Алашордашы Торғын Нәкібаева кім еді?

7.jpg

Бұл тарих – талайлардың есімін, талай жанның ерлігін жұтқан тарих. Ақиқат Аллаға ғана аян демекші, мың сан мехнатты басынан өткерсе де, ХХІ ғасырға ерлерін жоғалтса да, елдігін жоғалтпай аман жеткен қазақтың талай тұлғаларының есімі әлі жабулы қазан күйінде жатыр. Соның бір-шамасын тарих ғылымы қалай ақтарса да, жарыққа алып шыға алмайды. Ендігі бір шамасы шаң басқан архивтерімізде өз уақытын күтіп жатыр. Осындай есімдердің бірі – нәзікжанды жаратылыс, ақ жаулықты әйел заты бола тұра Алаш зиялыларымен тізе қосып, ұл мұратын ойлаған, бір за-мандағы дүлей саясаттың соқпағына қарсы шыққан апамыз Торғын Нәкібаева еді...

Бұл есім – қазіргі жұртшылық үшін таңсық. Дегенмен темір құрсау заманынан қалған архивтер үшін Торғын есімді әйел қайраткер жақсы таныс. ХІХ ғасырда нәзікжандылардың саясатқа араласуы қазақ жері мен КСРО тарихын былай қойғанда, әлем тарихы үшін де сирек кездесетін жағдай еді. Торғын Нәкібаева алғашында Алаш зиялыларымен бірге қазақтың өз алдына дербес елдігін аңсап, ал зиялылар тобы бірінен соң бірі атылып, қамалып, айдалып жатқан уақытта сол қуғынға ұшырағандардың қатарында болады. 1936 жылдан бастап екі жыл уақыт темір торда жатады. Артынан қазақта бас көтерер зиялы атаулы қалмаған уақытта қатарластарының кеңесі бойынша М.Әуезов секілді түрмеден босап шығады. Оның М.Әуезовпен, Ораз Жандосовпен жиі араласып, идеялық біртұтастықта болғаны белгілі.

Т.Нәкібаеваның қамауға алынуы соңы аштыққа әкеліп соқтырған сталиндік саясатқа қарсы шығуында жатыр. 1935 жылдың қаңтарында Мәскеуде өткен Екінші бүкілодақтық съезге Қазақстаннан барған делегацияның құрамында үш әйел азаматы болған екен. Осы съезге Т.Нәкібаевамен бірге барған делегация құрамынан санаулы ғана топ сталиндік қуғындаудан тірі қалған.

Торғын Нәкібаева осы жұттан аман шығып, одан кейін де қазақтың басына түскен қайғыны қолынан келгенше жеңілдетуге тырысады. 1952 жылдан бастап он бес жылға жуық мерзім Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болады. Нәзікжанды саясаткердің еңбегін толық айқындау үшін тарихи құжаттар мен архивтерді ақтару қажет-ақ. Дегенмен ел аузынан алынған оқиғалар да аз емес. Мәселен, Алаш арыстары қуғындауға ұшыраған уақытта Торғын апамыздың олардың туыстарына қол ұшын бергендігі анық. 1938 жылы наурыз айында жалған саяси айыппен атылып кеткен Ораз Жандосовтың туған-туыстарына, бала-шағасына да үлкен қауіп төнеді. Өзі енді ғана түрмеден босап шыққан Торғын О.Жандосовтың баласы кішкентай Санжарды үйіне алып келіп, пеш астындағы ұраға жасырып бағады.

Т.Нәкібаеваның замандастары мен ауылдастары кейіннен оның «киелі пешін» сөз етіп отырады екен. Соғыс жылдары егістік алқаптарындағы астықтың барлығы Ресейге жіберіліп отырғаны белгілі. Ауыл адамының масақ жинауға құқы жоқ еді. Осы жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып отырған Т.Нәкібаева әр жыл сайын үйінің пешінің астынан қазылған ұраға төрт-бес қап бидай жасыртқызады екен. Сосын сол бидайды ауылдың ең кедей деген, жағдайы мүшкіл үйлеріне тараттырады. Оның өзінде өз қолымен емес, шағын қапшыққа бір кеседен ғана бидай салып түннің бір уақытында сол мұқтаж жандардың есігінің алдына қойғызып шығады. Бұл дерек бойынша НКВД адамдарына талай хабар да жеткізілген. Алайда сансыз тексерулер мен тінту шараларының ешбірі оның үйінің пешінің астындағы ұраны таба алмайды. Ораз Жандосовтың бел баласы Санжар Жандосовты да сол ұраға салып баққан екен. Әрине, бұл Т. Нәкібаеваның ауылдастарына ғана жасаған жақсылығының бір бөлігі ғана. Елдік деңгейдегі істерде өз еңбегінің жемісін жей алмай отырған қазақтың сөзін сөйлеп, басын қатерге тіккен әйел-саясаткердің өмірі толыққанды зерттеуді қажет етеді.

Т.Нәкібаеваның саяси өмірінен бейхабар болса да, өмірлік тұлғалығын еске алып отыратын немересі Гүлбану Нәкібаева арқылы біраз мәліметтер жинаған едік. Әжесінің еркесі болып өскен ол Т.Нәкібаева туралы қолындағы азды-көпті мәліметтерді әлі сақтап келе жатқанын айтады.

 Гүлбану Нәкібаева, Т.Нәкібаеваның немересі:

– Әжеміз тірі болса, бүгінде 100 жасқа келер еді. Ол өте сұлу, сауатты, көреген, қатал, соған қарамастан, аса мейірімді, адамгершілігі мол, айтқан сөзі атылған оқпен тең болатын адам еді. Кез келген жерде кез келген адамды мысы басып тұратын еді. Ауыл адамдарын былай қойғанда, ресми адамдардың өзі одан қаймығатын. Бір есімде қалғаны, біздің үйге ешбір адам атпен келіп көрген емес. Кім келсе де, төрт-бес үйден қашық жерге түсіп, аттарын байлап, жаяу келетін. Тіпті ресми адамдар, шенеунік орыстар да қаймығатын. Әжемнің Сталинге көзқарасын мына оқиғадан білемін. Ол кезде барлық жерде Сталин туралы айтатын. Сосын мен әжемнен «Әже, Сталин қандай адам?» деп сұрағанымда ол «Е-е, талай адам сол кісінің арқасында бақилық болды. Қайдағы жоқ сұрақты қоясың, одан да сабағыңа дайындал, ертең мектепке барамын», – дейтін. Сабағыңды тексеремін деген сөзден қатты қорыққандықтан кетіп қаламын. Әжемнің мектепке барғанынан мен түгіл, мектеп мұғалімдерінің өзі қорқатын. Класс жетекші апай менен «жиналысқа әжең келе ме, әлде папаң келе ме» деп сұрап алатын. «Әжем келеді» деп жауап берсем, сабаққа ерекше дайындалады, үстіндегі кимін, шашын түзеп, айнаға қарайтын. Себебі әжем өте сауатты адам еді.]

  

«Алаш айнасының» мұрағатынан



Ұқсас тақырыптар