Әкімдіктің тапсырмасымен Челябинск қаласына жақын орналасқан Троицк қалашығына аттанып кеттім. Аудан әкімдігінде қызмет істейтіндердің ең жасы кішісі болғандықтан ба, аптасына бірнеше рет кейде Көкшетауға, кейде Астанаға іссапармен мені ғана жіберіп тұратын.
Енді міне, өзім ешқашан барып көрмеген Челябинск облысының Троицк қаласына бет алдым.
Қалаға келген соң, қалалық әкімдікті көшедегі адамдардан сұрастыра жүріп тауып алдым. Хатшы қызды қолқалап жүріп, қала басшысына кіруге рұқсат алдым. Ішке кіріп, дипломатымнан хат алып, өзін Алексей Анатольевич Ильин деп таныстырған қала мэріне ұстаттым.
Хатты алып оқыды да: “Мен орман шаруашылығымен хабарласып, келісімге келейін, сонан соң жауап берермін. Сіз бір-екі күн қалада бола тұрарсыз, немесе осында істейтіндердің біреуінің үйінде болыңыз, қоныңыз, — деді жылы жымиып. Сөйтті де, қоңыраудың нүктесін басып, хатшы қызды шақырды.
— Алина, сен Николай Березинді шақырып келші, — деді жұмсақ үнмен.
Көп ұзамай есіктен орта бойлы, толықтау сары жігіт кірді.
— Николай, мына жігіт Қазақстаннан, Ақмола облысынан келіп отыр. Жалпы, біздегі орман шаруашылығы дайындаған тақтайларын алуға ниет білдірген екен. Соған мына жігітті алдын ала тапсырыс беруге жіберіпті. Бірер күн сенің үйіңде бола тұрсын. Келген қонақ қой, қонақүйлерге жібермей-ақ қояйық, — деді.
Сонымен, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісімен, кешке үйге қайттық. Николайдың менен екі-үш жас үлкендігі бар екен. Тұрған үйі Троицкінің түбіндегі Дубовка деген ауылында көрінеді. Қаладан үш шақырым жер. Көбіне велосипедпен жүретінін айтты.
Мен еліміздегі, ол Ресейдегі жағдайды сөз етіп үйіне келдік. Үйі үлкен, ағаштардан қиып салынған, әдемі-ақ. Бастықтары мені емін-еркін демалсын деп әдейі осы үйге жіберді-ау деймін. Айналасының бәрі көкпеңбек орман. Қиырына көзің жетпейді.
«Тайга деп осыны айтады екен-ау», — деп ойладым іштей. Бірақ бұл бір ғана шеті ғой.
Дарбазадан кіргенде ауладан орыстың еңгезердей шалын көріп, жақындап келіп қол алысып амандастық.
— Ты казах? — деп сұрады шал. Мен басымды изедім.
— Его зовут — Бейсенгазы, из Казахстана, — деді анадайдан Николай велосипедін қойып жатып. Үйге кіріп, шешесімен танысып, шәй ішіп, есік алдына демалуға шықтым. Артымнан біраздан соң шал келді. Өзін Иван Илларионович деп таныстырған болатын. Ұсталықпен айналысатын көрінеді. Біз отырған демалатын орын кең, көркем етіп жасалынған-ақ. Дегенмен мына атайдың түрі орыстан гөрі азиялықтарға көп ұқсаңқырайды. Қанында Сібірдегі ұсақ халықтардың бірінің қаны бар-ау деп ойладым іштей.
— Ну как, там у вас? — деді махоркасын тартып отырып.
— Бірқалыпты, ептеп жүріп жатырмыз, — дедім орысшалап. — Сіздердің тұрып жатқан жерлеріңіз қандай әдемі, Тайганың шеті, ауасы таза.
Шал бірдеңе есіне түскендей, менің түріме ойлана біраз қарап отырды.
— Мамандығың кім? — деп сұрады әлден уақыттан соң. Әкімдікте істейтінімді біледі, шәй үстінде айтқанмын.
— Мамандығым — журналист, — дедім.
— Это хорошо, — деді. Ол Тайга жаққа ұзақ қарады. Николай демалайын деп диванға жата кеткен, ұйықтап қалған болар. — Я тоже казах, — деді шал маған қарап. — Моя прабабушка чистокровная казашка была.
Мен қазақша түсінемін әрі сөйлеймін де. Тек қазақтармен кездескенде ғана. Жасым сексеннің алтауына келді.
Шал қазақшаны аздап бұзыңқырап сөйлесе де, мұндайды күтпеген мені аң-таң қалдырды.
— Менің аталарымның тұсында, осы Тайганың ішінде қазақ ауылдары өте көп тұрады екен, көп болғанда орыстардан да көп. Тайганың іші өріп жүрген мал.
Иван Илларионович ап-анық қазақша сөйлеп отыр.
— Сен білесің бе, «Тайга» сөзі қыстақта шөп жинағанда тайлап жинаудан (шөп орғанда тығыздап, жан-жағынан байлап тайлау) шыққан. Екі-үш атпен немесе өгізбен бірнешеуден қыстақтарына көк шөптің үстімен сырғанатқандай етіп тартып отырады екен. Сөйтіп, мол қып қыс қыстауларына жинап алатын. Осы жыл сайынғы тайлап жинаудан (бірнеше ғасыр осы орманды даланы мекен еткен ел-жұрт қой) мынау қалың тоғай Тайга аталып кеткен дейді жұрт менің бала кезімнен.
Ішімнен мүмкін шынында да солай шығар деп ойладым. Шал ештеңені қалдырмай қазақша сөйлеп отыр. Мен орысшаны түсінемін ғой десем де болмады, қазақша сөйлеуден ауытқымады.
— Осы Троицкіде жеті мыңдай қазақ тұрады, ішіндегі таныс қазақтармен қазақ тілінде сөйлесіп, амандасамын. Кейде әңгіме-дүкен құрамыз. Сен журналиспін дейсің ғой, мен саған мына оқиғаны айтайын, тыңдап ал, кейін еліңе барғанда мүмкін жазарсың. Бұл, әрине, бірер ғасыр бұрын болған оқиға ғой. Бәрі ұмытылған. Бірақ қалайда жаз, елің білсін, түсіндің бе?
Шал тіземнен қысып қалды, қолы әлеуетті екен.
— Мұны менен басқа осы маңайда көп ешкім білмейді. Тек, ұмытпа әрі ерінбе! Менің әкем айтушы еді, сенің атаң әскери казак болған деп. Атам былай дейтін көрінеді. Осы өңірге орыстар алғаш келіп орналасып жатқан кез екен, бекіністер, қорғаныстар салып дегендей. Маңайдағы толып жатқан қазақ ауылының кісілері кейде шапқыншылық жасап, бекіністерді бұзып, енді келіп қоныстанып жатқандарды қырып кетіп отырған. Көшім хандығының тұрғындары ғой және кейіннен келгендері бар. Осыдан кейін-ақ ақ патшадан біздің атамандарымызға жарлық түскен көрінеді. Бүкіл Сібірді толып жатқан қырғыз-қайсақ ауылдарынан босату керек делінген әлгі жарлықта. Аталарымыз отряд-отрядқа бөлініп, әрі ішкі жақтан келіп жатқан орыс отрядтары қосылып, солардың бәрі дайындықтан өткізіліп, кімдердің қай бағытты қазақтардан тазалайтыны белгіленіп, қағазға түсіріліп, нақтыланған көрінеді. Содан қанды қырғын басталған да кеткен.
Әрбір отрядқа күніне бірнеше ауылды тұрғындарымен бірге тып-типыл ету тапсырылған. Аяушылық болмасын деп қатаң ескертілген көрінеді. Ауылдарды қоршауға алу таңертеңгі алакеуімде, сондай-ақ, кешқұрым жұрт орынға отырғанда ағындаған шабуылдар басталған. Үйлер, қыстақтар — бәрі өртелген. Еңкейген шал мен еңбектеген балалар отқа лақтырылған. Еркектер, әйелдер — бәрі атылған, аяусыз шабылған. Тек қыздар мен жас келіншектерді әскерлер бөлісіп алып отырған. Мұндағы әскерлер әйелсіз, отбасынсыз келгендер ғой. Бірнеше жүздеген ауылдар отқа оранып, күлі ғана қалыпты. Сол шабылған ауылдың бірінен атам бір қызды атына өңгеріп алып келген көрінеді. Осы қыздан менің әкем туды, мен әкемнің жалғызымын. Мені сол қазақ әйелі — әжем ғой өсірген. Алдына салып, өз тілінде өлең айтып, ара-арасында кемсеңдеп жылап отырушы еді. Мен жылама деп көз жасын сүртетінмін. Ол кезде ештеңе түсінбейтінмін, — деп, шал көзіне жас алып, терең күрсінді. — Өстіп, қаншама ауылдарды өртеп және адамдарды қыруға бола ма екен? Ең құрымағанда, қазіргі қазақ жеріне қарай айдап, көшіріп жіберсе бір сәрі ғой. Бала, мен айтқан осы оқиғаны ұмытпа, — деді шал иығымнан қысып. — Осы оқиғаны тыңдаған, естіген сен жалғыз ғана адамсың. Құдайым сені сақтасын! Еліңнің біразы қалай қырылғанын халқың білсін! Бұл тарихқа кіргізілмеген, кезінде айтуға қатаң тыйым салынған оқиғалар. Мен Ұлы Отан соғысы кезінде бір қазақ жігітіне айтпақ болғанмын. Өлең-тақпақтар жазып жүретін. Кейіннен бөлімшесімен басқа полкке ауысып кетті де, көз жазып қалдым. Одан кейін қалам-қағаз ұстайтын қазақтарды кездестірмедім. Тіршілігі басқа қазақтарды көріп жүрмін ғой. Бірақ олар ештеңе ұқпайтын қазақтар. Әрі көрінгенге айтуға жүрексіндім. Жасым ұлғайған адаммын, қанша жүрерімді кім білсін?! Әжемнің көз жасын ақтап кетейін ең болмағанда. Сен мұны Николайға да айтпа, ол білмейді. Қазір сендер тәуелсіз елсіңдер ғой.
Иван Илларионович маған өтінішпен қарап:
— Қалайда жаз! — деді.
Ертеңінде шайымызды ішіп, кемпір-шалмен қоштасып, жолға шықтым. Троицкіге дейін жаяу тартып кетейін дедім. Көп алыс емес. Келе жатып шексіз-шетсіз тайгаға қарадым. Бірнеше жүздеген шақырымды алып жатқан ну орман үнсіз теңселіп тұрғандай. Қырғын тауып, отқа оранып жатқан ауылдар, ышқынған адамдар, шыңғырған балалардың шырылдаған дауысы құлағыма естілгендей болды. Көзіме жас тығылып, өксіп-өксіп жылағаным есімде.
Жалғыз келе жатып: «Мен қалайда жазамын!» — деп айғайлағаным әлі ойымда…
Түстен кейін тапсырылған жұмысымды бітіріп, пойызға отырып, Қазақстанға қайтып кеттім.
Иван Илларионовичтің тапсырмасын орындай алмай жүріппін. Талай жылдар өтіп кетіпті-ау.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
"Қазақстан Zaman" газеті