттар. Осы саладағы кейінгі зерттеулерде бұл жазба мұралар алты топқа бөлініп қарастырылып жүр: 1) тарихи жазбалар; 2) заң кодекстері мен акт құжаттары; 3) филологиялық еңбектер; 4) діни әдебиеттер; 5) көркем шығармалар; 6) жаратылыстану-ғылыми әдебиеттер.

Армян-қыпшақ ескерткіштерін жариялауда Г. Алишан, Ж. Дени,         Э. Шютц, Э. Трыярски, И. Вашари, М. Левицкий, Р. Кон және т.б. шет ел ғалымдарымен қатар, бұрынғы Кеңестер Одағының аумағындағы   Т.И. Грунин, А.Н. Гаркавец, И. Абдуллин, Я.Р. Дашкевич сияқты ғалымдар көп еңбек сіңірді.

 

– Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінен «Дана Хикар сөзі» тұңғыш рет қазақ тілінде тікелей сіздің баспаға әзірлеп, жариялауыңызбен 1990 жылы жарық көргенін білеміз. Осы құнды жазбаларды зерттеуде кімнің еңбегі орасан деп санайсыз?

 

– Жалпы армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің арасында көркем аударма стиліне жататын «Дана Хикар сөзі» шығармасының орны биік. Христиан жыл санауынан жеті ғасыр бұрын Ассирия-Вавилонияда дүниеге келген бұл моральдық-дидактикалық шығарма әу баста арамей тілінде жазылып, кейін бүкіл шығыс елдеріне, ортағасырларда еуропалықтарға дейін таралған. Қыпшақтар түркі әлемінде тұңғыш рет бұл шығарманы армянша нұсқасынан өз тілдеріне қысқартып аударған. Тілі көркем, мазмұнды, насихаты мол болғандықтан осы шығармамен қазақ оқырманын таныстыруды мұрат тұтқан едік. Шығарма желісі мен ондағы қанатты сөздер әрісі Інжілде, «Калила мен Димнада», «Мың бір түн» шығармасында көрініс тапқан және теологтар, философтар тарапынан әлемдік деңгейде зерттелуде. Тек біздің қазақ әдебиетші, философ ғалымдарының үн-түнсіз жатқандары жанға батады.

Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеп, жариялауда, жоғарыда аттары аталған ғалымдардан басқа, осы саланың үлкен маманы, қазақстандық түрколог-ғалым, менің құрметті ұстазым Александр Николаевич Гаркавецтің атқарған қызметі мен ерен еңбегін қыпшақтану саласына қосылған зор үлес деп бағалаймыз.

А.Н. Гаркавец дүние жүзі кітапханалары мен түрлі мұрағаттарға тарап кеткен армян-қыпшақ тіліндегі жазба мұраларды, атап айтқанда «Армянша-қыпшақша дұғалықтың (Псалтир)» (1575-1580) екі нұсқасы мен оған арналған армянша-қыпшақша сөздікті транскрипциялап жариялады (2001ж.).

2002 жылы Алматыдағы «Дешт-и Қыпшақ» Евразиялық зерттеу орталығынан «Кыпчакское письменное наследие: Каталог и тексты памятников армянским письмом» (1 том) деген атпен көлемі 1084 беттік еңбек жарық көрді. Бұндай еңбек қыпшақтану саласында бұрын-соңды жасалмаған баға жетпес құнды дүние болып табылады. Өйткені онда 1519-1628 жылдар аралығында жазылып сақталған 109 қолжазба мен 1618 жылы қыпшақ тілінде армян жазуымен баспадан басылып шыққан «Алғыш бітікі»– дұғалықтар кітабының мәтіндері транскрипцияланып, көпшілігі орыс тіліне аударылып берілген, акт кітаптарының мазмұндалған каталогы мен мәтін үлгілері көрініс тапқан. Еңбектің құндылығы – әлемнің түкпір-түкпіріне шашылып кеткен, әр кезде әр елде жарық көрген, әлі жарық көрмеген қыпшақ жазба мұраларын бір жерге жинақтап, зерттеушілерге екі ғасырға жуық мезгілді қамтыған, түрлі жанрдағы мол материалмен жұмыс істеу мүмкіндігін жасағандығында.

2003 жылы «Армян төре бітігінің қыпшақ-поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі», Львов, Каменец-Подольский, 1519-1594жж. деген еңбек  қазақ және орыс тілдерінде жарияланды. Онда армян-қыпшақ, латын тіліндегі мәтіндер транскрипцияланып, қазақ, орыс, украин тілдеріне аударылып, қыпшақша – қазақша, қыпшақша – орысша терминологиялық сөздік берілген. Еңбекті баспаға дайындап, орыс тіліндегі аудармасы мен ғылыми редакциясын А.Н. Гаркавец жасаған да, ал  қазақшаға тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Ғ. Сапарғалиев ағамыз тәржімалаған. Сондай-ақ «Төре бітікінің» латынша нұсқасын украин тіліне аударып жариялаған М. Капральдің еңбегі, армян-қыпшақтары мен олардың жазба мұралары жайындағы шолу мақала және әдебиеттердің библиографиясы аталған жинақтың маңыздылығын жоғарылата түскен.

А.Н. Гаркавец жариялаған бұл мұралар қыпшақтану саласына қосылған зор үлес, сонымен қатар қыпшақтану саласындағы соны ізденістерге, тарихи-салыстырмалы зерттеулерге жол ашатын еңбек екендігі ақиқат.

 

– Өмірдің кез келген саласына ішкі, тысқы ықпалмен өзгерістер еніп, уақыт ауанына бейімделіп отыратыны белгілі. Қыпшақ тілі де әлеуметтік ағымға сай қаншалықты өзгеріске ұшыраған?

 

– Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық, саяси-әлуметтік, мәдени өмірінен мол мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан әр түрлі, көлемі үлкен жазбалар дедік. Ал шығармалар тілінің ерекшеліктеріне келер болсақ, әрине, арада жатқан бес ғасырға жуық уақыт пен славян тілдерінің қоршауында болуы, Речь Посполита мемлекетіне саяси-экономикалық тәуелділік «армян-қыпшақ» ескерткіштерінің сөздік құрамына терең із қалдырғаны рас. Ортағасыр жазба мұраларының арасында армян жазулы қыпшақ ескерткіштері сөйлемнің құрылысы мен сөздік құрамында армян, славян, латын тілдерінің ықпалы молдығымен ерекшеленеді. Бұл тілдің дамуы жағдайында болатын заңды құбылыс. Мысалға, кешегі ХІХ ғасырдағы Ыбырай Алтынсариннің шығармаларының тілі мен қазіргі қазақ тілі бірдей емес қой, дыбысталуы, сөз мағынасының өзгеруі, сөйлем құрауы сияқты өзіндік айырмашылықтары бар.

Зерттеушілердің көпшілігі «Codex Cumanicus» («Кодекс Куманикус») тілінің армян-қыпшақ ескерткіштері тілімен сабақтас, негізі бір екендігін және кейінгісі «Codex Cumanicus» тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің арасын жалғастырып жатқанын айтады.

Мысалға сол кездегі қыпшақтың сөзі мынадай: «Теңрідəн аваз келді, иемге кетмəк ойым бар». Қазіргі қазақ тілінен қаншалықты алыс? Бүгінгі үнге икемдесек «Тəңірден əуез келді, иеме (о дүниеге) кетпек ойым бар» болып шығады. «Оғлум, йахші досдуңдан йырахланма, егәр йырахландың есә йә тапарсен аның кі досд йә тапмасен» – «Ұлым, жақсы досыңнан жырақтама, егер жырақтансаң ондай досты жә табарсың, жә таппассың»; «Оғлум, егәр өвүң  бійік, узун есә йеті хулач бойуңну егіп кір» – «Ұлым, үйің биік, ұзын болса да жеті құлаш бйыңды иіп кір». Сонда, арада бәленбай ғасыр өтсе де тіліміз аса өзгере қоймаған. Мұны аударма деп қарау қисынға келмейді. Сөйлемді қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіру дегеніміз дұрыстау болар.

 

– «Кодекс Куманикус» XIII-XIV ғ.ғ. қыпшақ тіліндегі алғаш жазба екені мәлім. Ол 164 беттен тұратын қыпшақ халқының сөздігі. Әр сөздің аудармасы латын, италян және парсы тілінде берілген. Бұл кітаптың Марчиана кітапханасына келіп түсуі де тағдырлы.

 1362 жылдың тамызында Қайта өрлеу дәуірінің атақты ақыны Франческо Петрарка қатты науқастанған баласының соңынан Венецияға аттанады. Шаһарға ат басын тіреген соң баспана сатып алуға тура келеді. Ақшасы жоқ ақын өзімен ала келген «Кодекс Куманикус» кітабын үйге айырбастайды. Сол замандағы кітаптың құны қандай болған десеңізші… Сөйтіп, Венециядағы Әулие Марктың храмына  авторы көрсетілмеген кітап кете барады.

Мамандардың пікірінше, бұл кітап Қара теңіз маңындағы қыпшақтардың қаламынан туындаған. Менің ойымша Ұлы Жібек жолы бойында сауда жасаған еуропалық көпестердің шаруасын дөңгелету қажеттігінен тіл үйрену үшін өздеріне арнап жасап алған сөздігі тәрізді.

VIII ғасырда-ақ қыпшақтарды Шығыс Еуропаның славян халықтары «половецтер» немесе «печенегтер», Батыс Еуропаның латын тілді халықтары «құмандар», шығыста – «қыпшақтар», араб елдерінде «мәмлүктер» деп атағанын білеміз. Сонымен, «Кодекс Куманикусті» қазақшаласақ «Құмандар кітабы» «Құмандар сөздерінің жинағы» болып шығады. 

 

– Иә, қыпшақтардың жазба мұрасы өте бай. Олай болатыны олар сан алуан этникалық топтардың басын қосып, біртекті жүйе жасай алды. Соның нәтижесінде жоғарыда атап өткеніміздей Алтай мен Дунай арасын мекендеген халықтың бәрі осыдан 700 жыл бұрын қыпшақ тілінде сөйлегені аян. Сондай-ақ, Византия мен Скифияда іс-қағаздары бес ғасырға жуық осы тілде жүргізілгені ақиқат.

Мәмлүктер билік басына келгеннен кейін, 13-15 ғасырлар аралығында Мысырда да қыпшақ тілі араб тілімен тең қолданылғаны тарихи шындық.

Осының бәрі ержүрек бабаларымыздың ана тіліне адалдығынан әрі этностық құндылыққа айырықша қарау керектігі жөніндегі ес-жадысының болаттай беріктігінен туындаған ғаламат көріністер.

– Әңгімеңізге рақмет! Ұлттық құндылықтарды ардақтап қана қоймай, басты байлық Ана тіліміз екенін біртұтас санамен түсінетін ұлт жадылы ұландар өмірге қайта келетініне сенеміз.

Қазақстан тарихының және ежелгі қазақ елінің әлем өркениетіне қосқан елеулі тұстарын зерттеп жүрген еңбегіңізге толайым табыстар тілейміз.

 

Әңгімелескен Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Айқын Газеті



Ұқсас тақырыптар